GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Комиссияның байланыс мәліметтері
Сенім телефоны
Жедел деректер
Все материалы
23 сентября 2024
СҚО-да бөгеттерді нығайту жұмыстары басталды

Облыста су тасқыны кезінде зардап шеккен гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру жұмыстары басталды. Оның барысын СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов тексерді. 

Жол картасы қабылданып, қаржы бөлінді, мердігерлер анықталды. Жұмыс Былғары және Заречный кентіндегі, Ойқаладағы Ущев көшесінің бойындағы және  0,8 шақырымдағы, Қызылжар ауданындағы Прибрежное, Бескөл және Тепличное ауылдарындағы бөгеттерді қамтиды. 

Сондай-ақ биотоғанның айналасындағы бөгет жөнделіп, Жеңіс саябағында ашық нөсерлік кәріз жүйесі орнатылып, жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілмек.

"Бөгеттерді нығайту және кеңейту жұмыстары мамандардың есептеулері бойынша, Есіл өзеніндегі судың максималды деңгейін ескере отырып, қатаң түрде жүргізілуде. Биылғы қатты су тасқынының барлық ерекшеліктері ескерілген. Бүкіл жұмыстарды екі айда аяқтау жоспарлануда, қорғаныс құрылымдарын қалпына келтіру  жеке бақылауымда болады", - деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желіде.

19 сентября 2024
Су тасқынынан кейінгі шаралар: Үкімет резервінен Атырау облысындағы жолдарды қалпына келтіруге шамамен 5,9 млрд теңге бөлінді

Атырау облысындағы 8 жол учаскесін салуға және жөндеуге Үкімет резервінен қаржы бөлінді. Тиісті қаулыға Премьер-Министр Олжас Бектенов қол қойды.

Құжатта су тасқыны салдарынан зақымданған жолдарды қалпына келтіруге Атырау облысының бюджетіне аудару үшін Үкіметтің төтенше резервінен ҚР Көлік министрлігіне шамамен 5,9 млрд теңге бөлу қарастырылған.

Аталған қаражаттың 4,6 млрд теңгесі облыстық маңызы бар автожолдардың жеті учаскесін, оның ішінде, «Индер – Қарабау – Сағыз», Қарабау кентіне кірме жолдар, «Сарытоғай – Махамбет», «Атырау – Индер», сондай-ақ Құлсары қаласындағы жаяу жүргіншілер жолын қалпына келтіруге бағытталады.

Су тасқыны салдарынан зардап шеккен «Индер – Қарабау – Миялы – Сағыз» автожолындағы көпір мен су өткізу құбырлардың  құрылысына шамамен 1,3 млрд теңге бөлінеді.

Айта кетейік, су тасқыны 11 жол учаскесінде елеулі қирауларға әкеліп, бес учаскеде су өткізгіш құбырларға зақым келтірді.

15 сентября 2024
Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккендерге арналған үйлердің құрылысы 100% аяқталды

15 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі су тасқынынан зардап шеккен барлық тұрғынды жаңа және жөндеуден өткен тұрғын үйлерге көшіру жұмыстарын аяқтады.

Солтүстік Қазақстанда барлығы 1394 үй сатып алынып, 1899 үй күрделі жөндеуден өтті. Петропавлда 700 үй салынып, жаңа «Бірлік» шағын ауданын құрады. Бүгінде мұнда тағы 173 үйдің құрылысы аяқталды. Баспана кілттерін салтанатты түрде табыстау рәсіміне Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қатысты.

«Тұрғындарға төзімділік танытқаны үшін және аймақты қалпына келтіруге атсалысқан барлық бизнес өкілдеріне, атап айтсақ, "Қазақстан халқына" қорының  басқарма төрағасы Болат Бидахметұлы Жәмішев, "Kazakhmys" корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Викторович Огай, "Kaspi" компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Константинович Ким, "KAZ Minerals Management" директорлар кеңесінің төрағасы Олег Николаевич Новачукке алғыс айтқым келеді. Сіздерсіз біз мұндай ауқымды құрылысты 3,5 айда бітіре алмас едік», — деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Бүгінде жаңа «Бірлік» шағын ауданында «Kaspi» компаниясы балабақша құрылысына демеушілік етуде, 600 орындық мектеп салу жоспарланып отыр. Жақында ықшам ауданға асфальт жол төселіп, автобус қатынайтын болады.

