ВЕДОМСТВОАРАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КОМИССИЯДА СУ ТАСҚЫНЫ КЕЗЕҢІНЕ ӘЗІРЛІК ҚАРАЛДЫ

ВЕДОМСТВОАРАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КОМИССИЯДА СУ ТАСҚЫНЫ КЕЗЕҢІНЕ ӘЗІРЛІК ҚАРАЛДЫ

2019 жылғы 6 ақпанда ҚР ІІМ ТЖ комитетінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А.Ұ. Маминнің төрағалығымен Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның отырысы өтті.

Отырысқа комиссия мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың басшылары мен лауазымды тұлғалары, бейнеконференция режимінде облыстар, Астана, Алматы және Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары, төтенше жағдайлар департаменттерінің бастықтары қатысты.

Ішкі істер министрі Қ.Н. Қасымов «2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қатерінің алдын алу және оларды жою бойынша шаралар кешені» Жол картасын іске асыру туралы баяндады.

Жол картасында 600-ден астам іс-шараны жүзеге асыру көзделгені атап өтілді. Өткен екі жылда 174 қорғау бөгеті салынды және нығайтылды, 119 гидротехникалық құрылыс, өткізу қабілетін арттыра отырып 64 көпір жөнделді.

Жетекшілік ететін бағыттар бойынша жұмыс туралы Ішкі істер, Энергетика, Ауыл шаруашылығы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлерінің орынбасарлары сөз сөйледі, олар болжам, су тасқыны кезеңіне дайындық, су тасқыны суларын қабылдау үшін су қоймаларының дайындығы, жол желісінің су тасқынына дайындығы, автомобиль және темір жолдардың су басуына жол бермеу шаралары туралы баяндады.

Су тасқыны кезеңіне әзірлік туралы Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Түркістан облыстары әкімдерінің орынбасарлары тыңдалды.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А.Ұ. Мамин су тасқыны құбылыстарына жол бермеу жөнінде алдын ала шаралар қабылдауды тапсырды. Комиссия отырысының соңында хаттамалық шешім қабылданды.

 

ҚР ІІМ ТЖ комитетінің баспасөз қызметі