ҰЛТТЫҚ ҰЛАН ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ШЫҒАРЫЛДЫ

ҰЛТТЫҚ ҰЛАН ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ШЫҒАРЫЛДЫ

Астанада Ұлттық ұланның басшылық құрамының қатысуымен Әскери кеңестің отырысы болып өтті. Аталмыш жиында әскердің 2018 жылғы қызметтік-жауынгерлік әрекетінің қорытындысы өткізіліп, ағымдағы кезеңге тапсырмалар анықталды.

ҚР Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов төрағалық еткен Әскери кеңес жұмысына Президент көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғабит Байжанов, Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары әділет полковнигі Бірлік Тәшімов, өңірлік қолбасшылық қолбасшылары мен әскери бөлім командирлері, Әскери институт бастығы және олардың тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары қатысты.

Отырысты ашқан ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов 2018 жылы Ұлттық ұланнның алдына қойылған тапсырмалар толық көлемде орындалғаны туралы айтып өтті.

- Бірінші кезекте ұландықтар күшімен қалаларда қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп қамтамасыз етілді. 5 мыңнан аса әскери қызметші республика бойынша күнделікті қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. Өткен жыл ішінде ұландықтармен 38 мың құқық бұзушы құрықталды. Әскери қызметшілермен аса маңызды нысандар мен түзету мекемелері күзетіліп, сот отырыстары мен сотталушыларды тасымалдау үздіксіз өткізілді. Төтенше жағдайлардың алдын алу мен кесірін жою бойынша үлкен жұмыс атқарылды. 850-ден аса әлеуметтік-саяси және мәдени-спорттық шаралардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.

Президент көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғабит Байжанов Мемлекет басшысымен әскери қызметшілердің әлеуметтік мәселелеріне ерекше көңіл аударылып жатқанын айтты. Осыған байланысты Отан қорғаушылардың жалақысы көтеріліп, тұрғын үй мәселелері шешілуде. Бұл тұрғыда әскери қызмет әр әскери қызметшіні мемлекеттік қауіпсіздік мүддесінде үнемі жоғары қызметтік-жауынгерлік дайындықта болуға міндеттейді.

- Ұлттық ұланның «Антитеррор»  жоспарын орындау  бойынша басқа күш құрылымдармен өзара ықпалдастығындағы рөлі жоғары. Осы мақсатта арнайы мақсат бөлімшелеріне барлық қажетті жағдайлар жасалған. Оларды дайындауда ерекше Орталық бар. Өткен жылы Сіздермен ҰҚШҰ аясында «Кобальт-2018» арнайы-тактикалық  оқу-жаттығуы сәтті өткізілді. Қызметтік –жауынгерлік әрекеттің нәтижелері Ұлттық ұланның қоғам мен халық алдындағы рөлін айқындайды. Сондықтан Сіздерге еліміздегі қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша үлкен міндеттер жүктелген, - деді Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғабит Байжанов.

 Отырыста негізгі баяндамамен ҚР Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов сөз сөйледі.
Өз баяндамасында әскердің Бас қолбасшысы Ұлттық ұланның өткен жылғы қызметтік-жауынгерлік  әрекетінің нәтижесін қорытындылап, кейбір қиындықтарға қарамастан Ұлттық ұлан алдына қойылған тапсырмалардың барлығы толық көлемде орындалғаны туралы баяндап берді.

Әскери кенес отырысында сондай-ақ, өңірлік қолбасшылықтар қолбасшыларының есептері тыңдалды.

Отырысты қорытындылай келе, Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов  командирлер мен барлық деңгейдегі бастықтардың назарын әскердің жауынгерлік дайындығы мен даярлығына, әскери тәртіп пен әскердегі құқықтық тәртіпті сақтауға  аудартып, 2019 жылға нақты тапсырмалар қойды.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі