GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

ҚР ІІМ логотипі
Меню
Страницы
Құжаттар
Министрлік туралы
Баспасөз орталығы
Комитеттер
Қызметі
Байланыс ақпараты
Аймақтар
Все материалы
20 октября 2026
СҚО-да әлем чемпионы полицейлерге ІІМ чемпионаты қарсаңында шеберлік сабағын өткізді

     СҚО-да әлем чемпионы полицейлерге ІІМ чемпионаты қарсаңында шеберлік сабағын өткізді.

     Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің 8 қызметкері Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің қоян-қолтық ұрыстан өтетін чемпионатына қатысуға дайындалып жатыр. Жарыс 27–29 қазан аралығында Павлодар қаласында өтеді.

     Жарысқа дайындық аясында полиция қызметкерлеріне бокстан әлем чемпионы, СҚО ПД арнайы жедел әрекет ету жасағының инспекторы Наталья Богданова шеберлік сабағын өткізді.

     Шеберлік сабағына Винокуров атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері де қызығушылық танытты. Полицейлермен бірге өткен жаттығу бейресми әңгімеге ұласты. Бұл кездесу жас спортшылардың кейбіріне болашақ мамандығын таңдауға көмектесуі мүмкін.

     СҚО ПД бастығының орынбасары Абылғазы Ғабдуллиннің айтуынша, әлем чемпионымен бірге өткізілген шеберлік сабағы спорттық шеберліктің қыр-сырын меңгеруге ғана емес, еңбек пен табандылықтың арқасында жетістікке жетуге болатынын көрсететін үлгіге де айналады.

Әкімшілік полиция
20 октября 2026
Астанада полиция 3 600-ден астам азаматтың тұрғылықты мекенжайын тексерді

     Астанада "Қауіпсіз үй" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.

     "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасын іске асыру аясында елорда аумағында қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған "Қауіпсіз үй" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.

     Іс-шараның негізгі мақсаты — құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, тұрғын үйлер мен аулалардағы қауіпсіздік деңгейін арттыру, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіз жағдайда өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау.

     Іс-шара аясында полиция қызметкерлері тұрғын үйлерді, жалға берілетін пәтерлерді, жатақханаларды, хостелдер мен қонақүйлерді кешенді тексеруден өткізуде. Сонымен қатар ішкі істер органдарында профилактикалық есепте тұрған азаматтардың тұрғылықты мекенжайлары тексеріліп, олармен қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтарға жол бермеу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

     Жедел-профилактикалық іс-шара барысында ішкі істер органдарында есепте тұрған 3 600-ден астам азамат тұрғылықты мекенжайы бойынша тексерілді. Көші-қон заңнамасын бұзудың 600-ден астам дерегі анықталып, қаруды сақтау қағидаларын бұзудың 28 фактісі тіркелді. Сондай-ақ тұрақты тұрғылықты жері жоқ 190-нан астам адам ұсталды.

     Полиция қызметкерлері азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, құқық бұзушылықтарға жол бермеуге, тұрғын үйлердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын қабылдауға және күдік тудыратын жағдайлар туралы полицияға уақтылы хабарлауға шақырады.

     Мұндай іс-шараларды өткізу құқық бұзушылықтардың алдын алуға, азаматтардың қорғалу деңгейін арттыруға және елорда тұрғындары үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.

20 октября 2026
Түркістанда ерлікпен қаза тапқан қос батырдың өшпес ерлігіне арналған деректі фильмдер таныстырылды

     Түркістан қаласында ел қауіпсіздігін қорғау жолында ерлікпен қаза тапқан екі азамат – сарбаз Досбол Сапар мен полиция лейтенанты Мейрамбек Рахматуллаевтың өмір жолы мен ерлігін арқау еткен деректі фильмдердің таныстырылымы өтті.

     Іс-шараға полиция департаменті бастығының орынбасары Ғалымжан Қуашбаев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, ҰҚК Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Талғат Мелдешов, Ұлттық ұланның 5574 әскери бөлімі командирінің орынбасары Алишер Тұрсынбаев және қаза тапқан қызметкерлердің жақындары қатысты.

     Таныстырылым барысында Ақтөбе қаласында болған террористік акт кезінде ерлікпен қаза тапқан жас сарбаз Досбол Сапарға арналған "Тағдырды талқандаған терроризм" және Алматы қаласындағы лаңкестік оқиға кезінде терроршының қолынан қаза тапқан полиция лейтенанты Мейрамбек Рахматуллаевқа арналған "Қаралы күннің қаһарманы" атты деректі фильмдер көрермен назарына ұсынылды.

     Фильмдерде терроризмнің адам өміріне тигізетін ауыр зардаптары, оның жақындарына салатын қайғысы және ел тыныштығын қорғау жолында жанын қиған азаматтардың батылдығы баяндалды.

     Іс-шарада Ғалымжан Қуашбаев сөз сөйлеп, қос батырдың ерлігіне тоқталды.

– Бірі – әскери қызметін атқару кезінде, екіншісі – қарулы қылмыскерді тоқтатуға ұмтылған сәтте ерлікпен қаза тапты. Екеуінің де ғұмыры қысқа болғанымен, артында өшпес із, ұмытылмас ерлік, өнегелі өмір қалды, – деп атап өтті ол.

     Елінің қауіпсіздігі жолында ұлдарын құрбан еткен қос батырдың ата-аналары да естеліктерімен бөлісіп, олардың өмір жолы мен азаматтық болмысы туралы әңгімеледі. Ата-аналардың жүрекжарды естеліктері қатысушыларға ерекше әсер қалдырып, ерліктің бағасы мен бейбіт өмірдің қадірін тағы бір мәрте ұғындырды.

     Тағылымды кездесудің басты мақсаты – қос батырдың есімдерін ұлықтау, ерлігін жас ұрпаққа өнеге ету және экстремизм мен терроризмнің алдын алу.

Цифрландыру және байланыс
20 октября 2026
Абай облысында екі жедел басқару орталығы ашылды

     Мақаншы және Үржар аудандарында оқиғаларға жедел әрекет ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында бейнебақылау жүйелерін біріктірген жаңа жедел басқару орталықтары іске қосылды.

     Мақаншы ауданына жұмыс сапары барысында орталықты Абай облысы полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияров ашты.

     Жедел басқару орталығы аудан аумағындағы жағдайды бақылау мен полиция жасақтарының жұмысын үйлестірудің бірыңғай орталығына айналды. Бейнекамералардан түсетін кескіндер аудандық полиция бөліміне нақты уақыт режимінде жеткізіледі. Бұл қызметкерлерге қауіпті жағдайларды дер кезінде анықтап, қажетті көмекті жедел ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

     Жоба аясында 77 жаңа бейнекамера орнатылды. Оның 72-сі қоғамдық тәртіпті қорғауға арналса, бесеуі Мақаншы ауылының жолдарындағы қауіпті учаскелерде жылдамдықты асыру деректерін тіркеуге бағытталған.

     Сонымен қатар орталыққа аудан орталығында бұрын орнатылған 21 камера және Алакөл жағалауындағы 223 камера қосылды. Нәтижесінде жүйе барлығы 321 бейнекамераны біріктіріп, тұрғындар мен демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкіндіктерін кеңейтті.

     Балалардың қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінген. Жедел басқару орталығына 31 балабақша мен 18 мектептің бейнебақылау жүйелері біріктірілді. Нысандарды заманауи бейнебақылау жүйелерімен жабдықтау бірыңғай техникалық талаптарға сәйкес жүзеге асырылуда.

     Қосымша бақылау құралы ретінде дрон да қолданылады. Ол әуеден бақылау жүргізуге, құқық бұзушылықтарды анықтауға және олардың жолын кесуге мүмкіндік береді.

     Жаңа орталықтың ашылуы аудандық полицияның мүмкіндіктерін арттырады. Бұл жол қозғалысын бақылаудан бастап, түрлі оқиғалар кезінде тиісті қызметтердің іс-қимылын үйлестіруге дейінгі жұмыстарды қамтиды.

     Үржар ауданында да облыс әкімі Берік Уәлидің, Абай облысы полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияровтың және цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Абзал Серікұлының қатысуымен жаңа жедел басқару орталығы ашылды.

     Жаңа орталық көшелер мен қоғамдық орындардағы ахуалды нақты уақыт режимінде бақылауға, полиция жасақтарын оқиға орнына жедел бағыттауға және төтенше жағдайлар кезінде олардың іс-қимылын үйлестіруге мүмкіндік береді.

     Орталықты іске қосу аясында 77 жаңа құрылғы орнатылды. Оның ішінде қоғамдық тәртіпті бақылауға арналған 72 бейнекамера және жылдамдықты асыру деректерін анықтайтын бес жылдамдық өлшегіш бар. Сонымен қатар Үржар ауылында бұрын орнатылған 110 бейнекамера бірыңғай жүйеге қосылды.

     Балалар мен жастардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. ЖБО жүйесіне Таскескен ауылындағы 58 балабақшаның, 33 мектептің және бір колледждің бейнебақылау жүйелері біріктірілді. Білім беру ұйымдарын ортақ жүйеге қосу полиция қызметкерлеріне оқиғалар туралы ақпаратты жедел алуға және қажетті шараларды уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді.

     Сондай-ақ құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу, әуеден бақылау жүргізу мақсатында полиция қызметкерлері дронды да пайдаланатын болады.

     Жаңа орталықтардың ашылуы – өңірдегі қауіпсіздік жүйесін дамыту жолындағы маңызды қадам. Заманауи жабдықтар ықтимал қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және тұрғындарға көмек көрсету уақытын қысқартуға ықпал етеді.

Әкімшілік полиция
20 октября 2026
Ақтөбеде полиция қызметкерлері жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған шараларды күшейтті

     Жол апаттарының алдын алу мен жолын кесуге бағытталған ауқымды профилактикалық жұмыстар аясында олар жол қозғалысын әуеден бақылау үшін бейнекамералармен жабдықталған дрондарды пайдалана бастады.

     Қазіргі уақытта патрульдік полиция ұшқышсыз аппараттарды қала сыртындағы жолдардың қозғалыс қарқыны тығыз, әрі апаттық қауіпті учаскелерінде қолданып жатыр.  

     Полицейлердің мәліметінше, облыста жыл басынан бері 1497 жол апаты болса, оның ішінде республикалық маңызы бар жолдарда орын алған қайғылы жол апаттарының 80 пайызы жүргізушілердің қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығуы салдарынан болған. Сол себепті әуеден бақылау кезінде әсіресе, бұзушылықтың осы түрін анықтау - полицияның ерекше назарында.

     Жыл басынан облыс аумағында әуеден бақылау арқылы қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шыққан 600-ден астам жүргізуші анықталды.

— Бүгінгі күні Ақтөбе полициясы дрондармен жабдықталған. Бұл құрылғылар, әсіресе қала сыртындағы  трассаларды патрульдеуде өз тиімділігін көрсетіп отыр. Қазіргі уақытта қарсы бағытқа шығып, қауіпті маневрлер жасауға жол берген жүргізушілер жауапқа тартылып жатыр. Сонымен қатар, олармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жол қозғалысы ережелерін сақтау барлық қатысушылардың қауіпсіздігі үшін маңызды екенін еске салудамыз, - дейді Ақтөбе облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Еркін Өтеген.

     Естеріңізге саламыз, жүргізушінің қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығуы жүргізуші куәлігінен алты ай мерзімге айыру түріндегі әкімшілік жауапкершілікке алып келеді.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл
20 октября 2026
Маңғыстау облысында полицейлер ер адамнан марихуана тәркіледі

     "Қарасора - 2026" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Маңғыстау облысы полиция департаментінің қызметкерлері ҰҚКД қызметкерлерімен және "Арлан", "Бүркіт" арнайы жасақтарының жауынгерлерімен бірлесіп, есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты екі деректің жолын кесті.

     Мұнайлы ауданында полицейлер "Кира" қызметтік итінің көмегімен ішінде екі ер адам болған BMW автокөлігін тоқтатты.

     Олардың бірін жеке тінту барысында салмағы 34,6 грамм марихуана салынған орама табылып, тәркіленді.

     Сот шешімімен автокөлік жүргізушісі 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды. Ал екінші ер адамның медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес есірткілік масаң күйде болғаны анықталды. Ол ҚР ӘҚБтК-нің 440-1-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.

     Сол күні Жаңаөзен қаласында полиция қызметкерлері жеке тұрғын үйлердің бірінде тінту жүргізді.

     Тінту барысында гараж бен шаруашылық бөлмелерінен жалпы салмағы 198,37 грамм марихуана салынған көптеген орамалар мен пакеттер табылып, тәркіленді.

     Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабымен қылмыстық іс қозғалды.

     Осылайша, екі жедел іс-шараның нәтижесінде полиция қызметкерлері жалпы 232,97 грамм марихуана тәркіледі.

