
ІІМ-де Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев ардагерлер мен жеке құрамды келе жатқан мемлекеттік мерекемен құттықтай отырып, ел Президенті ведомствоның мемлекеттік басқару жүйесіндегі ерекше рөлін белгілегенін атап өтті.
– Құқық қорғау органдары қызметінің барлық бағыттары адамның кепілдіктерін, құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған. Бұл демократиялық құқықтық мемлекеттің мақсаттары мен мәнін анықтайды. Оның негізі – елдің Конституциясы. Осыған байланысты біз ІІМ-нің барлық қызметтері мен бөлімшелері қызметінің жоғары деңгейін қамтамасыз етуіміз қажет. Сондықтан бүгінде полиция жұмысы “адамға бағытталған” және “клиентке бағдарланған” қағидаттарына қайта құрылуда, – деді ол өз сөзінде.
Қожаев сондай-ақ мемлекет қызметкерлердің материалдық-техникалық жай-күйі мен әлеуметтік қорғалуын нығайта отырып, ішкі істер органдарына үлкен қамқорлық көрсетіп жатқанына тоқталды.
Іс-шара барысында министрдің бірінші орынбасары ішкі істер органдарының қызметкерлері мен ардагерлерін қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін алғыс хаттармен, грамоталармен және медальдармен марапаттады.