Астанада Каспий теңізіндегі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес саласындағы хаттама жобасын талқылау бойынша Каспий маңы елдері сарапшылары келіссөздерінің екінші кезеңі өтті.
Ішкі істер министрлігінің ұйымдастырылуымен өткізілген кеңес жұмысына Әзербайжан Республикасы, Иран Ислам Республикасы, Ресей Федерациясы, Түркіменстан және Қазақстан Республикасы – Каспий маңы елдерінің делегациялары қатысты.
Кеңес барысында Каспий теңізінде адам саудасы, әйелдер мен балаларды заңсыз тасымалдау, ұрлау қылмыстарының жолын кесу, терроризмге қарсы күрес мәселелері талқыланды.
«Өткен жылдың 11-12 қазанында хатта жобасы бойынша сарапшылар кездесуі негізінде нәтижелі жұмыстар атқарылды. Аталған халықаралық келісімге қол қою – ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес саласында тығыз қарым-қатынас орнатуға негіз болмақ. Ынтымақтастығымыздың құқықтық негізі – Каспий теңізіндегі қауіпсіздік саласындағы ортақ келісімге 2010 жылы қол қойылды», – деді ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арманбек Баймурзин.
Сонымен қатар, кеңес жұмысында ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев: «Қазіргі уақытта қылмыстың ең көп талқыланатын және ең қауіпті түрі – ұйымдасқан қылмыстар. Қазақстанда Каспий теңізінде мұндай қылмыстар жоқ. Қазіргі уақытта шекаралас бес ел Каспий теңізінің қауіпсіздік мәселелерімен бірлесіп айнасылуда», – деп атап өтті.
Кездесу соңында әр елден келген делегаттар қарсы алушы тараптың жұмысына алғыс білдіріп, талқы-кеңестің жұмысын жоғары бағалады.
Бүгінгі күні Каспий қауіпсіздігі мәселесіне қатысты бірқатар хаттама жобасы жасалып, Каспий маңы елдерінің қарауында жатыр.
ҚР ІІМ-нің Баспасөз қызметі