ІІМ-ДЕ КЕҢЕЙТІЛГЕН АЛҚА МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

ІІМ-ДЕ КЕҢЕЙТІЛГЕН АЛҚА МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың төрағалығымен ішкі істер органдары қызметінің ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Алқа жұмысына министрліктің орталық аппаратының басшылық құрамы, Ұлттық ұлан қолбасшылығы, аумақтық ішкі істер, қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің және жергілікті полиция қызметі бөліністерінің басшылары қатысты.

 

Еліміздегі криминалдық жағдай жалпы қылмыс санының төмендеуімен сипатталатыны атап өтілді.

Жыл басынан бастап 145 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 11,1% төмен.

Ауыр, орташа және ауыр емес қылмыс саны, сондай-ақ бұзақылық, зорлау, тонау және ұрлау қылмыстары қысқарды. Бірқатар қылмыстардың ашылуы жақсарды.

Мәжіліс барысында қасақана кісі өлтіру, қарақшылық шабуыл және өзге де ауыр қылмыстарды ашу және тергеу бойынша қылмыстық-процестік және жедел-іздестіру қызметінің, қылмыстық-атқару жүйесінің қорытындылары, сонымен бірге пробация қызметінің есебінде тұрған адамдардың қайталап қылмыс жасауының алдын алуды жандандыру шаралары қаралды.

Алқа өз кезегінде тергеу және анықтау жұмыстарында қылмыстық-процессуальдық заңнамалар мен тергеу мерзімдерін бұзу фактілері орын алып отырғанын атап өтті. Тергеудің жаңа үлгісі – хаттамалық тергеу үлгілері, өндірістің бұйрықтық тәртібі және жеделдетілген сотқа дейінгі тергеу өте нашар қолданылады.

Азаматтық қорғаныс органдары қызметінің қорытындылары талқыланды, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өзге де төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша қосымша шаралар қабылдау қажеттігіне назар аударылды.

Су қоймаларындағы төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша тұрғындар арасында профилактикалық жұмыстың жеткілікті жүргізілмей отырғаны атап көрсетілді. Бірінші жарты жылдықта 92 адам, оның ішінде 38 бала суға кеткен.

Ішкі істер министрі Мемлекет басшысының ағымдағы кезеңге бағытталған тапсырмаларын іске асыру, сондай-ақ ішкі істер органдары тәртіп пен заңдылықты нығайту бағыттары бойынша бірқатар нақты мәселелерді атап көрсетті.

Алқа мәжілісінің қорытындысы бойынша министрлік орталық аппаратының қызмет басшыларына және аумақтық департаменттер бастықтарына қаралған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берілді.

 

Қазақстан Республикасы ІІМ Баспасөз қызметі