ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ БАТЫР БАЛАЛАРДЫ МАРАПАТТАДЫ

ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ БАТЫР БАЛАЛАРДЫ МАРАПАТТАДЫ

Ағымдағы жылғы 16 мамырда Астана қаласындағы Оқушылар сарайында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың қатысуымен әртүрлі төтенше жағдайларда ерлік көрсеткен 20 батыр баланы салтанатты жағдайда марапаттау рәсімі өтті.

Бұл іс-шараның мақсаты – «Бақытты балалық шақты қорғау» жылы аясында өскелең ұрпақты азаматтық, ар-намыс және патриоттық рухта тәрбиелеу, сондай-ақ қоғамда батыр балалардың ерлік істерін баяндауға мүмкіндік жасап, кішкентай батырларға алғыс білдіру.

Марапаттау рәсіміне еліміздің әр түпкірінен 20 батыр бала шақырылған болатын. Олар ерлік әрекеттері үшін ешқандай марапат алмаған балалар.

"Мен сіздерге үлкен құрмет көрсете отырып, Астана қаласына қош келдіңіздер деймін. Еліміздің жүрегі – Астана биыл өзінің 20 жылдық мерей тойын атап өтеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаявтың көреген саясатының арқасында бүгінде Астана тәуелсіз Қазақстанның мақтанышына айналды. Астана тек қана еліміздегі қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өмірдің орталығы емес, бүкіл Еуразия кеңістігінің жүрегі саналады", – деді Қалмұханбет Қасымов марапаттау рәсімінде.

Елорданың туған күні қарсаңында Астанаға еліміздің әр түпкірінен жасөспірім батырлар келді. Бұл балалардың барлығы да қысылтаяң шақта ержүректік көрсетіп, адам өміріне араша болғандар. Сіздер қазірдің өзінде көпке үлгі тұтатын жандарсыздар. Осы орайда сіздердің ата-аналарыңызға, мұғалімдеріңізге және өздеріңді тәрбиелеп жүрген тәлімгерлеріңізге зор алғысымды білдіремін. Елімізде өздеріңіз сияқты батыр балалар барда алдыңғы аға буын Қазақстанның болашағына сеніммен қарайды. Біз сіздерді және сіздердің ерліктеріңізді мақтан тұтамыз!– деп атап өтті министр.

Қалмұханбет Қасымов барлық балаларға денсаулық, табыс тілеп, болашақта да осындай батыр, қырағы, рухы күшті, ержүрек қалыптарын сақтап, биіктерден көріне берулеріне ағалық тілектестігін жеткізді. Бұдан соң Қ. Қасымов батыр балаларды өз қолымен «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» медалдарымен марапаттап, бағалық сыйлықтар ұсынды.

Салтанатты іс-шара барысында балалар құрметті қарауылдың өнерлерін, әскери оркестрдің орындауында патриоттық және әскери композицияларды тамашалады, Оқушылар сарайына және астананың көрікті жерлеріне саяхат жасады.

Анықтама ретінде: Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және кәмелетке толмағандарға қатысты қылмысқа қарсы іс-қимыл бағытында, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Ішкі істер министрлігі 2018 жылды «Бақытты балалық шақты қорғау жылы» деп жариялаған болатын Осы жобаның шеңберінде «Динамо» спорт қоғамының базасында барлық облыс орталықтарында кәмелетке толмағандар үшін түрлі спорт секциялары тегін жұмыс   істепйді, бүгінде оларда 5 мыңнан астам бала спортпен тегін шұғылдануда.  


       
Қазақстан Республикасы ІІМ Баспасөз қызметі