Қазақстанда адам саудасына қарсы күреске ерекше назар аударылады. Осыған байланысты ІІМ-де алғаш рет өңірлермен бейнеконференция режимінде Адамдарды заңсыз алып кетуге, әкелуге және саудасына саудасына қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өткізілді.
Іс-шараға ҚР Парламент Сенатының депутаты, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Айтпаева, ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия хатшысы Тастемір Әбішев, мемлекеттік органдардың басшылары, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, оның ішінде «Мейірімділік» ерікті қоғамы» ҚҚ-ның директоры Аружан Саин және бейнебайланыс арқылы қашықтан қосылған әкімдіктер жанындағы адам саудасына қарсы күрес жөніндегі комиссиялар мүшелері қатысты.
Қатысушылар бала еңбегінің ең нашар нысанының, кәмелетке толмағандарды жыныстық қатынасқа пайдаланудың және оларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және жол бермеу, адам саудасының құрбандарына көмек көрсететін ҮЕҰ-ға мемлекеттік қолдау көрсету мәселелерін талқылады.
Елімізде бала еңбегіне жол бермеудің пәрменді механизмі құрылды, балалар еңбегінің ең нашар нысандарына балаларды тартқаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделді. Алайда еңбек заңнамасын бұзу фактілері әлі де кездесуде.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев полиция жыл сайын адам саудасына байланысты 300-ге жуық қылмыстық іс қозғап, 170-ке тарта кінәлі адам сотталып жатқанын хабарлады. Жүздеген жәбірленушілер анықталуда. Олардың төрттен бір бөлігі кәмелетке толмағандар екендігі ерекше алаңдатады, сондықтан кәмелетке толмағандар мен жастардың құқықтарын қорғау – өзекті мәселелердің бірі.
Балалардың еңбегін заңсыз пайдалануды анықтау үшін кенеттен тексеріс жүргізу қажет, алайда Кәсіпкерлік кодекс бойынша тексеріс жүргізу туралы жұмыс берушіге бір тәулік бұрын хабарлау қарастырылған. М. Қожаев осы Кодекске түзетулер енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Сөз сөйлеушілер баланың жыныстық қол сұғылмаушылыққа байланысты әлеуметтік-осал жағдайға түсу қаупінің негізгі факторлары – отбасындағы жанжалдар, ата-аналарының ішімдік ішуі, әлеуметтік қорғалмауы болып табылатынын атап өтті. Мысалы, осындай 328 қылмыстың 316-сын туыстары немесе таныстары жасаған.
Комиссияда адам саудасының құрбандарына көмек көрсететін үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде жасалатын көмек талқыланды. Алматы қаласы әкімдігінің Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Рахат Шимашева адам саудасының құрбандарына арнайы әлеуметтік қызмет көрсету жөніндегі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың іске асырылуы туралы ақпарат берді.
Сондай-ақ, жергілікті мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен ҮЕҰ өкілдерін оқыту талқыланды, бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев пен ҚР БП жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының доценті Жанар Сейтаева егжей-тегжейлі айтып берді.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленді және құрылымдық тапсырмаларды қамтитын Хаттамаға қол қойылды.
Қазақстан Республикасы ІІМ Баспасөз қызметі