
Велосипедпен саяхаттау – Санкт-Петербург қаласының тұрғыны, бұрынғы мектеп мұғалімі, бүгінде зейнеткер Дмитрий Козицынның көптен бергі әуестігі. Ол жарнаманы мақсат етпей-ақ, бір кездері Выборгтен Владивостокқа дейін велосипедпен сапар шеккен.
Бұл жолы саяхатшы Солтүстік Пальмирадан Омбыға дейінгі жаңа бағытты таңдаған. Оның жолы Солтүстік Қазақстан облысындағы Мамлютка, Петропавл және Булаево қалалары арқылы өткен. Сапарға шыққанына 24 күн болған. Жолдың соңғы кезеңінде техникалық себептерге байланысты қосымша түнеу орны қажет болды.
Дмитрийдің байланыс тізімінен бірнеше жыл бұрын интернет арқылы танысқан қазақстандық велоспорт әуесқойының нөмірі табылды. Саяхатшы оның полицияда қызмет ететінін білмеген.
Петропавл қаласы полиция басқармасының қызметкерлері жасы үлкен саяхатшыға көмектесіп, түнеу орнын ұйымдастырды және велосипедін жөндеуге жәрдемдесті. Қалалық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Әділбек Жарасов велосаяхатшыны жеке қабылдап, жол жағдайын сұрады. Сондай-ақ оған естелік ретінде Қазақстан полициясының патрульдік көлігінің ойыншық үлгісін сыйлады. Дмитрий Козицын тәртіп сақшыларына шын жүректен алғыс білдірді.
Үйінен жырақта жалғыз саяхаттаған адам қарапайым адами қолдаудың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді. “Мен полицейлердің жұмысы оңай емес екенін әрдайым түсінетінмін. Алайда Қазақстан полициясының жылы қарым-қатынасы мені ерекше таңғалдырды”, – деп бөлісті саяхатшы.
Екі күннен кейін Дмитрий Козицын Омбыға аман-есен жетіп, теміржол арқылы үйіне қайтты.