Ішкі істер министрлігінде Отан қорғаушылар күніне және Ұлы Отан соғысының Жеңіс күнін мерекелеуге арналған салтанатты іс-шара өткізілді. Бұл іс-шараға министрліктің басшылығы және орталық апараттың жеке құрамы, ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері қатысты.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев құттықтау сөзінде бірінен соң бірі келетін екі мейрамның жеңімпаздар мен қазіргі Отан қорғаушылар арасындағы әскери дәстүрдің сабақтастығын айғақтайтынын атап өтті. Ұлы Отан соғысындағы жеңіс мыңдаған құрбандардың, орасан қайғы-қасіреттің құнымен келді.
Ол сондай-ақ, Ұлы Отан соғысына қатысқан 3 мыңнан астам майдангердің елге оралған соң ішкі істер органдары қатарында қызмет атқарғанын мәлімдеді. Бұлардың арасында Кеңес Одағының Батырлары, Даңқ орденінің толық иегерлері болды. Бұл ержүрек батырлар полицияның қиын да, қауіпті қызметінде қайсарлық пен табандылықтың жарқын үлгісін көрсетті. Майдангер-ішкі істер органдары қызметкерлерінің 20-дан астамы жоғары генерал атағын алды.
Қазіргі жастар мен одан кейінгі жас буынның бойындағы патриоттық сезімді шыңдап тәрбиелеуде басты үлгі болып қалатын біздің жеңістеріміздің тарихын атап өту – киелі парызымыз, – деп мәлімдеді Е. Тұрғымбаев.
Тәуелсіздік жылдары қызметтік борышын өтеу кезінде 787 қызметкер қаза тапты, 351 қызметкер жарақат алды. Олардың ерлігі құқық сақшылары қатарында қызметтік борышын адал атқарудың озық үлгісіне айналды, деп атап өтті ішкі істер министрі.
Ведомство басшысы бұдан соң барлық қатысушыларды Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның үздік қызметкерлеріне, сондай-ақ ардагерлерге мемлекеттік және ведомстволық наградалар тапсырды.
Мемлекеттік наградалармен ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның барлығы – 29, ведомстволық наградалармен 628 қызметкері наградталды.
Мерекелік шаралар барысында қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан Ішкі істер органдары қызметкерлері мен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы жауынгерлерінің монументіне гүл шоқтары қойылды.
Шараның соңы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы ән-би ансамблі мен ІІМ Мәдени орталығының шығармашылық ұжымы дайындаған мерекелік концертке ұласты.
Қазақстан Республикасы ІІМ Баспасөз қызметі