Ішкі істер министрлігінде өткен қоғамдық тыңдауда БҰҰ азаптаулар мен басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенциясын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы қабылдаған шаралар туралы Төртінші кезеңдік баяндаманың жобасы талқыланды.
Қоғамдық тыңдауға ҚР ІІМ, Бас Прокуратура, Әділет министрлігі өкілдері, Астана және Алматы қаласынан, облыстардан 60 құқық қорғаушы,Нидерланд Королдігінің Қазақстандағы елшісі Дирк Ян Коп, АҚШ және Ұлыбритания елшілігі саяси бөлімінің қызметкерлері А. Жантикина мен Л. Волкова, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.
Тыңдау барысында БҰҰ Азаптауларға қарсы комитетінің Үшінші кезеңдік баяндама нәтижелері бойынша, оның ішінде құқық қорғау бөлігінде берген ұсынымдарын Қазақстанның орындауы туралы мәселе талқыланды.
Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов өз баяндамасында БҰҰ-ның 23 ұсынымын іске асыру шеңберінде республика көлемінде ұлттық заңнаманы халықаралық нормалармен және халықаралық ұйымдар мен ұлттық ҮЕҰ-дың ұсынымдарымен сәйкес келтіру бағытында ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті. «Сонымен бірге мемлекет, мемлекеттік органдарға сүйене отырып, қол жеткен жетістікпен тоқталып қалмай, әрдайым одан әрі реформалау жұмыстарын жалғастырып, халықаралық стандарттарды түрлі салаларға, оның ішінде құқық қорғау органдарына, қарулы күштерге, білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарына, психиатриялық клиникаларға, қарттар үйлеріне және балалар үйлеріне енгізуді жалғастыра береді. Біз, әрине, қоғамдық ұйымдардың осы жұмыстарға белсенді түрде атсалысып отырғаны қуантады,- деген Р.Жақыпов, - Бүгінгі қоғамдық тыңдау пікір алмасу, нәтижелерді бағалап, болашаққа бағдар белгілеу үшін ортақ алаң ретінде осындай озық процестің бірі болып табылады» деп өтті.
БҰҰ Конвенциясына сәйкес азаптауларды қылмыс деп тану жөніндегі ұсынымдарды орындау үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 146-бабы аса ауыр қылмыс санатына жатқызылып, 12 жылға бас бостандығына айыру қатаң жазасы белгіленді. Азаптауларды тиісді тергеу жөніндегі ұсынымдарды іске асыру мақсатында Стамбулдық хаттаманың негізінде азаптуларды тергеу және құжаттандыру әдістемесі әзірленді. Барлық арыздар бойынша оларды тиісінше, жан-жақты және тез қарау үшін бірден қылмыстық тергеу басталады.
Басты ұсынымдардың бірі қылмыстық процестің қатысушыларын негізгі құқықтық кепілдіктермен қамтамасыз ету болып табылады.Оларды еліміздің Конституциясында, соған сәйкес Қылмыстық процестік кодексте және өзге де заңдарда іске асыру барысында ешкім де азаптауларға тап болуы тиіс емес деген постулат қабылданды. Азаптауларды қолдануға тікелей тыйым салынды. Еуропалық стандарттарға сәйкес қамауда ұстау мерзімі 48 сағатқа дейін, ал кәмелетке толмағандарды қамауда ұстау 24 сағатқа дейін қысқартылды.
БҰҰ комитетінің қамауда ұстау орындарындағы жағдайды жақсарту және камералар бойынша ұстау жөніндегі ұсынымдарына сәйкес Қазақстан Қылмыстық атқару заңнамасына реформа жүргізді. Нәтижесінде Қазақстан түрмеде ұсталатын сотталушы санын 25% (47939-дан 35805-ке дейін) қысқартуға қол жеткізді, бұл жағдай түрме халқы бойынша әлемдік рейтингте еліміздің 2000 жылы иеленген 3-ші орыннан 2018 жылы 71-ші орынға ілгерілеуіне мүмкіндік туғызды.
Камералық ұстау жүйесі бойынша қазіргі уақытта 9 мекеме жұмыс істейді. Соңғы жылдары Алматы, Қызылорда, Орал және Атырау қалаларында халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жаңа мекемелер пайдалануға берілді. Сонымен бірге осындай тағы 6 мекеменің құрылысы жоспарланып отыр. Ішкі істер органдарындағы уақытша ұстау орындарындағы қолға түскендерді ұстайтын камералардың жағдайын жақсарту бойынша тиісті шаралар қабылдануда. Жертөле және жартылай жертөлелерде орналасқан 26 оқшаулау орындары жабылды, бұған қоса тағы 12 уақытша ұстау орындарының жұмысы тоқтатылды. Соңғы жылдары жаңадан 8 уақытша ұстау орындары салынды, 9 орынға күрделі жөндеу жүргізілді. Күзетпен ұстау орындарын қоғамдық бақылау механизмдері дамып келеді. Республиканың барлық аумағында 15 қоғамдық бақылау комиссиясы құрылды. Сол уақыттан бастап (2006 ж) комиссия 6 мыңнан астам мекемеде болып, қадағалау жұмыстарын жүргізген.
Заңнамадан өзге, нақты іс-шаралар да қабылдануда. Құқық қорғау органдары ғимараттарында тергеу жүргізуге арналған бейнекамералы «айқын бөлмелер» біртіндеп енгізілуде. Қазіргі уақытта осындай 490 бөлме жұмыс істейді.
Отырыс барысында ҚР Әділет министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі департамент директорының міндетін атқарушы Айша Айтқалиева, Еуропалық одақтың «Қазақстандағы қылмыстық әділ сот жүйесін жетілдіру» жобасының жетекшісі Сәуле Мектепбаева сөз сөйлеп, бас бостандығынан айыру орындарындағы заңдылықты қадағалау бойынша ІІМ атқарып жатқан жұмыстарға оң баға берді.
Құқық қорғаушы, «Адам құқығы үшін Хартия» қоғамдық қорының атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетова өз баяндамасында БҰҰ Конвенциясын іске асыру бойынша Қазақстан қабылдаған шаралар туралы Төртінші кезеңдік баяндама жобасын талқылау бастамасын Ішкі істер органдары қызметі мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңес көтергенін алға тартты. Бұдан соң мемлекеттік органдарда, соның ішінде ІІМ-де азаптаулардың алдын алуға қатысты жұмыстардың тиімді тұстарын атап көрсетті.
Қоғам қайраткері Татьяна Костина аталған жобаға сенім білдіріп, баяндаманың тиянақты дайындалғанын әрі елдегі жағдайды толық ашып көрсеткеніне тоқталып, нормативтік-құқықтық актілер саласы қарқынды жетіліп келе жатқанын тілге тиек етті.
Қазақстан Республикасы ІІМ баспасөз қызметі