ҚОҒАМДА ЖАСӨСПІРІМДЕРГЕ ҚАРСЫ ҚҰҚЫҚҚА ҚАЙШЫ ӘРЕКЕТТЕРГЕ ЖОЛ БЕРМЕУ ҰСТАНЫМЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ

ҚОҒАМДА ЖАСӨСПІРІМДЕРГЕ ҚАРСЫ ҚҰҚЫҚҚА ҚАЙШЫ ӘРЕКЕТТЕРГЕ ЖОЛ БЕРМЕУ ҰСТАНЫМЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ

Ішкі істер министрлігінің бастамасымен «Бақытты балалық шақты қорғау» жобасы аясында 28 ақпан күні Алматы қаласында «Қоғамда жасөспірімдерге қарсы құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеу ұстанымын қалыптастыру» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

Оған мүдделі мемлекеттік органдар (БҒМ, БП, АКМ, ДІАҚМ, МСМ) мен үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ өкілдері қатысты.
Бұл басқосуда жасөспірімдер қауіпсіздігі және олардың құқығын қорғау мәселелері, мектеп оқушыларының қауіпсіздікке байланысты дағдыларын жетілдіру, балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа «нөлдік төзімділік» ұстанымын қалыптастыру, сондай-ақ қоғамда рухани, идеологиялық және адамгершілік негіздеріне тәрбиелеу мәселелері жан-жақты талқыланды.
«Балалардың құқығы мен заңды мүдделерін қорғау – қоғамдағы маңызды міндеттердің бірі. Дегенмен, кей жағдайларда біздің балаларымыз қылмыстың құрбанына айналып жатады. Сондай кездері олар көбінесе өзінің отбасы мүшелері тарапынан көрсетілген зорлық-зомбылықтардан зардап шегеді, – деп атап өтті өз сөзінде ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев. – Мұндай мәселелердің шешімі мүдделі мемлекеттік органдардың өзара бірлескен әрекеттерінің тиімділігімен, азаматтық қоғам және жалпы жұртшылықты өздерінің құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жұмыстарына нақты тарта білуімен тікелей байланысты. Сондықтан Ішкі істер министрлігі биылғы жылды «Бақытты балалық шақты қорғау» жылы деп жариялады».
Дөңгелек үстелге қатысушылар өз кезегінде жасөспірімдер қылмысы және балаларға қарсы жасалатын зорлық-зомбылықтың кең таралған себептеріне баса назар аударды. Сараптама көрсетіп отырғандай, ата-аналар тарапынан қадағалаудың жоқтығы, қолайсыз отбасы және басқа да тұрмыстық қиындықтар сияқты әлеуметтік факторлар бірқатар жасөспірімдердің тағдырын тәлкекке айналдырып отыр. 
«Бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін орындамағанына байланысты жылына 5 мың ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Соның ішінде1 мыңы заң бойынша ата-ана құқығынан айырылады, – деп мәлімдеді ІІМ Жергілікті полиция қызметі жұмысын үйлестіру басқармасының бастығы Алексей Милюк. – Осыған байланысты жасөспірімдер арасында әлеуметтік-медициналық есеп жүргізуді енгізу мәселесі қарастырылуда. Мұндағы мақсат –қараусыз қалған, қаңғыбастыққа салынған балаларға медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсету, оларды оңалту және әлеуметтік жағынан бейімдеу, жалпы жергілікті атқарушы органдарға осындай санаттағы балаларға құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы шараларды әрқайсына жеке-жеке жүргізуіне қолдайлы жағдай жасау».
Бұдан кейін сөз кезегін алған «Дағдарыс орталықтары одағы» ЗТБ-нің атқарушы директоры Дана Онищенко №150 «Балаларға арналған ұлттық сенім телефоны»  қызметіне қатігездік көрсету және зорлық-зомбылыққа байланысты түскен қоңыраулар, сол бойынша қабылданған шаралар туралы айтып берді.
Дөңгелек үстел барысында Алматы қаласы білім басқармасы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы, «Талдықорған аймақтық әйелдерді қолдау орталығы», «Зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы» өкілдері сөз алып, өзекті мәселеге қатысты өз ойларын білдірді.
Басқосуға қатысушылар, сондай-ақ балаларды интернет желісіндегі зиянды ақпараттардан қорғау мәселесін де назардан тыс қалдырмай талқыға салды. Жиын соңында талқыланған мәселелер бойынша нақты ұсыныстар жасалды.

Қазақстан Республикасы ІІМ баспасөз қызметі