
Сарыағаштан арнайы келген Әсет ес білгелі формалы полицей болуды армандайды. Ол генерал Қайрат Дәлбековті Түркістан облысында басшылық еткеннен бері біледі екен. Сол сәтте арманын айтуға жасқанған бүлдіршін соңғы кездері ата-анасынан генералмен кездестіруді жиі өтініпті.
Бес қыздың ішіндегі жалғыз ұлының батылдығы мен ынтасына риза болған анасы Қ. Дәлбековтің әлеуметтік желідегі парақшасына хат жолдап, баласының арманын жеткізген.
– Балам Қайрат Сұлтанбайұлының жеке парақшасындағы жазбаларын үнемі бақылап отырады. Ол кісіні өзіне үлгі тұтады. Жүрек түкпірінде бір күні генералмен жүздесіп, қолын алсам деген арманы болатын. Ата-ана ретінде перзентімнің жарқын болашағы мен армандарының орындалуы үшін қолымнан келгенін жасау – менің парызым. Сондықтан іштей батылым жетпесе де тәуекелге барып, департамент бастығына хат жаздым. Ол кісі өз қабылдауына шақырғанда қуанышымда шек болмады, – дейді анасы Дилфуза Мауленова.
Сарыағаш ауданының 3-сынып оқушысын Қайрат Сұлтанбайұлы құрметпен қарсы алды. Балақай болашақта еліне қорған полицей болуды армандайтынын жеткізді. Әсеттің бойындағы талабы мен көзіндегі нұрды байқаған генерал оған ағалық ақыл-кеңесін берді.
– Болашақта мықты полицей болу үшін сабақты өте жақсы оқу керек. Спортпен шұғылданып, өзіңді үнемі дамытып отыр. Жақсы адамдармен дос болып, уақытыңды смартфонда өткізуден аулақ бол. Ата-анаңның ақыл кеңесін көп тыңда. Ешкімнің ала жібін аттамай, шыншыл болсаң ғана аңсаған арманыңа жетесің. Сен болашағынан үлкен үміт күттіретін жастардың бірісің. Сондықтан жолың әрдайым ашық, қадамың оң болсын!, – деді Қ. Дәлбеков.
Сондай-ақ, Әсеттің арманына жетіп, еліне адал қызмет етуі үшін естелікке фуражка сыйға тартты.