
Мемлекеттің ажырамас атрибутының бірі – ол мемлекеттік хаттама. Хаттама мемлекет пен халықтардың көп жылдық тәжірибесінің қорытындысын жинақтайтын, олардың арасындағы өзара ынтымақтастықтың тарихи санаттағы көрсеткіші ретінде қарастыруға лайық шара.
Мінсіз жүріс-тұрыстың ережелерін тұрақты қайталаудың нәтижесінде заманауи хаттаманың нормалары қалыптасты. Әрбір мемлекеттің қайталанбас ерекшеліктерін оның ішінде тарихи, мәдени, мемлекеттік құрылымдарды және рәсімдік дәстүрлерді бір арнаға тоғыстырған рәсімдік шара.
Әрбір халықтың өзінің ежелгі заманнан келе жатқан қоғамдық мәні бар маңызды актілерді жасау қағидалары мен салт-дәстүрлері бар. Мәселен, жаңа басқарушының таққа отыруы, басқарушы отбасының немесе әулеттің өміріндегі әртүрлі оқиғалар, діни, тарихи және табиғи мерекелер, құзырлы азаматтарды қабылдау, келісімшарттарды жасау және т.б. маңызы зор іс-шаралар.
Рәсімдік қамтамасыз ету тәжірибесі барлық әлемде қабылданған. Негізінде ол әскери құралымдармен және бөлімдермен жүзеге асырылады. Оған мемлекет басшыларына тәж кигізу және оларды ұлықтау, шетел делегациясын күтіп алу және шығарып салу, әскери парадтар, ерекше құрметтелетін ескерткіштер мен киелі орындардың жанында сақшыларды ауыстыру, қарауылды тарату кіреді. Көптеген елдерде әскерилердің қатысуымен рәсімдерді өткізу ежелгі заманнан бастап және ғасырлар бойы жүзеге асырылып келеді.
Мемлекеттік туды күзетуге іріктелген әскер алғашқы рет ХІІ ғасырда Италияда, кейін XV-XVII ғасырларда Францияда, Англияда, Пруссияда және Түркияда құрылды. Ресейде Бірінші Петрдің Преображенский және Семеновский әскери полктерінің лейб-гвардиясының құралғандығы тарих беттерінен анық. Арнайы әскери құрамалар Түрік қағанаты уақытында да болған. Біздің еліміздің осындай бөлімшелерінің тарихы қазақ мемлекетінің негізін құраушы Керей, Есім, Қасым мен Тәуке хандардың заманынан бастау алады. Арнайы іріктелініп алынған бозбалалар хандардың отбасылары мен иеліктерін күзететін, олардың көрші елдерге сапар шеккен кезінде оларға ілесіп жүретін өте батыл жауынгерлер болған.
Бүгінгі күннің үрдісімен қарағанда, құрмет қарауылы 1944 жылы КСРО-ның Дзержинский атындағы Ішкі істер халықтық комиссариатының ерекше мақсаттағы дивизиясының негізгі бөлімі ретінде құрылды және оның бірінші маңызды тапсырмасы Уинстон Черчильді күтіп алу болды.
1991 жылы тәуелсіздікке қол жеткізумен қатар Қазақстан Республикасы өзінің заманауи зайырлы мемлекет келбетін нығайта отырып, халықаралық байланыстарды белсенді түрде кеңейтті. Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің үлгісі бойынша 1992 жылғы наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Республикалық ұлан бригадасы құрылды, оның штатына құрмет қарауыл ротасы кірді, рота командирі болып капитан Г.А.Демченко тағайындалды.
Құрмет қарауыл ротасының негізгі міндеттері мемлекеттік деңгейде өтетін рәсімдік іс-шараларда сап түзеу, тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік атрибуттарын күзету болып табылды.
1992 жылғы мамырда рота мерзімді қызмет өткеру үшін Қазақстанның барлық облыстарынан шақырылған алғашқы әскерге шақырылушылармен жасақтала бастады. Осы әскери құрылымға "сайдың тасындай" сайыпқырандар ғана іріктелініп алынды. Дене бітімі мықты, күш-қайраты мол, төзімді, адал, батыл және психологиялық тұрғыдан әскери қызметке дайын бозбалаларға басымдылық берілді.
1992 жылғы тамызда Алматы қаласындағы ЦСКА стадионында Республикалық ұланды көрсету кезінде құрмет қарауыл ротасының әскери қызметшілері Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевқа салтанатты марш арқылы өз біліктіліктерін паш етті. Сымдай тартылған сарбаздардың әр қимылы үлкен еңбекті қажет ететіндігі аян. Тіпті, сол тарихи кезде құрмет қарауыл ротасы әскери қызметшілерінің көптеген айлар бойғы дайындықтың нәтижесінде қалыптасқан нақышты адымның ерекше түрі пайда болды.
1993 жылғы 22 ақпанда Құрмет қарауыл ротасының әскери қызметшілері алғаш рет Алматы қаласындағы Президенттің Резиденциясында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасының эталондарын тәулік бойы күзетке қабылдады.
1993 жылғы 8 сәуірде Құрмет қарауыл ротасының әскери қызметшілері үшін тарихи күн болып табылды, алғашқы рет Алматы қаласында Түркия Президенті Тұрғыт Озалды күтіп алудың ресми салтанатын жоғары дәрежеде өткізді. Осы күннен бастап рәсімдік және протоколдық іс-шараларды қамтамасыз етудің жаңа дәуірі басталды.
1993 жылғы көктемде Құрмет қарауыл ротасының мерзімді қызметтегі әскери қызметшілері үшін киім нысаны әзірленді (бірінші дизайнер - Серік Сүлейменов), осы уақытқа дейін киім нысаны Кремль полкі офицерлерінің үлгісінің негізінде болды. Кейіннен офицерлер үшін айрықша-парадтық нысанын (ақ түсті китель) енгізу қарастырылды. Бұл құрмет қарауыл ротасының даңқты тарихындағы алғашқы қадамдары еді.
Ал болашақта белсенді оқу-жаттығулар саптық, тактикалық, атыс дайындығын меңгеру, моральдық-психологиялық шынығу күнделікті дәстүрлі үрдіске айналды. Әскери қызметшілер өздерінің міндеттеріне ерекше жауапкершілікпен қарап, әскери шеберлікті ұсақ-түйегіне дейін ұштады және мол тәжірибе жинады. Ал тәжірибе мен шеберлік күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, дәстүрлі рәсімдерді, сондай-ақ басқа да жауапты функцияларды орындаудағы басты фактор болып табылады. Президент тапсырмаларын, мәселен, мемлекеттік атрибуттарды күзету сияқты негізгі міндеттерді жоғары кәсіби деңгейде орындауға қажетті негізгі дағды.
1997 жылғы 27 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Республикалық ұланға Алматы қаласынан мемлекеттік рәміздердің эталондарын және штандарттарын жаңа астанаға алып келу туралы тапсырма берді. Құрмет қарауыл ротасының әскери қызметшілері осы тапсырманы да мінсіз орындады.
Бүгінгі күні біздің еліміз өсіп-өніп және дамып келеді, мемлекеттік мәні бар әрбір іс-шара Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің рәсімдік батальоны жеке құрамының қатысуымен өтеді. Олардың ішінде – ҚР Президентін ұлықтау, мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдауы, шетел делегациясын әуежайда күтіп алу және шығарып салу, Отан қорғаушылары және Тәуелсіздік монументтеріне гүл шоқтарын қою, 28 панфиловшылар паркіндегі Мәңгілік алаудағы естелік рәсімі, Қазақстан Республикасы Президентінің шетел және үкімет басшыларымен кездесуі және басқалар.
Құрмет қарауыл ротасы әскери қызметшілерінің қызмет өткеру жылдарындағы іс-шаралардың саны ондықтармен саналады. Олардың кәсіби шеберліктері шетел мемлекет өкілдерінің біздің ел туралы көзқарастарын қалыптастыруға ықпал ететіні сөзсіз.
Құрмет қарауыл ротасының әскери қызметшілері Қазақстан үшін маңызды мынадай оқиғаларға қатысты: ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ҰҚШҰ, ТМД Саммиттері, қысқы Азия ойындарының ашылу рәсімі және басқалар. Бұдан басқа құрмет қарауыл ротасы әскери қызметшілерінің тарихында мәртебелі қонақтарды күтіп алу рәсімі аз емес. Мәселен, Рим Папасы Иоан Павел II, барлық жақын және алыс: Қытай, Ресей, Франция, Германия, Чехия, Сербия, Египет, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікмен, Белоруссия, Украина және басқа да шетел мемлекеттерінің басшыларын күтіп алу.
Үздіксіз жаттығулардың нәтижесінде біртіндеп жиналып және ажарланып рәсімдік қағидалар мен нормалар мемлекеттік механизмнің ажырамас бөлігіне айналды.
Сонымен қатар, уақыт талабы бойынша жаңа қойылымдар әзірленіп және дәстүрдің терең тарихи сабақтастығын көрсетуге бағытталған әртүрлі әскери дәуірді біріктіретін жаңа дәстүрлер қабылданып жатыр.
Жаңа рәсімдер өздеріне аса жарқын және әскери дәстүрді, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің музыкалық сүйемелдеуінде қарумен саптық амалдарды көрсету арқылы әскери дәстүрдің тартымды элементтерін біріктіреді.
Аса маңызды және ерекше салтанатты элемент президенттік биліктің рәміздері мен атрибуттарын: Мемлекеттік Туды және Конституцияны, штандартты және Президент белгісін алып шығумен сипатталады. Рәсімнің бұл элементі тек Президентті ұлықтау күні арнайы өткізіледі.
