КОНСТИТУЦИЯ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ІС-ШАРА

КОНСТИТУЦИЯ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ІС-ШАРА

Ішкі істер министрлігінде Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған министрліктің басшылығы, ардагерлері мен жеке құрамы қатысты.

Биыл 30 тамызда тәуелсіз, экономикалық жағынан дамыған, әлемдік қауымдастықпен ынтымақтастықтағы мемлекет құру жолындағы қадамымызды заңдық негізде реттеген басты құжатымыздың қабылданғанына 23 жыл толады. Ата Заң ел азаматтарының бостандығы мен құқығының жоғары деңгейде қорғалуын қамтамасыз етеді.

«Азаматтық бейбіт өмір және келісім қашанда біздің тәуелсіз еліміздің стратегиялық басымдықтары болып қала береді. Біз барлығымыз еліміздің болашағы үшін және Конституциямыз арқылы белгіленген мемлекет өмірінің негізін қалаған қағидалардың сақталуына жауаптымыз.

Қазақстан полициясының қызметкерлері, Ұлттық Ұлан әскери қызметшілері алдағы уақытта да құқықтық тәртіпті, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауда өздерінің қызметтік және әскери міндеттерін адал орындайтынына сенім білдіремін»,-деп атап өтті ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.

Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай өз міндеттерін адал атқарғаны үшін республика бойынша ішкі істер органдарының 912 қызметкері ведомстволық наградалармен марапатталды.

Іс-шара соңында ІІМ Мәдени орталығы көркемөнерпаздарының, ҚР Ұлттық Ұлан ансамблінің және Астана қаласы ІІД мен Мамандандырылған күзет басқармасының вокальдық тобының қатысуымен концерт ұйымдастырылды.

 

Қазақстан Республикасы ІІМ-нің Баспасөз қызметі