
Павлодар облысында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқықтық тәртіпті нығайту бағытында жаңа жоба жүзеге асырылуда.
Атап айтқанда, облыстағы қалалық және аудандық полиция бөлімшелерінің кезекші бөлімдері "Жедел басқару орталығы" үлгісінде заманауи техникамен жабдықталып, аппараттық-бағдарламалық кешендермен толықтырылуда.
Бүгінгі таңда мұндай жедел басқару орталықтары облыстың барлық өңірлерінде жұмыс істеп тұр. Бұл – құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмыспен күрес және қоғамдық қауіпсіздікті сақтау жолындағы маңызды бастама ғана емес, сондай-ақ полиция жұмысының тиімділігін арттырып, тұрғындардың тәртіп сақшыларына деген сенімін нығайтуға бағытталған игі қадам.
Мәселен, Ақтоғай ауданында орнатылған бейнебақылау камераларының көмегімен 115 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді.
– Мысалы ЖБО операторларының бірі Ақтоғай ауылының тұрғыны қоғамдық орында темекі шегіп, темекі қалдығын жерге тастағанын анықтады. Бұл әрекетке байланысты әкімшілік шара қолданылып, құқық бұзушыға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жалпы, бейнекамера орнату – бұл тек бақылау құралы емес, сонымен қатар ауданымызды қауіпсіз, таза әрі тыныш мекенге айналдыруға мүмкіндік беретін тиімді тетік, – дейді Ақтоғай ауданы полиция бөлімінің бастығы Жандос Айтмұхамбетов.
Полиция тұрғындарды қоғамдық орындардағы тәртіпке мұқият қарап, әрбір әрекетке жауапкершілікпен қарауға шақырады.