«Бүгін мен көптен күткен үйдің кілтін алғаныма өте қуаныштымын. Бәріміз үшін бұл табиғи апат өте қиын тиді. Алайда, біз төзімділік таныттық. Осы орайда, елімізге, Мемлекет басшысына, әкімдікке және құрылысшыларға, күндіз-түні дамылсыз жұмыс істеп, үйлерімізді тез арада тұрғызуға атсалысқан барша азаматқа алғыс айтамын. Мен Ойқалада тұрдым, енді жаңа үйде өмірді тың серпінмен жалғастырамыз, бұйырса мал мен бақшам болады», — деді Алима Жаманкөзова.

«Мен күллі Қазақстан халқына көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін шексіз алғысымды білдіремін. Бұған дейін Заречный кентінде үлкен отбасыммен 70 шаршы метрлік үйде тұрғанбыз. Енді жаңа ауданда кең әрі жарық үйіміз бар. Бүгін бәріміз өте қуаныштымыз», — дейді «Бірлік» шағын ауданының тұрғыны Дәурен Хамзин.

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарымен бірге су тасқынынан зардап шеккен Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарының тұрғындары жаңа және жөндеуден өткен үйлеріне толығымен қоныстанды.

13 сентября 2024
Қазақстан Үкіметі су тасқынын болжау үшін батиметриялық зерттеулерге қаражат бөлді

Президенттің су тасқыны кезеңіне дайындық жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Үкімет резервінен батиметриялық зерттеулер жүргізуге шамамен 576 млн теңге бөлінді. Тиісті қаулыға ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов қол қойды.  

Бөлінген қаражат Су ресурстары және ирригация министрлігіне бағытталады. Қаржыландырудың негізгі бөлігі жабдықтар мен техникалық жарақтарды сатып алуға, сондай-ақ зерттеулер жүргізу жөніндегі қызметтерге арналатын болады. Атап айтқанда, қаражатты «Қазсушар» ШЖҚ РМК «Су метрология» филиалына тікелей еліміздің солтүстік, батыс және орталық өңірлерінің су тасқыны қаупі бар учаскелеріне батиметриялық түсірілім жүргізуге бағыттау жоспарланып отыр.

Республикалық маңызы бар су қоймаларына батиметриялық зерттеу жүргізуді қоса алғанда, жұмыстар 2025 жылы жалғасады. Алынған деректер ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-ға су тасқынын болжау және модельдеу ақпараттық жүйесіне енгізу үшін беріледі. 

06 сентября 2024
Су тасқынынан зардап шеккен 7 393 отбасына жаңа баспана берілді

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет су тасқыны салдарын жою және зардап шеккендердің тұрғын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. 

Биылғы 6 қыркүйектегі жағдай бойынша 7 393 отбасы зақымданған мүлкінің орнына жаңа үйлер мен пәтерлерге ие болды, оның ішінде 5 313 нысан сатып алынды, 2 080 үй салынды.

Барлық 9 147 өтініш берушіге жалпы сомасы 53,5 млрд теңгеге тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге өтемақы берілді. Сонымен қатар 34 247 отбасына 12 627,7 млн теңгеге 100 АЕК мөлшерінде біржолғы өтемақы төленді. Бірінші қажеттіліктегі жоғалған заттарын сатып алу үшін 9 994 млн теңгеге 21 880 отбасына 150 АЕК-ке дейінгі көлемде қосымша төлем берілді.

19 августа 2024
СҚО жаңа шағын ауданында салынып жатқан үйлердің сапасы ерекше бақылауда

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жаңа «Бірлік» ықшам ауданындағы тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысты. Бүгінде 700 үйдің 370-і салынған.  Барлық үйлер құрылыс кестесіне сәйкес беріледі. 

Аймақ басшысы үйлерді де аралап, тұрғындармен әңгімелесті. Атап айтқанда, облыс әкімі БАҚ-та олқылықтары көрсетілген 86-шы үйде болды. Атап өткен жөн, кейбір үйлерде кемшіліктер құрылыс компаниясының күшімен дер кезінде жойылған.  

