
Сот үкімі бойынша қымбат көліктерді ұрлаумен айналысқан қылмыстық топтың әр мүшесі түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
2021 жылы Павлодар облысы Полиция департаментінің қылмыстық полициясы қызметкерлері өткізген жедел алдын алу іс-шарасының нәтижесінде, Павлодар және Қарағанды облыстары аймағында көлік ұрлаумен айналысқан төрт адамнан құралған қылмыстық топты құрықтады.
– Тергеудің арқасында қылмыстық топтың Toyota Avensis, Toyota Land Cruiser Prado сияқты 10 автокөлік ұрлау фактісіне қатысты екені дәлелденді, – деді Павлодар облысы Полиция департаменті бастығы Василий Скляр.
Қазіргі таңда сот бұл қылмыстық істі қарастырды. Топтың екеуі қылмыс жасағаны үшін ҚР ҚК 262-баптың 1,2-бөлігі, 188-баптың 4-бөлігі, 386-баптың 2-бөлігі бойынша бас бостандығынан 8 жылға айырылды. Тағы бір ҰҚТ мүшесі қылмыс жасағаны дәлелденіп, ҚК-нің 262-баптың 2-бөлігі, 188-дің 4-бөлігі мен 386-ның 2-бөлігі бойынша 6 жылға бостандығынан айырылды. Төртінші мүшесі ҚР ҚК-нің 190-баптың 3-бөлігі бойынша 3 жылға бостандықтан айырылды. Сот үкімі заң күшіне енген жоқ.