Рәсімге қандай да болмасын элементті енгізуден бұрын ҚР Мемлекеттік күзет қызметі рәсімдік батальон офицерлері басқа елдердің, атап айтсақ Ресей мен Германияның тәжірибесін зерттеп, зерделейді. Офицерлер өздерінің шетелдік әріптестерімен ынтымақтастық және тәжірибе алмасу жөніндегі жұмысты белсенді жүргізеді, Ресей Федерациясының Президенттік полкінде тәжірибе алмасты. 1997 жылғы шілдеде Малазия королінің шақыруымен аталған елге барып, халықаралық деңгейде өнерлерін паш етті. Онда бір апта бойы құрмет қарауыл ротасы мен Президенттік оркестр өнерлерін көрсетіп тәжірибе жинақтады.
2006 жылдан бастап Мәскеу қаласында өтетін «Спасск мұнарасы» атты Халықаралық әскери-музыкалық фестивальге құрмет қарауыл ротасы мен Президенттік үрмелі аспаптар оркестрі жеке құрамының жыл сайын қатысуы дәстүрге айналғанын атап өту қажет. Мәскеуліктер мен Ресей астанасының қонақтары жыл сайын қазақстандық әскери қызметшілердің өнер көрсетуін асыға күтеді. Оларды айқын адым, үлгілі саптық дағды және де Қызметтің әскери қызметшілерінің таланты таң қалдырады. 2006 жылы құрмет қарауыл ротасының әскери қызметшілері Хабаровск қаласында өткен «Амур толқындары» атты Халықаралық әскери-музыкалық фестивальге де қатысты, онда ұйымдастырушылар мен көрермендер өздерінің шеберліктері мен кәсіпқойлықтарын көрсеткен әскери қызметшілерді фестивальдің үздік қатысушылары ретінде атап өтті.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің рәсімдік батальоны халықтың мақтанышы болып табылады. Әскери шеберліктері бойынша әлемнің өте дамыған мемлекеттерінің осындай әскери бөлімшелерінен кем түспейді.
Рәсімдік батальонның офицерлері сарбаздар мен сержанттарды үйретудің әдістерін ұдайы жетілдіріп, олардың практикалық машық-дағдыларын арттырып отырады. Ауа-райына қарамастан, жүргізілетін күн сайынғы еңбек, кесте бойынша сабақтар, командирлердің тынымсыз еңбектері барлығы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің басшылығы осындай бөлімшелерге, яғни рәсімдік батальонның алдына қоятын міндеттер мен талаптардың мінсіз орындалуына мүмкіндік береді.
Рәсімдік батальонның қалыптасуына және дамуына орасан зор үлес қосқан мына офицерлерді ерекше атап өткен жөн, полковниктер М.Т.Стамбеков, С.Е.Битенов, подполковниктер Б.О.Таңатаров, Н.Қ.Бейсембаев, А.Ж.Омарбеков, Е.О.Ғайса, К.С.Жұмағұлов, майор Қ.Т.Әзімбаев, Қ.Еспаев, капитан Х.Ж.Омарханов және басқалар. Бұдан басқа, құрмет қарауыл ротасында рота командирі лауазымында капитан Н.Қашағановтың қызмет атқарғанын атап өту керек, қазіргі уақытта ол «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор. Осы офицерлер бөлімше алдына қойылған міндеттер мен талаптарды орындауда тынымсыз еңбек етіп және үлкен жауапкершілікпен қарады.
Осы әскери бөлімше практикалық жағынан бірегей, бірақ та өзінің саласында жалғыз емес екендігін айта кеткен абзал. Мысалы, осындай бөлімше ҚР Қорғаныс министрлігінде және ҚР Ұлттық ұланында бар, алайда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бөлімшесіне ғана мемлекеттік протоколды қамтамасыз ету жөніндегі жауапкершілігі зор міндеттер жүктелген.
Құрмет қарауыл ротасына түсу қызмет атқаруға баратын көптеген жастардың арманы. Осы жерде ғана, «Айбын» мен «Батыр» Президенттік полктерінің құрмет қарауыл роталарының қатарында олар ер мінезділікке ие болады, сенімді әрі айқын адымды ұштайды, ал әдемі киім нысаны оларға айрықша келбет береді, айналасындағыларды өзінің сыр-сымбатымен таңдай қақтырады.
Әскердегі қызмет кешегі жастарды лайықты етіп, өз Отанына адал нағыз ерлерді тәрбиелейді. Армиялық өмірдің ахуалы олардың өмірге деген көзқарасын және шынайылықты қабылдауды өзгертеді. Осы жерде олар батылдық пен батырлықты, даңқ пен адалдықты, ең бастысы өз халқы мен Президентіне адал болуды бейнелейді. Олар – біздің мемлекеттің бет-бейнесі.