Ғауез Нұрмұхамбетов мемлекеттік органдардың, мердігерлердің және техникалық қадағалаудың жұмысында құрылыс сапасы басты назарда екенін баса айтты. Уақыттың тығыздығына байланысты жұмыс сапасы төмендемеуі керек. Оған қоса,  мердігерден жаңа үйлердің кепілдік мерзімі 2 жылды құрайды. 

Облыс әкімі қала басшылығына жаңа ықшамаудан тұрғындарынан түскен барлық өтініштерді бақылауға алып, кемшіліктерді жою үшін жедел шаралар қабылдауды тапсырды.

16 августа 2024
Олжас Бектенов қалпына келтіру жұмыстары туралы: Мемлекет басшысы алға қойған міндет мерзімінде орындалуы тиіс

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымды қалпына келтіру, сондай-ақ су тасқыны салдарынан зардап шеккендерге тұрғын үй салу және сатып алу мәселелері қаралды.

Өнеркәсіп және құрылыс, оқу-ағарту, денсаулық сақтау, энергетика, көлік министрліктерінің басшылары мен бірқатар облыс әкімдері су тасқыны салдарын жою жұмыстарының барысы туралы баяндады.

Апатты деп танылған 8 650 үйдің иесіне қайталама нарықтан үй сатып алынуда немесе жаңасы салынып жатыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, 2 569 жаңа үй салынып жатыр, олардың 619-ы толықтай дайын. 2 431 үйдің іргетасы тұрғызылды, 2 207 үйдің қабырғасы қаланды, 2 007 нысан шатыры жабылды. 

Жөнделуі тиіс 9 189 нысанның 8 939-ында (97%) жұмыстар аяқталған. Сатып алу жоспарланған 6 081 үй мен пәтердің бүгінде 4 918-і (81%) сатып алынды.

Премьер-Министр су тасқыны салдарын жою және азаматтардың мүлкін қалпына келтіру бойынша белсенді жұмыс жүргізілсе де, бекітілген кестелерден кешігу фактілері бар екеніне тоқталды.

«Мемлекет басшысының су тасқынынан зардап шеккендерді уақытылы тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі міндеті мерзімінде орындалуы тиіс. Республикалық штаб қажетті шешімдерді қабылдады, қаржы толық көлемде бөлінді. Барлық ресурстарды жұмылдырып, жұмысты жандандыру қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сондай-ақ Үкімет басшысына әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру жұмыстары туралы баяндалды.

Су тасқыны салдарынан еліміздің 6 өңірінде 11 мыңға жуық бала оқитын 40 білім беру ұйымы зардап шекті. Бұл бағытта да қалпына келтіру жұмыстары белсенді түрде атқарылып жатыр. 

Ақтөбе облысында 8 нысанға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Үкімет резервінен 6 жаңа білім беру мекемесінің құрылысына 6,2 млрд теңге бөлінді. 

Атырау облысындағы 6 нысанда жөндеу жұмыстары 50%-ға аяқталды. Сонымен қатар балабақша мен мектеп құрылысы басталды.

Батыс Қазақстан облысында 4 нысанның ағымдағы жөндеу жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланып отыр. Солтүстік Қазақстан облысында су басқан 5 білім беру ұйымының үшеуі оқу жылын бастауға дайын. Ақмола және Қостанай облыстарындағы білім беру мекемелерінде жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Аталған өңірлерде 6 нысан зақымданған, солардың біреуі бұзылып, орнына жаңа ғимарат салынады.

Сонымен қатар өңірлерде 8 медицина мекемесі зардап шекті. Үш нысанның құрылысы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында жүргізілуде. Тағы үш нысанда ағымдағы және күрделі жөндеуді қажет етеді, ал біреуінің орнына жаңа ғимарат салу жоспарланған. 

Бүгінгі таңда республикалық магистральдардың 102 учаскесінде жұмыстар толығымен аяқталды. 

Газ тасымалдау инфрақұрылымы нысандары штаттық режимде жұмыс істейді. 

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, барлық жұмыстар аяқталғанға дейін құрылыс нысандарында үйлестіру мен бақылау жұмыстарын күшейту тапсырылды.

16 августа 2024
Қанат Бозымбаев БҚО-да су тасқынынан зардап шеккендерге арналған тұрғын үйлер құрылысының қарқынын жеделдетуді тапсырды

Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін салынып жатқан үйлер құрылысының барысымен танысты.

Жұмыс сапары барысында Қанат Бозымбаев БҚО әкімі Нариман Төреғалиевпен және өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкеновпен бірге Қаратөбе ауданындағы Қоржын ауылына, Сырым ауданындағы Өлеңті мен Жымпиты ауылдарына, сондай-ақ Дерқұл, Зашаған ауылдарына және Орал қаласының Жұлдыз шағын ауданына барды.

Қоржын ауылында бір пәтерлі 3 бөлмелі 90 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Мұнда электр және жылыту жұмыстары толығымен аяқталды. 79 үйде ішкі әрлеу жұмыстары аяқталды. Нысанда 6 мердігер компания жұмыс істейді. Олармен кездесуде Қанат Бозымбаев әрлеушілер бригадаларының санын көбейтуді және құрылысты сапалы аяқтауды тапсырды.

Сырым ауданының Өлеңті мен Жымпиты ауылдарында тасқыннан зардап шеккендер үшін 68 типтік бір пәтерлі және 10 екі пәтерлі 3 бөлмелі үйлердің құрылысы жүргізілуде. Бүгінде 45 үй тапсырылды.

Орал маңында да ауқымды құрылыс жүріп жатыр. Мұнда су тасқыны кезінде жалғыз баспанасынан айырылған саяжай тұрғындары үшін үйлер салынуда. Жұлдыз шағын ауданында 17 құрылыс компаниясы 191 типтік үй салуда. Дерқұл ауылында 103 үйде әрлеу жұмыстары жасалып жатыр. Сондай-ақ Зашаған ауылындағы 70 үйде ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде, тағы 7 үйдің шатыры жабылып жатыр. 

БҚО әкімі Нариман Төреғалиевтің айтуынша, үйлердің басым бөлігі 1 қыркүйекке дейін пайдалануға беріледі. Қанат Бозымбаев құрылыс қарқынын жеделдетуді тапсырды. 

Сондай-ақ облыста 9 994 отбасы жалпы сомасы 3,7 млрд теңге болатын 100 АЕК көлемінде бірреттік төлем алған. Тағы 10 222 отбасына келген залал үшін 150 АЕК көлемінде өтемақы төленген. Өтемақылардың жалпы сомасы 3,68 млрд теңге құрады.

09 августа 2024
Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккендер үшін тамыз айында 400-ден астам жаңа үй тапсырылады

Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Ақтөбе облысы Темір, Мұғалжар, Ойыл, Қобда, Ыргыз және Әйтеке би аудандарының ауылдарында болды.

Аймақ су тасқынынан ең көп зардап шеккендердің бірі саналады – 1020 үй мен саяжай құрылысы апатты деп танылған.

«Біздің алдымызда 502 үй салу және 518 үй мен пәтер сатып алу міндеті тұр. Бүгінгі таңда 475 үй мен пәтер сатып алынды, жұмыстар 91,7%-ға орындалды. Тамыз айында 400-ден астам үйді кезең-кезеңімен тапсыру жоспарланып отыр. Құрылыста қолданылатын барлық материал Ақтөбе облысында шығарылғанын атап өткім келеді. Құрылыс материалдары жеткілікті, тапшылық жоқ», — деді өңір басшысы Асхат Шахаров.  

Бүгінде Темір ауданының Құмсай ауылында 21 үйдің әрлеу жұмыстары жүргізілуде, инженерлік инфрақұрылым тартылып жатыр. Құрылысқа BI Group компаниясы қаражат бөлді.

Мұғалжар ауданының Жағабұлақ және Бірлік ауылдарында BI Group компаниясы есебінен салынған 14 үйді пайдалануға беруге дайындап жатыр. Мердігерлер учаскелерге инженерлік желілерді тарту жұмыстарымен айналысуда. Жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша бұл ауылдарда фельдшерлік-акушерлік пункт пен балабақша құрылысы басталып кетті.

