
Бижанов Асылбек Базарбайұлы
(1976-1997)
Бижанов Асылбек Базарбайұлы Павлодар облысы Успен ауданы Павловка ауылында туды. 1993 жылы Успен ауылы Павловка орта мектебін бітірді. Жастайынан милицияда жұмыс істеуді армандаған және 1994 жылы Қазақстан Республикасы ІІМ Павлодар техникалық колледжіне оқуға түседі, оны 1996 жылы аяқтап, заңгер дипломын алды.
Оқу орнын аяқтаған соң 1996 жылығы тамызда кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекциясының инспекторы лауазымына тағайындалды, 1997 жылғы шілдеде кәмелетке толмағандар істері жөніндегі бөлімшесінің учаскелік уәкілі лауазымына ауыстырылды, ал 1997 жылғы 10 қазанда Павлодар қаласы АІІБ Ильичевский ҚІБ жедел уәкілі лауазымына тағайындалды. Ішкі істер органдарында қызмет атқарған қысқа уақыт ішінде Бижанов Асылбек өзін адал, жауапты және бастамашыл қызметкер ретінде танытты, самбо күресі бойынша біріншілікте колледжінің намысын қорғады.
1997 жылғы 19 қазанда қылмыстық іздестіру саласына келген соң, милиция лейтенанты Асылбек Бижанов Ильичевский АІІБ кіші жедел уәкілі Талғат Сембаевпен бірге Павлодар химиялық зауыты медициналық санитарлық бөлімінің хирургия бөліміне кезекшілікке тағайындалды, онда Павлодар қаласының тұрғыны қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған адамды емдеу үшін орналастырды.
19 қазанда кешқұрым уақытта милиция посты мен ұсталған адам жатқан палатаға қаруланған 4 адам баса-көктеп кіріп келеді де, милиция қызметкерлеріне оқ жаудырады. Асылбек сол жерде қаза тапты, ал Сембаев Талғат ауыр жараланады. Шабуыл жасағандар өздерімен бірге ұсталған қылмыскерді алып, оқиға орнынан жасырынады. Милиционерлерге оқ жаудырған адам Павлодар облыстық сотының үкімімен ату жазасына кесілді, ал оның сыбайластары түрлі мерзімге бас бостандықтарынан айырылды.
Қаза тапқан қызметкерлерді мәңгі есте сақтау мақсатында ол оқыған Павлов орта мектебінде Асылбек Бижановтың мемориалдық тақтасы орнатылды.