     Екі дерек бойынша да оқиғаның барлық мән-жайын және оған қатысы болуы мүмкін тұлғаларды анықтауға бағытталған тергеу амалдары жалғасуда.

     Полиция департаменті есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы жүйелі жұмысты жалғастыруда.

     Тергеу жалғасуда.

20 октября 2026
Астаналық сақшы Әлем кубогінің жүлдегері атанды

     Астана қаласы полиция департаментінің қызметкері әлемнің 40 елінен 410 спортшы қатысқан халықаралық турнирдің жүлдегерлері қатарына енді.

     16–18 қазан аралығында Түркияның Бурса қаласында ерлер мен әйелдер арасында қоян-қолтық ұрыстан Әлем кубогының финалдық кезеңі өтті. Беделді халықаралық турнирде Қазақстан атынан ұлттық құрама сапына спортшылар өнер көрсетті.

     95 келіден жоғары салмақ дәрежесінде қола медальді Астана қаласы полиция департаменті бастығының дене шынықтыру және спорт жөніндегі көмекшісі Мұрат Есмағамбетов жеңіп алды. Ол жарысқа Ішкі істер министрлігінің "ARLAN" спорт клубының атынан қатысты.

     Мұрат Есмағамбетов Қазақстан құрамасы сапындағы Ішкі істер министрлігінің жалғыз өкілі болды.

     Әлем кубогының финалындағы қола медаль — табанды дайындықтың, қайсар мінездің және жоғары спорттық шеберліктің нәтижесі. Елорда полициясы қызметкерінің жетістігі қызмет пен дене дайындығының, сондай-ақ спортта биік белестерді бағындыруға деген ұмтылыстың өзара үйлесетінін көрсетеді.

     Полиция Мұрат Есмағамбетовті лайықты жетістігімен құттықтап, оған жаңа жеңістер, зор денсаулық және спорт аренасында толағай табыстар тілейді!

Әкімшілік полиция
20 октября 2026
Павлодарда қоқысты заңсыз төккендер жауапқа тартылды

     "Таза Қазақстан" экологиялық бастамасы аясында Павлодар қаласында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық құқық бұзушылықтардың жолын кесу жұмыстары жалғасуда.

     Профилактикалық іс-шаралар барысында қоқысты белгіленбеген орындарға заңсыз төгудің екі дерегі анықталды.

     Бірінші құқық бұзушылық аумақты мониторингтеу кезінде тіркелді. Қоқыс қалдықтарды жинауға немесе көмуге арналмаған жерге төгілген.

     Екінші дерек жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы анықталды. Бейнежазбадан жүк көлігінің жүргізушісі қалдықтарды белгіленбеген жерге түсіргені белгілі болды.

– Жиналған материалдар қарау және құзыреті шегінде тиісті шаралар қабылдау үшін Павлодар облысының Экология департаментіне жолданды, – дейді Павлодар облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мақсат Сарин.

     Полиция қоқысты белгіленбеген орындарға тастау қоршаған ортаға зиян келтіріп, елді мекендердің санитариялық жағдайын нашарлататынын ескертеді.

     "Таза Қазақстан" бастамасы аясында экологиялық құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу бағытындағы профилактикалық рейдтер жалғасуда.

20 октября 2026
Түркістан облысында 22-ші “Жас сақшы” полиция сыныбы ашылды

     Түркістан облысы Отырар ауданындағы Шәуілдір ауылында орналасқан №1 жалпы орта мектепте ішкі істер органдарының ардагері Әкімбай Шындалұлы Шындалиевтің есімі берілген облыстағы жиырма екінші “Жас сақшы” полиция сыныбы ашылды.

     Ішкі істер органдарында 25 жылға жуық абыройлы қызмет атқарған Әкімбай Шындалиев 1938 жылы Отырар өңірінде дүниеге келген. Қызмет барысында адалдығымен, кәсіби біліктілігімен танылып, ҚР ІІМ-нің үздік қызметкері атанған, бірқатар медальдармен марапатталған. 1994 жылы зейнетке шыққан. Ардагердің өнегелі өмір жолы мен елге сіңірген еңбегі кейінгі буынға үлгі болуы үшін полиция сыныбы салтанатты түрде ашылды.

     Іс-шараға Түркістан облысы полиция департаменті жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасы бастығының орынбасары Есенгелді Шалабаев, аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов, Түркістан облысы бойынша ІІО Ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаев, полиция қызметкерлері, ұстаздар мен оқушылар қатысты.

     Салтанатты шара барысында жас сақшылар ант қабылдады. Қонақтар оқушылардың қолөнер көрмесін тамашалап, жаңа сыныптың ашылуына арналған лентаны қиды. Мерекелік бағдарлама мектеп оқушыларының концерттік қойылымдарымен жалғасты.

     Түркістан облысында “Жас сақшы” сыныптарын ашу арқылы өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және “Заң мен Тәртіп” қағидатын нығайтуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.

Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл
20 октября 2026
Полиция тұрғындарды мессенджердегі күмәнді сілтемелерден сақ болуға шақырады

     Полиция тұрғындарды мессенджердегі күмәнді сілтемелерден сақ болуға шақырады.

     Солтүстік Қазақстан облысында telegram және whatsApp мессенджерлеріндегі аккаунттарды бұзып, азаматтардың атынан ақша сұрайтын алаяқтық схемаға қатысты 14 дерек тіркелді. Полиция тұрғындарды бейтаныс сілтемелерге өтпеуге және ақша аудармас бұрын ақпаратты тексеруге шақырады.

     Соңғы екі аптада Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарына telegram арқылы таныстарының атынан күмәнді хабарламалар келе бастаған. Хабарламаларда “Сашаға дауыс берші” деген өтініш жазылып, белгілі бір байқауға қатысып жатқан қызға дауыс беруге арналған сілтеме қоса жіберіледі. Есім әртүрлі болуы мүмкін.

     Алайда бұл — азаматтардың мессенджердегі аккаунттарын иемденуге бағытталған алаяқтық тәсілдердің бірі. Жіберілген сілтемеге өткен жағдайда, аккаунтқа алаяқтардың қол жеткізу қаупі бар.

     Аккаунтты бақылауына алғаннан кейін алаяқтар оның иесінің атынан контактілеріне хабарлама таратып, ақша сұрайды. Мәселен, “80 мың теңге жіберші, кешке қайтарамын” деген мазмұндағы өтініштер жіберіледі. Ақша аударуға дайын екенін білдірген немесе мән-жайды сұраған адамдарға қаражаттың шұғыл қажет екенін айтып, өзге есепшотқа ақша аударуды ұсынады.

     Бұл ретте аккаунттың шынайы иесі мессенджерге кіре алмай қалуы мүмкін. Ал оның атынан хат алмасып отырған алаяқтың әрекетінен хабарсыз қалады.

     СҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әлібек Құжахметовтің айтуынша, облыста осындай схема бойынша жасалған алаяқтықтың 14 дерегі тіркелген.

— Кез келген азамат осындай қауіпке ұшырауы мүмкін. Оның ішінде кеңінен қолданылатын whatsApp та бар. Адамға қаншалықты сенсеңіз де, ол сілтеме жіберсе, әдеттегі телефон қоңырауы арқылы хабарласып, мұндай хабарламаны шынымен өзі жіберген-жібермегенін анықтаңыз, — деп ескертті Әлібек Құжахметов.

     Сонымен қатар полицейлер фотосуретке қатысты хабарламаларға да сақтықпен қарауға кеңес береді. Мәселен, “Мына суреттегі сен емессің бе? Мұны қашан түсірдің?” деген мәтінмен бірге сілтеме келсе, оны ашуға асықпаған жөн. Мұндай сілтемелер арқылы телефонға зиянды бағдарламалар орнатылуы мүмкін.

     Полиция тұрғындарға мынадай қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады:

     — Күмәнді хабарламалардағы сілтемелерге өтпеңіз;

     — Танысыңыздан ақша аударуды сұраған хабарлама келсе, оған телефон арқылы тікелей хабарласып, өтініштің рас-өтірігін анықтаңыз;

     — Мессенджерге келген ақпаратты бірден шындық деп қабылдамай, оның дұрыстығын тексеріңіз;

     — Аккаунтыңызға бөтен адамның қол жеткізгенін байқасаңыз, оны қорғау үшін шұғыл шаралар қабылдаңыз.

     Интернеттегі алаяқтықтан сақтанудың басты жолы — күмәнді сілтемелерді ашпау және кез келген ақша аударымының алдында ақпаратты мұқият тексеру.

Социальные сети
Instagram
Twitter
Facebook
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы