Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі – Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күштерге жататын және күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзырет шегінде жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынысты және есеп беретін арнаулы мемлекеттік орган.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің мiндеттерi
1) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының және басқа да күзетiлетiн адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
2) күзетiлетiн адамдардың өмiрiне, денсаулығына, құқықтарына, бостандықтарына, жеке басының қадiр-қасиетiне және меншiгiне қарсы бағытталған құқық бұзушылықтарды анықтау, олардың алдын алу және жолын кесу;
3) күзетілетін объектілерде және күзетілетін адамдар болатын басқа да жерлерде олардың меншігін күзету, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
4) өз өкілеттіктері шегінде терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыру;
5) күзетiлетiн адамдар мен объектiлерге төнетін қатерлердi болжау және анықтау, олардың алдын алу және залалсыздандыру жөнiндегi жедел шаралар кешенін жүзеге асыру;
6) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының эталондарын күзетуді жүзеге асыру және рәсімдік және хаттамалық іс-шараларды атқаруға қатысу Мемлекеттік күзет қызметінің мiндеттерi болып табылады.