
Будапештте (Венгрия) Қазақстанның ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Венгрия Премьер-Министрінің орынбасары, Ішкі істер министрі Шандор Пинтермен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Венгрия халықтарының ортақ тарихи тамыры мен рухани жақындығына негізделген екі ел арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың дамуын атап өтті.
Келіссөздер аясында құқық қорғау саласындағы екіжақты ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлінді.
Ұйымдасқан қылмысқа, терроризмге, есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрестегі ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық Қазақстан-Венгрия комиссиясы қылмысқа, әсіресе терроризмге және экстремизмге, трансұлттық ұйымдасқан топтардың қызметіне, есірткі қылмысына, сондай-ақ заңсыз көші-қонға байланысты жалпы қатерлердің өсуі жағдайында алдын алу және оған қарсы күрес саласындағы шараларды талқылайды.
Сондай-ақ, кездесу барысында Министрлер екі елдің полиция ведомстволарын реформалау туралы пікір алмасты. Венгриялық тарап 2015 жылғы реформаның нәтижелері туралы хабардар етті, бұл қазақстандық әріптестердің қызығушылығын тудырды.
Қазақстандық тарапты венгр полициясының халыққа қызмет көрсетудің сервистік моделіне көшуі және біздің елде осындай тәсілдерді енгізу мүмкіндігі бойынша тәжірибе қызықтырды.
Сапар барысында Қазақстан ІІМ делегациясы Венгрия ІІМ полиция академиясының қызметімен, сондай-ақ Будапешт қаласының жедел басқару және патрульдік полиция орталығының жұмысымен танысты.
Кездесу қорытындысы бойынша Тараптар Қазақстан мен Венгрия полициясы қызметінің түрлі бағыттары бойынша ынтымақтастықты әрі тәжірибе алмасуды жалғастыруға ниет білдірді.