|
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі міндетін атқарушының 2023 жылғы 17 тамыздағы № 421 бұйрығымен бекітілген
|
Педагогикалық білім беруді аккредиттеудің стандарты
1-тарау. Жалпы ережелер
- Педагогикалық білім беруді аккредиттеудің стандарты (бұдан әрі – ПББАС) педагогтің білім сапасына, сапаны қамтамасыз етудің ішкі және сыртқы жүйелерін қалыптастыру мен жұмыс істеуіне белгіленген нормалар мен талаптардың жиынтығы болып табылады.
- ПББАС Қазақстан Республикасы жоғары және жоғары оқу орыннан кейінгі білім жүйесін және педагогтерді даярлауды жүзеге асыратын әрбір жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) білім сапасын арттыруға бағытталған.
- Педагогикалық білім жаңа ұрпаққа білімді жеткізетін, олардың кәсіби қасиеттеріне жоғары талаптар қоятын, олардың бойына пайдалы қасиеттерді тәрбиелейтін және сіңіретін педагогтер дайындауға бағытталған. Педагог мамандығының қоғамдағы маңызды рөлі педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларындағы білім сапасын түлектерден күтілетін дағдылар мен құзыреттер тұрғысынан міндетті түрде бағалауды қажет етеді.
- ПББАС-тың негізгі мақсаты – барлық мүдделі тараптар арасында педагогикалық білім беру сапасын қамтамасыз ету бойынша ортақ түсіністік пен ортақ тәсілдерді қалыптастыру.
- ПББАС педагогикалық білім беру бағдарламаларының әртүрлілігін ескереді, икемді болуға және ЖЖОКБҰ-ға оқу-тәрбие процесін жүзеге асырудағы, кадрларды іріктеу мен орналастырудағы, ғылыми, қаржы-шаруашылық және өзге де қызметтегі дербестікті Қазақстан Республикасының заңнамасы аясында және академиялық еркіндікті шектемей педагогикалық білім беру сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
- ПББАС білім мен инновацияның берік іргетасына негізделген еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша білім беру мақсаттарына сәйкес педагогикалық білімнің сапасын қамтамасыз етудің негізі болып табылады және жоғары сапалы білім беру іс-шараларын жүргізу үшін тиісті жағдайлар жасау және педагогикалық білімнің сапасын қамтамасыз ету бойынша барлық мүдделі тараптардың іс-әрекеттерін біріктіру үшін бағдар ретінде қызмет етеді.
- ПББАС–ты жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесіне енгізу педагогикалық білімнің сапасын қамтамасыз ету жүйесінің нақты мақсаттары мен нәтижелері бойынша консенсусқа қол жеткізілгенін растайды.
8.ПББАС үш бөліктен тұрады:
1) педагогикалық білімнің сапасын ішкі қамтамасыз ету стандарттары;
2) педагогикалық білімнің сапасын сыртқы қамтамасыз ету стандарттары;
3) педагогикалық білімді аккредиттейтін агенттіктер үшін сапаны қамтамасыз ету стандарттары.
- ПББАС-та мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) білім беру ұйымдарын аккредиттеу - білім беру қызметтерінің сапасы туралы объективті ақпарат беру және оны арттырудың тиімді тетіктерінің болуын растау мақсатында аккредиттеу органының білім беру қызметтерінің белгіленген аккредиттеу стандарттарына сәйкестігін тану рәсімі;
2) институционалдық субъектілер - кең мағынада түсінілетін білім беру қызметінің барлық негізгі субъектілері-білім алушылар (тәрбиеленушілер), педагог қызметкерлер, білім беру мекемелері, білім беруді басқару органдары, білім беру саласына қатысты мәселелер бойынша норма жасау және құқық қолдану субъектілері;
3) мүдделі тараптар - білім алушылар мен қызметкерлерді қоса алғанда, ЖЖОКБҰ-дағы процестерге қатысушылар, сондай-ақ ЖЖОКБҰ-ның жұмыс берушілері мен әріптестері сияқты сыртқы мүдделі тараптар;
4) педагогикалық білім беру - педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларын іске асыратын типтері мен түрлеріне қарамастан білім беру ұйымдарының, білім берудің барлық деңгейлері бойынша олардың сабақтастығын қамтамасыз ететін білім беру бағдарламалары жиынтығының өзара іс-қимылы негізінде педагог кадрларды даярлау жүйесі және оларды басқару;
5) педагогикалық білім беруді аккредиттеу - білім беру ұйымының мәртебесіне, ұйымдық-құқықтық нысанына, ведомстволық бағыныстылығына және меншік нысанына қарамастан педагогикалық ЖЖОКБҰ-ны институционалдық аккредиттеу және (немесе) педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларын мамандандырылған аккредиттеу рәсімі;
6) сапа мәдениеті - құндылықтардың, нормалардың, мінез-құлық ережелерінің жиынтығы, ол арқылы ЖЖОКБҰ білім берудің білім беру процесіне (оның кірісі мен ресурстарына) және барлық негізгі мүдделі тараптардың нәтижесіне қойылатын талаптарға сәйкестігінің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді;
7) сертификатталған сарапшы - аккредиттеу процесіне қатысу үшін сертификатқа ие, ЖЖОКБҰ-да жұмыс тәжірибесі бар академиялық қоғамдастық сарапшысы;
8) тәуелсіз сыртқы сарапшылар - педагогикалық бейіндегі кемінде 5 жыл оқытушылық жұмыс өтілі бар ғылыми-педагогикалық қызметкерлерден, педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламасында білім алушыдан (олардың), сондай-ақ кемінде 5 жыл практикалық тәжірибесі бар білім беру ұйымдарының, оқу-әдістемелік қызметтердің өкілдерінен тұратын сарапшылар тобы;
9) ұйымдастырушылық мәдениет - ЖЖОКБҰ мүшелерінің абсолютті көпшілігімен бөлісетін нормалар мен құндылықтар, сондай-ақ олардың сыртқы көріністері (ұйымдастырушылық мінез-құлық).
