Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты стратегиялық мақаласына сәйкес және Ш. Қабылбаевтың туғанына 110 жыл толуына байланысты 7 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысының Абыралы ауданына қарасты Қайнар ауылында мемлекет және қоғам қайраткері, ҚазССР ішкі істер министрі, генерал-лейтенант (ІІ рангтегі ішкі қызмет генералы) ІІМ еңбек сіңірген қызметкері Шырақбек Қабылбайұлы Қабылбаевтың ескерткіші салтанатты жағдайда ашылды.
Салтанатты шара барысында «ІІО және ҰҰ ардагерлерінің қазақстандық ұйымы» ҚБ-нің төрағасы, милиция генерал-майоры Ө.Қ. Болсамбеков, «Генералдар кеңесі» РҚБ Президиумының төрағасы, әділет генерал-майоры Р.Е. Қайдаров, Павлодар облысы ІІД Ардагерлер кеңесінің төрағасы, әділет генерал-майоры Т.Д. Дуабеков, Қарағанды облысы ІІД Ардагерлер кеңесі ұйымының төрағасы Ж.К. Нұрпейісов жиналғандар алдында сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті.
– Ш. Қабылбаев Қазақ ССР-нің ішкі істер министрі лауазымына екі рет тағайындалды. Еліміз үшін аса ауыр жылдарда Ш. Қабылбайұлы қазақстандық милицияның мәртебесін көтеріп, қызметін жетілдіруге барлық жағдай жасады. Ол өте әділ, адамгершілік қасиеттері мол адам болатын, – деп атап өтті Рүстем Есімханұлы Қайдаров.
– Шырақбек Қабылбайұлы аңызға айналған тұлға, жан-жақты адам еді. Ол 1956 жылы Алматыдан бірінші республикалық милиция мектебін ашты. Ішкі істер министрлігінің қызметі қалыптасуына және дамуына өлшеусіз үлес қосты, – деді Өмірзақ Қоспанұлы Болсамбеков.
Қол жеткізген жетістіктері үшін оның Еңбек Қызыл Ту орденімен (1956, 1967), Ленин Орденімен, «Қызыл жұлдыз» Орденімен (1945 ж.), көптеген медальдармен марапатталғанын атап өтуге болады. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «КСРО ІІМ-нің Құрметті қызметкері» белгісімен марапатталған. Республиканың Жоғарғы Кеңесіне бірнеше рет депутат боп сайланды.
Ш.Қ. Қабылбаевтың ішкі істер саласындағы кадрлық және мемлекеттік саясатты іске асыруда ел алдындағы еңбегін ескере отырып, 2014 жылғы 9 желтоқсандағы № 1287 Қазақстан Республикасы Үкімет Қаулысымен оның есімін есте мәңгілік сақтау мақсатында Қазақстан Республикасы ІІМ Қостанай Академиясына Шырақбаев Қабылбаевтың аты берілді.
Қазақстан Республикасы ІІМ-нің Баспасөз қызметі