ТУРНИР ЖЕҢІМПАЗЫ ІІМ КОМАНДАСЫ

ТУРНИР ЖЕҢІМПАЗЫ ІІМ КОМАНДАСЫ

ҚР Ішкі істер министрінің кубогына арналған құқық қорғау органдары және арнаулы ұйымдар арасында VIII салалық қоғамдық спартакиада аясында волейболдан турнир өтті. «Алатау» спорт кешенінде өткен турнирді Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция полковнигі Алексей Калайчиди алғысөзімен ашты.

«Спартакиада қатысушылары сіздерді ІІМ басшылығы атынан құттықтап, тартысты турнирде сәтілік тілеймін. Бұл турнир еліміздің астанасында осымен 8-рет «Динамо» денешынықтыру спорт қоғамының спартакиадасы щеңберінде өткізіліп отыр. Мұндай спорттық шаралар барлық күш құрылымдарын біріктіріп, оларға спортпен шұғылдануларына мүмкіндік береді. Бүгінгі бақ сынап жатқан барлық командаларға сәттілік тілеймін. Ішкі істер министрінің кубогына арналған волейболдан турнирді ашық деп жариялаймын», – деді министрдің орынбасары.

Спартакиаданың ашылуында ҚР ІІО және Ұлттық ұланның ардагерлер кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков те сөз сөйледі. Ол өз сөзінде: «Бүгінгі турнир екі атаулы дата Отан қорғаушылар және Жеңіс күні мерекелері қарсаңында өткізіліп отыр. Осы орайда ҚР ІІО мен ҰҰ қазақстандық ардагерлері кеңесінің атынан осы мерекелермен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Барлықтарыңыздың отбасыларыңызға амандық, елімізге тыныштық, әр бастаған істеріңізге береке тілеймін. Министрдің кубогына арналған турнирде спортшыларымыз тартысты ойын көрсетеді деп сенемін. Кіл мықтының ішінен ең мықты жеңіске жетсін», – деді. 

Волейболдан күш құрылымдары арасында өткен турнирге 8 бірдей команда қатысты. Олар: Ішкі істер министрлігінің, Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Мемлекеттік күзет қызметінің, ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің, ҰҚК Шекара қызметінің, Ұлттық ұланның және ІІМ Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының командалары. Бокстан 2 дүркін олимпиада о йындарының күміс жүлдегері Болат Жұмаділов спартакиаданың қадірлі қонағы болды. Ойынға Дәулет Хамзин төрешілік еткенін айта кетейік. Сегіз команда бақ сынаған турнирдің жеңімпаздары анықталып, оларды министрдің орынбасары Алексей Калайчиди марапаттады.

Жарыс қорытындысы бойынша ҚР ІІМ командасы I орынды иеленіп, Ішкі істер министрінің кубогын жеңіп алды. II жүлделі орынды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі командасы қанжығаласа, III орынға ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар министрінің командасы табан тіреді. Жарыстың үздік ойыншылары анықталып, түрлі аталымдар бойынша марапатталды. «Үздік шабуылшы» аталымы Төтенше жағдайлар комитеті командасының ойыншысы Нұрхан Сейтасановқа, «Үздік либеро» аталымы ҰҚК Шекара қызметі командасының ойыншысы Денис Ровкинге, «Үздік жаттықтырушы» аталымы ҰҚК Шекара қызметі жаттықтырушысы Гафурджон Алимовке берілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль, дипломмен марапатталды.

Қазақстан Республикасы ІІМ-нің Баспасөз қызметі