14 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінде министр Қалмұханбет Қасымов, министрліктің басшылық құрамы, ішкі істер органдары, қылмыстық-атқару жүйесі, төтенше жағдайлар және Ұлттық ұлан қызметкерлері мен ардагерлерінің қатысуымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күнін мерекелеуге арналған салтанатты іс-шара өтті.
Министр өз сөзінде Бірінші Президент – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың басшылығымен ширек ғасыр уақыт ішінде экономикасы тұрақы және мықты мемлекет болып қалыптасқанымызды атап өтті.
Еліміз одан әрі қарқынды дамуы үшін сенімді құқықтық тәртіп пен қауіпсіздік, тұрақтылық және азаматтардың конституциялық құқығын тиімді қорғау – ең басты міндеттер болып табылады. Сондықтан тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы кезеңінде ішкі істер органдары маңызды рөл атқарады. Осы жылдар ішінде ІІМ жүйесі үнемі жетіліп, даму үстінде болды. Жеке құрам небір күрделі кезеңдерде үлкен сынақтарды бастан өткерді. Ішкі істер органдары еліміздегі мемлекеттік биліктік негізгі тірегі және бұдан әрі де солай болып қала береді, – деді министр.
Тәуелсіздік жылдарында қызметтік борышын үлгілі орындағаны үшін және ерлігі мен қайсарлығына орай, ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның 1246 қызметкері мемлекеттік марапаттарға ұсынылса, соның 108-іне қаза тапқаннан кейін берілді. Ерлікпен қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасов пен бүгінде қызметін атқарып жатқан полковник Қайрат Үмбетовке ең жоғарғы – «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Өкінішке қарай, осы кезеңдерде қызметтік борышын өткеру кезінде 946 қызметкер қаза тауып, 2353-і жарақаттанды.
Әскери және қызметтік борышын үлгілі орындағаны үшін және заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету кезінде көрсеткен ерлігі мен қайсарлығына орай, Мемлекет Басшысының Жарлығымен ІІ-ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен ішкі істер органдары, қылмыстық-атқару жүйесі, төтенше жағдайлар мен Ұлттық ұланның 38 қызметкері наградталды. Сондай-ақ министрдің бұйрығымен ішкі істер органдары, қылмыстық-атқару жүйесі, төтенше жағдайлар және Ұлттық ұланның 755 қызметкері марапатталды.
Салтанатты шараның соңы ішкі істер органдары бөліністері арасында өткізілген «Ел жүрегі – Астана!» республикалық патриоттық әндер байқауы лауераттарының мерекелік концертіне ұласты.
Қазақстан Республикасы ІІМ Баспасөз қызметі