2-тарау. Қолдану саласы
- ПББАС Қазақстан Республикасында сапаны қамтамасыз етудің келісілген және қабылданған тәжірибесін белгілейді. Сондықтан оны міндетті түрде барлық мүдделі тараптар ескереді және қадағалайды:
1) педагогикалық кадрлар даярлауды жүзеше асыратын ЖЖОКБҰ;
2) Қазақстан Республикасының аумағында педагогикалық білімді аккредиттейтін сапаны қамтамасыз ету агенттіктері.
- ПББАС:
1) аккредиттеу органдары аккредиттеу рәсімдерін жүргізу кезінде:
педагогикалық ЖЖОКБҰ институционалдық аккредиттеуді;
ЖЖОКБҰ мәртебесіне, ұйымдық-құқықтық нысанына, ведомстволық бағыныстылығына және меншік нысанына қарамастан педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларын мамандандырылған аккредиттеуді;
2) ЖЖОКБҰ сапаны қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ішкі бағалау және ішкі нормативтік құжаттаманы әзірлеу рәсімін жүргізу кезінде;
3) ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган:
ЖЖОКБҰ қызметін білім беру саласындағы заңнамаға сәйкестігін тексеруді;
белгіленген талаптарға сәйкестігіне аккредиттеу агенттіктерінің қызметін бағалауды жүргізген кезде қолданылады.
3-тарау. Педагогикалық білім беруді аккредиттеудің мақсаттары, міндеттері және қағидалары
- Педагогикалық білім беруді аккредиттеудің негізгі мақсаттары педагогикалық білім беру сапасын тәуелсіз бағалау және педагогикалық білім беру сапасының жай-күйі туралы ақпарат беру (қалыптастыру) болып табылады.
- Педагогикалық білім беруді аккредиттеу міндеттері:
1) педагогикалық кадрларды даярлау сапасын бағалауды жүргізу;
2) педагогикалық білім берудің сапасын арттыруға жәрдемдесу;
3) педагогикалық білім берудің сапасын қамтамасыз ету тетіктерін енгізу;
4) педагогикалық білім беру сапасының үздіксіз мониторингін жүзеге асыру;
5) білім беру процесіне қатысушылардың білім сапасы туралы құндылықтары мен сенімдері жүйесі болып табылатын және оны үздіксіз жетілдіруге бағытталған ЖЖОКБҰ сапа мәдениетін қалыптастыру және насихаттау.
- Педагогикалық білім беруді аккредиттеу мынадай қағидаттар негізінде жүзеге асырылады:
1) құзыреттілік;
2) тәуелсіздік;
3) бейтараптық;
4) объективтілік;
5) еріктілік;
6) ашықтық.
- Педагогикалық білім берудің сапасын қамтамасыз ету процестері оны үздіксіз жетілдіруге бағытталған.
4-тарау. Педагогикалық білім берудің құндылықтары
- Педагогикалық білім берудің құндылықтары оқытудың мақсаттары мен педагогикалық білім берудің мазмұнын анықтауда бағдар ретінде әрекет етеді.
Педагогикалық білім берудің құндылықтары білім беру жүйесі мен жалпы қоғам үшін білікті де құзыретті кадрларды даярлаудың жетекші факторы болып табылады.
- Ұлттық деңгейде ілгерілетілетін және қолдау көрсетілетін педагогикалық білім берудің басым құндылықтары:
1) педагогикалық қызметтегі академиялық еркіндік;
2) жеке тұлғаны оқыту мен тәрбиелеу арқылы ұлттық дамуға жәрдемдесу;
3) сапалы оқу, оқыту және педагогикалық зерттеу;
4) педагогикалық білім берудегі және зерттеудегі инновациялар;
5) педагогикалық білім берудің инклюзивтілігі;
6) педагогтің мамандығына адалдығы мен жауапкершілігі;
7) педагог мәртебесінің жоғары болуы болып табылады.
