Ішкі істер органдары қызметінің мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Марат Қоғамов бастаған кеңес мүшелері қоғамдық мониторинг шеңберінде бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы ІІМ-нің Орталық госпиталын аралады, деп хабарлайды ҚР ІІМ-нің баспасөз қызметі.
Қоғамдық кеңес мүшелері аурухана құрылымына кіретін және елордадағы медициналық университеттің клиникалық базасы болып табылатын сәулелі диагностика, зертхана бөлімшелерін, ота жасау бөлімдерін аралап, госпиталдың құрал-жабдықтары мен мүмкіндіктерін саралады. Госпиталь ішкі істер органдары қызметкерлері мен олардың отбасыларына, әр өңірден келетін ардагерлерге медициналық көмек көрсетеді.
Қоғамдық кеңес төрағасы өз кезегінде емдеу процестерін ұйымдастыру және госпиталдың қызмет бағытына қатысты сұрақтар қойды. Сонымен қатар мекеме қызметкерлерімен кездесу барысында М.Ч. Қоғамов Кеңестің өкілеттілігі мен міндеттері, медициналық көмек көрсету қызметін жетілдіру сұрақтары бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарастыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелеріне тоқталды.
Кездесу барысында ІІМ-нің медициналық басқармасының басшылығы Орталық госпитальдің 212 орынға арналғанын, күндізгі емханада бір ауысымда 500 адамға дейін қабылданатыны, медициналық-санитарлық көмек көрсету халықаралық талаптарға сай екені туралы айтып өтті.
Қоғамдық кеңестің жақында құрылған жаңа құрамы бүгінде өз жұмысын жаңа форматта ұйымдастыруда. Осы аптаның ішінде кеңес мүшелері астаналық қылмыстық-атқару жүйесі және төтенше жағдайлар департаменттерінің жұмысына қоғамдық мониторинг жасап, олардың нәтижелері бойынша нақты ұсыныстар жасалатынына сенім білдірді.
Қазақстан Республикасы ІІМ Баспасөз қызметі