2018 жылғы 27 қыркүйекте Астана қаласындағы «Көрме» орталығында ІІМ Әкімшілік полиция комитеті мен қоғамдық тәртіпті күзетуге қатысатын жеке күзет ұйымдарының өкілдерімен кездесу өтті.
Жеке күзет ұйымдары ішкі істер органдарына қоғамдық орындар мен көшелерде қоғамдық тәртіпті күзетуге, қылмыстың жолын кесу және «ізін суытпай» ашуға жәрдемдеседі.
Ағымдағы жылы мемлекеттік емес 34 күзет құрылымы 300-ден астам қылмыстық және 700 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті. Сондай-ақ олар күзетілетін нысандардағы 500 ұрлыққа тосқауыл болды.
Кездесу барысында Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Т. Мұсақанов Ішкі істер министрлігі Қазақстан Республикасы күзет ұйымдары ассоциациясымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайтынын атап өтті. Қазіргі уақытта жеке күзет ұйымдары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесінде сенімді көмекші болып табылады.
Жұмыс кездесуінің соңында ІІМ өкілдері қатысушыларға алғысын білдіріп, оларды Күзет ұйымы күнімен құттықтады. Қоғамдық тәртіпті сақтауға белсене қатысқандары үшін ІІМ-нің грамоталарын табыс етті.
Анықтама: Қазіргі уақытта ІІМ-нің Бақылау кеңесі және Күзет ұйымы ассоциациясы аясында күзет қызметі саласындағы заңнамаларды жетілдіру мәселелері шешімін табуда.
Қазақстан Республикасы ІІМ Баспасөз қызметі