- Педагогикалық білім беру және оның институционалдық субъектілері сапа мәдениетіне негізделген барлық мүдделі тараптарды қамтитын ашық жаһандық экожүйе болып табылады.
- Сапа мәдениеті барлық мүдделі тараптарға ортақ болатын ұйымдық мәдениеттің бөлігі болып табылады.
5-тарау. Педагогикалық білім берудің сапасын ішкі
қамтамасыз ету жүйесі
- Педагогикалық бағытта білім беру бағдарламаларын іске асыратын ЖЖОКБҰ нормаларды ескере отырып, осы ПББАС, Еуропалық жоғары білім кеңістігінде (ESG) жоғары білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі стандарттар мен нұсқаулықтарға, білім беру саласындағы қолданыстағы заңнаманың және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің м.а. 2022 жылғы 15 желтоқсандағы №500 бұйрығымен бекітілген «Педагог» кәсіби стандартына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 31149 болып тіркелген) (бұдан әрі – «Педагог» кәсіби стандарты), аккредиттеу органының стандарттарына, сондай-ақ педагогикалық ғылымдар, педагогикалық білім беру жүйесіндегі ресми зерттеулердің нәтижелері мен ұсыныстарына сәйкес сапаны қамтамасыз етудің ішкі жүйесін құрады.
- Педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымының сапаны ішкі қамтамасыз ету жүйесі дербес болуы мүмкін немесе сапаны ішкі қамтамасыз етудің жалпы стандарттарының бөлігі болып табылатын стандарттарды қамтиды.
1-параграф. Педагогикалық білім берудің сапасын қамтамасыз ету саласындағы саясат
- Педагогикалық білім беру сапасын қамтамасыз ету саласындағы саясат ЖЖОКБҰ даму стратегиясының бөлігі болып табылады және жалпыға ортақ жариялануы тиіс.
Сапаны қамтамасыз ету саясатын сыртқы мүдделі тараптарды тарта отырып, ЖЖОКБҰ барлық ішкі құрылымдық бөлімшелер әзірлейді және жүзеге асырады.
- Педагогикалық білім беру сапасын қамтамасыз ету саясаты өз мамандығына адал және педагог жоғары мәртебесіне сәйкес келетін мамандарды дайындау сапасына барлық ішкі мүдделі тараптар жауапкершілік алатын сапа мәдениетін дамытуды қолдайды.
- Педагогикалық білім берудегі сапаны қамтамасыз ету саясаты ұлттық контексте білім алу, оқыту, зерттеу және студенттердің әлеуметтік дамуы мен сапаны қамтамасыз ету жүйесін, академиялық құндылықтарды, адалдық пен еркіндікті, кемсітушілік пен сыбайлас жемқорлықты қорғауды қолдайтын институционалдық ерекшеліктер арасындағы байланысқа қол жеткізуге бағытталуы керек.
2-параграф. Педагогикалық білім берудегі білім беру
бағдарламаларын әзірлеу және бекіту
- Педагогикалық бағыттағы бағдарламаларды іске асыратын ЖЖОКБҰ-да білім алушылар қажеттіліктерінің әртүрлілігі, мектепке дейінгі, негізгі және жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының, инклюзивтілік және мәдениетаралық орта контекстінде білім беру бағдарламаларын әзірлеу және бекіту рәсімдері болуға тиіс.
- Педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларын әзірлеу әртүрлі деңгейдегі білім беру ұйымдарының педагогтерін, білім алушыларды және өзге де мүдделі тұлғаларды тарта отырып, «Педагог» кәсіби стандарты негізінде жүзеге асырылуы тиіс.
- Педагогикалық білім беру бағдарламаларының оқыту нәтижелері педагогтің кәсіби функцияларына бағытталуы және әлеуметтік, интеллектуалдық және көшбасшылық қабілеттерін, эмпатиясын, академиялық құзыреттілігін, оның ішінде оқыту мен бағалау әдістерін, оқыту мен тәрбиелеудің әдістері мен технологияларын дамыту арқылы педагогтің тұлғасын қалыптастыруға бағытталуы керек.
- Педагогикалық бағыттың білім беру бағдарламасы оқу процесін жоспарлау мен басқаруға негізделген оқытудың нәтижелеріне бағытталуы керек.
Педагогикалық бағыттың білім беру бағдарламасы оқудың бүкіл кезеңінде үздіксіз педагогикалық практиканы қамтиды және педагогикалық практиканың мазмұнын бірлесіп әзірлеу, талқылау және бағалау және дуальды оқытуды ұйымдастыру үшін білім беру ұйымдарымен интеграцияны және тығыз өзара іс-қимылды қамтамасыз етуі тиіс.
- Бағдарламаны игеру нәтижелері және берілетін дәреже/біліктілік Ұлттық біліктілік шеңберінің тиісті деңгейімен айқындалады.
3-параграф. Педагогикалық білім берудегі студентке бағытталған
білім беру, оқыту және үлгерімді бағалау
- Педагогикалық бағыттағы бағдарламаларды іске асыратын ЖЖОКБҰ білім алушыларды болашақ педагогтер ретінде кәсіби іскерліктер мен кәсіби қызмет тәжірибесін алуға ынталандыруы тиіс.
Педагогикалық бағыттағы бағдарламаларды іске асыратын ЖЖОКБҰ білім алушыларды болашақ педагогтар ретінде кәсіби іскерліктер мен кәсіби қызмет тәжірибесін алуға ынталандыруы тиіс
- Білім алушылар білім беру бағдарламаларын әзірлеуге, жеке оқыту траекториясын қалыптастыруға, педагогикалық білім беру сапасын қамтамасыз ету жүйесіне қатысуы, алқалы басқару органдарына және студенттердің өзін-өзі басқаруына қатысуы керек.
- Педагогикалық білім беру бағдарламаларында білім алушылардың белсенді ұстанымын қамтамасыз ететін және кәсіптік бағдарланған әртүрлі педагогикалық формалар, әдістер мен оқыту технологиялары қолданылуы керек.
- Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау оқытудың қол жеткізілген нәтижелерін объективті түрде көрсетуі тиіс. Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалауды жүзеге асыратын оқытушылар құрамы қолданбалы және пәнаралық құзыреттерді бағалауды қоса алғанда, оқыту нәтижелерін бағалаудың заманауи әдістерін меңгеруі және үнемі біліктілігін арттыруы тиіс.
- Білім беру процесі оқытудың әртүрлі әдістерін пайдалану және оқыту нәтижелерін бағалау бойынша кері байланыс жүйесінің болуын, сондай-ақ оқытушы тарапынан бір мезгілде басшылық ету және көмек көрсету кезінде білім алушылардың академиялық еркіндігін қолдауды көрсетуі тиіс.
4-параграф. Оқуға қабылдау, үлгерім, педагогикалық білім беруді
тану және сертификаттау
- Педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларын жүзеге асыратын ЖЖОКБҰ педагог даярлау бағдарламаларына оқуға түсетін педагогикалық бағыт алған және дарынды талапкерлерді арттыруға ерекше көңіл бөлуі керек. Ол үшін мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, орта, техникалық кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдармен әріптестік орнату қажет.
- Педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларын іске асыратын ЖЖОКБҰ білім беру жүйесінің қажеттіліктеріне, оның ішінде педагогикалық кадрлардың тапшылығын анықтауға, тұрақты талдау мен маркетингтік зерттеулер жүргізуге, және педагогтерді олардың ерекшеліктерін ескере отырып, білім беру мекемелерімен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауға (дарынды балалармен жұмыс, ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс, оқыту тілі, ұйымдардың бейіні бойынша) тиіс.
- Педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларын іске асыратын ЖЖОКБҰ оқуға қабылдауды мазмұны педагогикалық қызметке айқын мотивациясы мен айқын бейімділігі бар тұлғаларды таңдауға бағытталған арнайы және (немесе) шығармашылық сынақтар негізінде жүзеге асыруға тиіс.
- Педагогикалық бағытта білім беру бағдарламаларын іске асыратын ЖЖОКБҰ білім алушылардың үлгерімінің ілгерілеуіне және академиялық ұтқырлығын дамытуға жәрдемдесудің ажырамас құрамдас бөлігі болып табылатын формальды және формальды емес оқытуды қоса алғанда, алдыңғы білімнің оқыту нәтижелерін объективті тануды қамтамасыз етуі тиіс.
- Педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларын іске асыратын ЖЖОКБҰ жоғары курс білім алушыларының сапаны қамтамасыз ету құралы ретінде кәсіби сертификаттауға дайындығын қамтамасыз етуі тиіс.
5-параграф. Оқытушылық құрам
- Педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларын іске асыратын ЖЖОКБҰ педагогтерді даярлауға кәсіби оқытушылар құрамын, педагог-практиктерді тартуы және жас оқытушылардың мансаптық өсуіне жағдай жасауы тиіс.
- Педагогикалық ұжым озық отандық және шетелдік тәжірибе негізінде біліктілікті арттырудың әртүрлі нысандары мен түрлері арқылы әдістемелік және пәндік құзыреттілігін үнемі дамытып отыруы қажет.
Жеке деңгейде оқытушылар өздерінің кәсіби көрсеткіштері туралы үнемі кері байланыс алуы керек, бұл оның жақсаруына ықпал етеді.
- Оқытушылар өздерінің күнделікті тәжірибесіне қолданбалы және пәнаралық құзыреттіліктерді өлшеуге мүмкіндік беретін жаңа технологиялар мен бағалау әдістерін кіріктіре алуы керек.
- Педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларын іске асыратын ЖЖОКБҰ білім беру процесінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды кеңінен қолдану, сапа мәдениетін насихаттауда, академиялық ұтқырлықты арттыруға әрбір оқытушының қатысуын көрсетуі тиіс.
6-параграф. Педагогикалық білім берудегі оқыту ресурстары және
білім алушыларды қолдау жүйесі
- Педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларын іске асыратын ЖЖОКБҰ-да Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 17 маусымдағы №391 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11716 болып тіркелген) бекітілген Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарына, «Педагог» кәсіби стандартына және даму стратегиясына сәйкес педагог кадрларды даярлау үшін қажетті қызмет бейініне сәйкес келетін қаржылық және әкімшілік ресурстар, оқытушылар құрамы, инфрақұрылым (ғимараттар, жабдықтар, шығыс материалдары және басқа ресурстар) болуы тиіс.
- Педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларын іске асыратын ЖЖОКБҰ барлық мүдделі тұлғалар үшін академиялық күнтізбенің, оқу пәндері каталогтарының, силлабустардың, бағалау саясатының, кітапханалық және ақпараттық ресурстардың өзектілігін, ашықтығын, нақтылығын және қолжетімділігін қамтамасыз етуі тиіс.
- Педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларын іске асыратын ЖЖОКБҰ материалдық-техникалық базаның жаңаруын, заманауи ғылыми және оқу жабдықтарын алуды қамтамасыз етуі тиіс.
- Педагогикалық бағытта білім беру бағдарламаларын іске асыратын ЖЖОКБҰ білім алушыларға қажетті ресурстарға қолжетімділікті қамтамасыз етуі тиіс.
ЖЖОКБҰ-да мансаптық және консультациялық сүйемелдеуді қамтитын білім алушылар мен түлектерді қолдау бағдарламасы болуы тиіс.
7-параграф. Ақпаратты басқару
- Педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларын іске асыратын ЖЖОКБҰ тиімді жұмыс істеу және процестерді жақсарту үшін тиісті ақпаратты жинауды, талдауды және пайдалануды қамтамасыз етуі керек. Студенттер мен қызметкерлер ақпаратты жинауға және талдауға және түзету әрекеттерін жоспарлауға қатысуы тиіс.
8-параграф. Қоғамды ақпараттандыру
- Педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларын іске асыратын Педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларын іске асыратын ЖЖОКБҰ ұйымның ресми сайтында іске асырылатын білім беру бағдарламалары туралы мәліметтерді қоса алғанда, өз қызметі туралы ақпаратты орналастыруға тиіс. Барлық ақпарат анық, дәл, объективті, өзекті және қол жетімді болуы керек.
9-параграф. Педагогикалық білім беру бағдарламаларын тұрақты мониторингтеу және мерзімді бағалау
- Педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларын іске асыратын ЖЖОКБҰ олардың белгіленген мақсаттарға қол жеткізуін және білім алушылар мен қоғамның қажеттіліктеріне сәйкестігін қамтамасыз ету үшін іске асырылатын білім беру бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, жаңартып отыруға тиіс.
Бағдарлама мониторингі мен бағалау нәтижелері академиялық қауымдастықпен талқыланып, олардың мазмұнын жаңарту үшін пайдаланылуы тиіс.
- Барлық мүдделі тараптар осы бағдарламаларға қатысты жоспарланған немесе қабылданған әрекеттер туралы хабардар болуы керек.
10-параграф. Мерзімді сыртқы сапаны қамтамасыз ету
- Педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларын іске асыратын ЖЖОКБҰ сапаны қамтамасыз етудің сыртқы рәсімдерінен, оның ішінде ПББАС-қа сәйкестіктен өтуі керек.
6-тарау. Педагогикалық білім беру сапасын сыртқы қамтамасыз
ету жүйесі
11-параграф. Педагогикалық білім беру сапасын ішкі қамтамасыз
ету деректерінің есебі
- Педагогикалық білім беру сапасын сыртқы қамтамасыз ету процедуралары ішкі сапаны қамтамасыз ету процестерінің тиімділігіне бағытталуы керек.
- Педагогикалық білім беру сапасын қамтамасыз ету ЖЖОКБҰ-ның іске асырылатын білім беру бағдарламаларының, білім беру ортасы мен білім беру процесінің сапасы үшін жауапкершілігін көздейді.
- Аккредиттеу органы педагогикалық білім беру сапасын ішкі және сыртқы қамтамасыз ету жүйелері арасындағы байланысты сақтайды.
Сапаны ішкі және сыртқы қамтамасыз ету жүйелерінің өзара іс-қимылы аккредиттеу органының ЖЖОКБҰ-да сапаны ішкі қамтамасыз ету саясаты мен стандарттарының болуы мен жұмыс істеу тиімділігін бағалауына негізделеді.
12-параграф. Қойылған мақсаттарға жауап беретін әдістемені әзірлеу
- Педагогикалық білім беру сапасын сыртқы қамтамасыз етудің барлық рәсімдері белгіленген мақсаттар мен міндеттерге қатаң сәйкестікте және тиісті құқықтық құжаттар негізінде анықталып, әзірленуі тиіс.
- Аккредиттеу органы барлық мүдделі тараптармен мақсаттарды келісу арқылы педагогикалық білім беру сапасын сырттай қамтамасыз ету рәсімдерінің тиімділігі мен объективтілігін қамтамасыз етуге тиіс.
- Педагогикалық білім беру сапасын сыртқы қамтамасыз ету процестерінің мақсаттары, міндеттері мен іске асырылуы:
1) білім беру ұйымы үшін еңбек шығындарының деңгейін және олардың құнын ескеру;
2) сапаны арттыруда ЖЖОКБҰ-ны қолдау қажеттілігін ескеру;
3) ЖЖОКБҰ үшін сапаның жоғарылауын көрсету мүмкіндіктерін көздеу;
4) нәтижелер туралы, сондай-ақ қабылданған шаралар туралы нақты ақпарат беруді қамтамасыз ету.
13-параграф. Процесті іске асыру
- Педагогикалық білім беру сапасын сыртқы бағалау рәсімдері сенімді, пайдалы, алдын ала белгіленген, дәйекті түрде қолданылуы керек және олардың нәтижелері жариялануы тиіс. Мұндай рәсімдер мыналарды қамтуы керек:
1) өзін-өзі бағалау немесе ұқсас процедура;
2) сыртқы бағалау, сарапшылар тобының ЖЖОКБҰ баруы;
3) сыртқы бағалау нәтижелері туралы есеп;
4) ұсыныстарды жүйелі орындау.
- Аккредиттеу органы педагогикалық білім беру сапасын қамтамасыз етудің сыртқы рәсімдерін іске асырудың кәсібилігін, жүйелілігі мен ашықтығын, олардың қабылдануы мен тиімділігін қамтамасыз етуі тиіс.
- Педагогикалық білім беру сапасын сыртқы қамтамасыз ету рәсімдерінің негізі растаушы құжаттаманы қоса алғанда, өзін-өзі бағалау есебі болып табылады.
- Жазбаша құжаттама ЖЖОКБҰ бару кезінде мүдделі тұлғалармен кездесулер мен әңгімелермен толықтырылады. Бағалау нәтижелері сарапшы топ құрастырған есеп түрінде қорытындыланады.
- Педагогикалық білім берудің сыртқы сапаны қамтамасыз ету процестері есепті жариялаумен аяқталмайды. Сарапшылардың қорытындысы ЖЖОКБҰ тарапынан одан әрі іс-әрекетке арналған нұсқаулық болып табылады.
- Аккредиттеу органы сыртқы бағалау аяқталғаннан кейін ЖЖОКБҰ қабылдайтын нақты қадамдарды қамтамасыз ететін кейінгі процестерді әзірлеуі керек.
14-параграф. Жұмысқа тартылатын сарапшылар
- Педагогикалық білім беру сапасын сыртқы қамтамасыз етуді кемінде 5 жыл педагогикалық өтілі бар, педагогикалық бейіндегі ғылыми-педагогикалық қызметкерлерден тұратын тәуелсіз сыртқы сарапшылар тобы, педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламасы бойынша білім алушылар, сондай-ақ практикалық тәжірибесі кемінде 5 жыл болған білім беру ұйымдарының, оқу-әдістемелік қызметтердің өкілдері жүзеге асыруы тиіс. Топтың барлық мүшелерінің жалпы педагогикалық және әдістемелік құзыреттіліктері жоғары болуы керек.
- Аккредиттеу органы:
1) қойылған міндеттерді орындау үшін сарапшылардың тиісті дағдылары мен құзыреттерін қалыптастыру және мұқият іріктеу арқылы олардың жұмысының маңыздылығы мен сабақтастығын қамтамасыз етуі;
2) сарапшылардың тәуелсіздігін және мүдделер қақтығысының болмауын қамтамасыз етуі;
3) сапаны сыртқы қамтамасыз етуді қосымша өлшеу мүмкіндігі үшін халықаралық сарапшыларды тартуы тиіс.
15-параграф. Нәтиже өлшемшарттары
- Педагогикалық білім беру сапасын сырттай бағалаудың нәтижесі болып табылатын барлық нәтижелер немесе пайымдаулар рәсімі ресми шешім қабылдаумен аяқталатынына қарамастан, дәйекті түрде қолданылатын нақты тұжырымдалған және жарияланған өлшемшарттарға негізделуі тиіс.
- Шешімдер, мақұлдаулар немесе ұсыныстар сияқты ресми нәтижелер сыртқы бағалаудан өтетін ЖЖОКБҰ мен бағдарламаларына айтарлықтай әсер етеді.
