Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында ішкі істер органдары мен Ішкі әскерлерінің құрметті ардагері отставкадағы генерал-майор Дәулет Салхановтың 70 жасқа толуына орай, құрметтеу кеші өтті.
Шара басында құқық қорғау ведомствосының басшысы полиция генерл-майоры Ерлан Тургумбаев Кеңес одағы тарағанға дейін-ақ генерал-майор Дәулет Салхановтың қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне, тәелсіздікке қол жеткізген жылдары құқықтық тәртіп әскері, бүгінгі Ұлттық ұланның қалыптасуы мен дамуына қажырлы қызметімен елеулі үлес қосқанын ерекше атап өтті. Сөз соңында министр өз бұйрығымен ішкі істер органдарындағы ұзақ жылғы мінсіз қызметі және жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне қосқан үлесі, сондай-ақ құқықтық тәртіп әскерінің қызметтік-жауынгерлік өміріне белсенді атсалысқаны үшін оставкадағы генерал-майор Дәулет Салхановты «Еңбек ардагері» медалімен наградтады.
Дәулет Салханов Қазақстан Респуликасы Ішкі әскерлері Қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы лауазымынан зейнетке шыққан. Құрметті демалысқа шығарып салған ұжымы – Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығына ардагер-генералдың әріптестері, достары, жақындары, сондай-ақ мерейтой иесімен ұзақ жылдар қызметтес болған жауынгер жолдастары жиналды.
Салтанатты жиын себепшісін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов та құттықтады.
- Дәулет Хамарұлы мен үшін ағамдай болып кеткен азамат. Ол менің сардарлық жолымда үлкен рөл атқарды. Мәскеу қаласындағы М.Фрунзе атындағы Әскери академияны бітірген соң, мені құрама штаб бастығы лауазымына тағайындады. Кейін Ішкі әскерлер Бас штаб бастығы боп, оның тікелей ізбасарына айналдым. Дәулет Хамарұлының әскердің Бас штабын үздіксіз 15 жыл басқарғанын айрықша атап өткім келеді. Бүгін, құрмет көрсете отырып, әскердің жеке құрамы мен өз атымнан ардагерімізге үлкен алғыс білдіремін, - деді Руслан Фатихұлы.
Ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан Ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков, ҚР Парламент депутаты генерал-лейтенант Абай Тасболатов, Қазақстан генералдары Кеңесінің атынан генерал-майор Тұрсын Айжулов, оставкадағы полковник Исмаил Абизов, Бексұлтан Сәрсеков және басқа да сыйлы қонақтар да Дәулет Салхановқа деген ықылас-лебіздерін білдірді.
Дәулет Хамарұлы әскери қызметке ғұмырының 40 жылын арнаған сардар. Офицерлік жолын Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қаракемер кентіндегі оқу полкінде взвод командирі лауазымынан бастаған.
Қазақстан Ішкі әскерлеріндегі қызметі Фрунзе (бүгінде Бішкек), Целиноград (қазіргі Нұр-Сұлтан) және Қарағанды қалаларында өтті.
Болашақ генерал 1979 жылы Мәскеу қаласындағы М.Фрунзе атындағы Әскери академияны бітірген. Ал 1992 жылдың желтоқсанында полковник Дәулет Салханов Қазақстан Республикасы Ішкі әскерлері Қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы лауазымына тағайындалады.
Атап өтерлік бір факт, Дәулет Хамарұлы кеңестік кезеңнен бері Ішкі әскер генералы атанған тұңғыш қазақ. «Генерал-майор»жоғары әскери шені оған 1993 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен берілген. Сондай-ақ, ол ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері және «ҚР ІІМ еңбек сіңірген қайраткері».
Дәулет Хамарұлы бүгінде «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Бас әскери прокуратурасы жанындағы Заңдылықпен қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі Консультативтік кеңес төрағасының орынбасары.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі