«Дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2024 жылғы 30 қыркүйектегі № 730 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

БҰЙЫРАМЫН:
1. «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2024 жылғы 30 қыркүйектегі № 730 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 35161 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізу қағидаларында:
2-тармақ:
14) тармақша мынадай редакцияда жазылсын: 
«14) «Жеке басты биометриялық сәйкестендіру» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі – біреуі автоматтандырылған дактилоскопиялық ақпараттық жүйедегі дактилоскопиялық ақпаратты, ал екіншісі автоматтандырылған геномдық ақпараттық жүйедегі геномдық ақпаратты қамтитын екі кіші жүйеден тұратын цифрлық ресурс;»;
16-1) және 17) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын: 
«16-1) материалдық жеткізгіштер – дактилоскопиялық немесе геномдық ақпараты бар дактилоскопиялық немесе ақпараттық карталар, магниттік, цифрлық немесе өзге де жазба түрлерін жеткізгіштер;
17) микросхема (түйіспелі немесе түйіспейтін интерфейстері бар чип) – жеке басты куәландыратын құжат иесі туралы ақпарат осы құжаттың ішінде орналастырылған цифрлық жеткізгіш;»;
22) тармақша мынадай редакцияда жазылсын: 
«22) цифрлық дактилоскопиялық карта – цифрлық нысандағы дактилоскопиялық карта.»;
5-тармақтың оныншы абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«жол жүру құжатын алғаш ресімдеген, сондай-ақ қалпына келтірген, ауыстырған жағдайларда он алты жасқа толған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың дактилоскопиялық ақпаратын жинауды және дактилоскопиялық ақпарат бойынша жеке басты верификациялау рәсімінен өткізуді жүзеге асырады.»;
29-тармақтың төртінші бөлігіне орыс тіліндегі нұсқасына өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтіні өзгеріссіз қалады;
33-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«33. Цифрлық немесе қағаз дактилоскопиялық карта осы Қағидаларға 
5-қосымшаға сәйкес толтырылады. Қағаз дактилоскопиялық карта қара, қара-көк немесе күлгін пасталы шарикті қаламмен баспа әріптерімен толтырылады.»;
38-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«38. Бояу әдісімен дактилоскопиялау кезінде ресімделген дактилоскопиялық карта планшетті электрондық сканердің көмегімен цифрлық форматқа ауыстырылады.»;
98-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«98. Келіп түскен биологиялық материалды есепке алу Ішкі істер министрлігінің жедел-криминалистикалық бөлімшесінде «ЖБС» ААЖ-да электрондық түрде және картотекада қағаз жеткізгіште жүргізіледі.»;
104-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Жойылған биологиялық материалдың ақпараттық картасы «ЖБС» 
ААЖ-да цифрлық түрде және осы Қағидаларда белгіленген геномдық ақпаратты сақтау мерзімі өткенге дейін картотекада қағаз түрінде сақталады.»;
140-тармақтың бірінші және екінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
«140. Өтініш беруші дактилоскопиялық ақпаратты цифрлық түрде алу үшін «цифрлық үкімет» веб-порталы арқылы (бұдан әрі – веб-портал) не ішкі істер органдары көші-қон қызметінің аумақтық бөлімшелеріне жазбаша өтініш береді.
Көші-қон қызметінің қызметкері дактилоскопиялық ақпаратты цифрлық түрде ұсыну туралы жазбаша өтінішті алғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде ҚБҚ базасы бойынша өтініш берушінің дактилоскопиялық тіркеуден өткені туралы мәліметтерді тексереді.»;
143-тармақтың бірінші және екінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
«143. Өтініш беруші геномдық ақпаратты цифрлық түрде алу үшін веб-портал арқылы не Ішкі істер министрлігінің жедел-криминалистикалық бөлімшесіне жазбаша өтініш береді.
Ішкі істер министрлігі жедел-криминалистикалық бөлімшесінің қызметкері геномдық ақпаратты цифрлық түрде беру туралы жазбаша өтініш қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде «ЖБС» ААЖ дерекқоры бойынша өтініш берушінің геномдық тіркеуден өткені туралы мәліметтерді тексереді.»;
144-тармақта:
екінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«дактилоскопиялық немесе геномдық ақпаратты жинауды, геномдық тіркеуге жататын адамдардың биологиялық материалын және дербес деректерін алуды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдардың қызметкерлері «ЖБС» ААЖ цифрлық ресурсының автоматтандырылған жұмыс орындарына дактилоскопиялық немесе геномдық ақпаратқа қызметтік жұмысы бойынша тікелей рұқсаты жоқ лауазымды және өзге де адамдарды жібермейді;»;
үшінші абзацтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) дактилоскопиялық, геномдық ақпараттарға, «ЖСБ» ААЖ-дың цифрлық ресурсына, ақпараттық жүйелерге (ақпаратты цифрлық жеткізгіштерге) қолжетімділік жүзеге асырылуы мүмкін үй-жайларды (жұмыс кабинеттерін) ашық қалдыруға, сондай-ақ оларды жұмыстан тыс уақытта мөрлемей қалдыруға;.»;
көрсетілген Қағидаларға 6-қосымша осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;
2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Жедел-криминалистикалық департаменті заңнамада белгіленген тәртіпте:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң мен нормашығармашылықты үйлестіру департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 


Қазақстан Республикасының 
Ішкі істер министрі    
полиция генерал-лейтенанты                                  Е. Саденов

 

Бұйрық
Дата публикации
30 декабря 2025