- Аккредиттеу органы келісілген және дәйекті қолданылатын өлшемшарттарды жариялау арқылы сыртқы бағалау рәсімдері нәтижелерінің әділдігі мен дұрыстығын сақтауды қамтамасыз етуі тиіс.
- Аккредиттеу органы сыртқы бағалау рәсімдерінің нәтижесінде ресми шешімдерді, соның ішінде ұсыныстарды және қажет болған жағдайда жетілдіру бағыттары бойынша ұсыныстарды қолдануы керек.
16-параграф. Есептілік
- Сарапшылардың есебі академиялық қауымдастыққа, сыртқы әріптестерге және басқа да мүдделі тұлғаларға ашық түрде жариялануы керек.
- Аккредиттеу органы ЖЖОКБҰ сапасын қамтамасыз етудің ішкі жүйесімен танысу үшін өзін-өзі бағалау жөніндегі есеп бойынша сарапшылардың қорытындысын қолдануы тиіс.
- Аккредиттеу органы сыртқы аудит нәтижелері бойынша шаралар қабылдау үшін негіз ретінде сапаны сыртқы бағалау бойынша сарапшылардың есебін қабылдауы керек;
- Аккредиттеу органы есепті одан әрі қолдану мақсатында пайдалану үшін оның анық құрылымды болуын, түсінікті тілде жазылуын және мыналарды қамтуы қажет:
1) контексті сипаттау;
2) тартылған сарапшыларды қоса алғанда, рәсімнің сипаттамасы;
3) талданатын мәліметтер, талдау тәртібі және оның нәтижелері;
4) қорытындылар;
5) білім беруді ұйымдастыруда қолданылатын тиімді тәжірибелердің мысалдары;
6) қажетті шаралар бойынша ұсыныстар.
17-параграф. Шағымдар мен апелляциялар
- Апелляциялар мен шағымдарды қарау рәсімдері нақты анықталған болуы және сыртқы сапаны қамтамасыз ету рәсімдерінің бір бөлігін құрауы тиіс.
- ЖЖОКБҰ құқықтарын қамтамасыз ету және объективті шешім қабылдау үшін сапаны сыртқы бағалау рәсімдері ашық және есепті болуы керек.
- Аккредиттеу органы ЖЖОКБҰ-ға апелляциямен жүгіну мүмкіндігін және объективті қарауды қамтамасыз етуі тиіс.
- Аккредиттеу органы келіспеушілікті немесе процеске немесе ресми нәтижелерге қанағаттанбаудың нақты анықталған және дәйекті қолданылатын рәсімдер арқылы кәсіби түрде шешілуін қамтамасыз етуі керек;
7-тарау. Педагогикалық білім беруді аккредиттейтін агенттіктердің сапаны қамтамасыз ету жүйесі
- Аккредиттеу органдары ЖЖОКБҰ-ны (институционалдық, мамандандырылған) сыртқы бағалау жөніндегі өз қызметін ПББАС-қа, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы аккредиттеу органына қойылатын талаптарға, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 1 қарашадағы № 629 бұйрығымен бекітілген Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы, оның ішінде шетелдік білім беру саласындағы аккредиттеу органдарын тану қағидаларына сәйкес (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14438 болып тіркелген) (бұдан әрі – №629 Қағидалар) және өзінің мақсаттары мен стратегиялық міндеттеріне қарай сапаны қамтамасыз ету саласындағы халықаралық ұсынымдар мен стандарттарды ескере отырып жүзеге асырады.
- Аккредиттеу органдарының қызметтін жүзеге асыруға заңды тіркеуі және оларды аккредиттеу жөніндегі орган ретінде ресми тануы оларды №629 Қағидаларға сәйкес ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның 1-тізіліміне енгізу жолымен жүзеге асырылады.
- Белгіленген тәртіппен тану және 1-тізілімге енгізу туралы өтінішті берген кезде аккредиттеу органдары автоматты түрде талаптарды сақтау және осы ПББАС өз қызметінде қолдану бойынша міндеттеме алады.
Аккредиттеу органдарының қызметі:
1) кейінгі рәсімдерді енгізуге және сапаны қамтамасыз ету жүйесін үздіксіз процесс ретінде қарастыруға бағытталуы қажет;
2) қоғамның, мемлекеттік органдардың, субъектілердің, тұтынушылардың қызығушылығын, сенімін және құрметін ояту мақсатында ашық және есепті болуы керек.
- Аккредиттеу органдары қоғамға және барлық мүдделі тараптарға шешімдерге сенуге болатынына кепілдік беруі керек және олардың беделі мен танымалдылығын арттыру үшін тек ЖЖОКБҰ мен академиялық қоғамдастық арасында ғана емес, жалпы қоғамда да шаралар қабылдауы тиіс.
Жариялылықты, ашықтықты, объективтілікті, жан-жақтылықты, есептілікті және жұртшылықты хабардар етуді қамтамасыз ету мақсатында аккредиттеу органдарының қызметіне олардың жұмысына қатысу үшін барлық мүдделі тұлғалар тартылады.
- Аккредиттеу органдары өз қызметін жүзеге асыру үшін қажетті адами және қаржылық ресурстарға ие.
- Аккредиттеу органдары білім беру сапасын қамтамасыз етуге және ЖЖОКБҰ сапа мәдениетін қамтамасыз етуге міндеттенеді және білім беру сапасын сырттай қамтамасыз ету бойынша тұрақты қызмет жүргізеді. Бұл үшін олардың миссиясының құрамдас бөлігі болып табылатын нақты және анық белгіленген мақсаттары мен міндеттері бар.
- Аккредиттеу органдары дербес болып табылады және дербес әзірленген өз стандарттары мен сапаны қамтамасыз ету рәсімдері негізінде дербес жұмыс істейді.
- Аккредиттеу органы аккредиттеуге өтініш берген білім беру ұйымының қызмет бейінін, білім беру бағдарламаларын, оның қызмет бейінін, білім беру бағдарламаларын, сондай-ақ оның саясаты мен рәсімдерін, құзыреттілігін және аккредиттеу мен шешім қабылдауға жарамды персоналдың болуын ескере отырып өз мүмкіндігін талдауы тиіс.
- Аккредиттеу органдары сыртқы бағалау рәсiмiне бiлiм берудiң тиiстi деңгейлерi саласындағы сертификатталған сарапшылар ғана тартылуын және олардың әдеп кодексiн сақтауын, сондай-ақ мүдделер қақтығысының болмауын және аккредиттелген ұйымның қызметіне қатысты ақпараттың құпиялылық қағидатын қамтамасыз етеді.
- Сапаны сыртқы қамтамасыз ету рәсімін жүргізу кезінде сапаны қамтамасыз етудің ішкі процестерінің тиімділігі және сапа мәдениетін қалыптастыру ескерілуі тиіс.
- ЖЖОКБҰ мүдделерін қорғау және әділ шешім қабылдау процесін қамтамасыз ету мақсатында аккредиттеу органдары сыртқы сапаны қамтамасыз ету рәсімін объективті, ашық және есепті түрде жүзеге асыруы тиіс.
- Шағымдар мен апелляциялық шаралар сапаны қамтамасыз етудің сыртқы саясатының бөлігі болуы керек және білім беру ұйымдарына қолжетімді болуы және хабарлануы тиіс.
- Аккредиттеу органдары педагогикалық білім беруді жетілдіру үшін арнайы стандарттарды немесе нұсқауларды әзірлеуі керек.
- Педагогикалық білім беруді аккредиттеу стандарттары немесе әдістемелік нұсқаулары «Педагог» кәсіптік стандартына, білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына, сондай-ақ білім алушылардың күтілетін оқу нәтижелеріне сәйкес келуі тиіс.
- Негізгі құрамдас бөліктерге бағдарламаны ұйымдастыру, академиялық мазмұн (оның ішінде пән мазмұны, педагогикалық зерттеулер, оқу семинары), оқыту, оқу және зерттеу (мысалы, оқыту әдістері, оқушыларды бағалау) және білім беру ұйымдары арасындағы әріптестік (мысалы, мектептермен) кіреді.
- Педагогикалық білім беруді аккредиттеу стандарттары білім алушыларды педагогтік кәсіпке дайындайтын білім беру бағдарламаларына бағытталуы тиіс. Әрбір оқу бағдарламасының жеке қабылдау талаптары, оқыту немесе оқу және бағалау стратегиялары және Ұлттық біліктілік шеңберінің талаптары болуы мүмкін. Бұл мұғалімнің кәсіби үміттерін қанағаттандыруды қамтамасыз етеді.
- Аккредиттеу нəтижелері педагогикалық білім беру сапасын қамтамасыз етудің ішкі стандарттарының жəне осы ПББАС-тың тиімділігін көрсетуі тиіс.
- Аккредиттеу органдары сапаны сыртқы қамтамасыз ету бойынша есептерді тұрақты түрде жариялайды, №629 Қағидаларға сәйкес ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның 1, 2 және 3-тізілімдеріне тиісті ақпаратты ұсынады.
Аккредиттеу органы жылына бір рет жүргізілген аккредиттеу рәсімдеріне, өзін-өзі бағалау жөніндегі есептерге мұқият талдау жүргізеді, оның нәтижелері бойынша институционалдық, ұлттық және халықаралық контексттерде сапаны қамтамасыз ету саясаты мен процестерін жетілдіру, бар проблемаларды анықтау үшін осы ақпаратты пайдалану мақсатында есептерді қалыптастырады және жариялайды.
Аккредиттеу органдары білім сапасын қамтамасыз ету жүйесін дамытуға қатысады және сапа мәдениетін дамыту мәселелері бойынша семинарлар, форумдар, шеберлік сыныптары және басқа да іс-шаралар өткізеді.