Ауқымды құрылыс Ойыл ауданында жүргізіліп жатыр. «Қамқор-Ақтөбе 2024» қоры Қаратал ауылында 128 үй және Ойыл ауылында тағы 21 үй салу жобасын қаржыландырған. Сондай-ақ, Қаратал ауылында бөгет салынуда.

Қобда ауданының Қобда ауылында 130 отбасы жаңа тұрғын үйге көшеді. Қазір мұнда 10 мердігер ұйым жұмыс істеуде. Барлық 130 үйдің қабырғалары қаланып, шатырлары жабылып, ішкі құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Ауданға Болат Өтемұратов қоры қаржылай көмек көрсетті. Жыл сайын ауылды су басуына жол бермеу мақсатында жергілікті билік өзен бойындағы қорғаныс бөгеттерін көтеріп жатыр.

Ырғыз ауданында «Қамқор-Ақтөбе 2024» қоры есебінен Ырғыз ауылында 51 үй және Нұра ауылында тағы 63 үй салынуда.  

Ақтөбе облысында барлығы 50-ден астам мердігер мекеме баспаналарды қалпына келтіру жұмыстарына жұмылдырылды. Қарқынды арттыру үшін вице-премьер Ойыл және Ырғыз аудандарына жұмыс күшін және қосымша техника тартуды тапсырды. 

«Үйлердің 95%-ы тамыз айының соңына дейін тапсырылады. 15 қыркүйекке дейін біз су тасқынынан зардап шеккендердің барлығын баспанамен қамту міндетін қойдық. Қалған 5%-ы Ырғыз ауданы, оның ішінде Нұра ауылына қатысты. Онда құрылыс жұмыстары су деңгейінің жоғары болуына байланысты бір айдан кейін басталды еді. Мен құрылыс бригадаларының санын көбейту туралы тапсырма бердім. Сонымен қатар, зардап шеккен алты ауданда жолдар, инженерлік инфрақұрылым қалпына келтірілуде. Ырғыз ауданында ауыз су және электрмен қамтамасыз ету мәселесі бар, бір ай ішінде әкімдік бұл мәселені шешуі тиіс», — деді Қанат Бозымбаев.

Анықтама: Ақтөбе облысында 4 521 отбасы жалпы сомасы 1,6 млрд. теңгеге 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек алды. 4 083 үйдің материалдық мүлкін өтеу бойынша 1,4 млрд теңге сомасына төлем берілді.

08 августа 2024
Су тасқынынан зардап шеккен 5 239 отбасыға арнайы салынған және сатып алынған үйлер мен пәтерлер берілді

Үкімет су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға тұрғын үй салу және сатып алу, сондай-ақ оларға жан-жақты көмек көрсету бойынша өңірлерде жүргізіліп жатқан жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстауда.

Қираған баспанасының орнына 4769 отбасы жаңа үй мен пәтерлерге ие болды. Сонымен қатар зардап шеккен өңірлерде 2568 жаңа үйдің құрылысы қарқынды түрде жүргізіліп жатыр, оның ішінде 470 нысан бойынша жұмыстар толығымен аяқталып, тұрғындарға кілттер табысталды. Солтүстік Қазақстан облысында құрылысы аяқталған 285 үй, Қостанай облысында – 57, Батыс Қазақстан облысында – 80, Ақтөбе облысында – 43 және Павлодар облысында – 5 үй пайдалануға берілді.

Барлық облыста су басқан тұрғын үйлерді тексеру және бағалау жұмыстары 100% аяқталды. Жалпы сомасы 49,3 млрд теңгеге 8 853 отбасы тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге тиісті төлем алды.

34 216 отбасыға 12,6 млрд теңгеге 100 АЕК мөлшерінде біржолғы өтемақы төленді. Сондай-ақ жоғалған бірінші қажеттіліктегі заттарын сатып алу үшін 150 АЕК-ке дейін қосымша төлемдер берілуде. Бүгінгі таңда 9,9 млрд теңгеге 21 869 отбасы осындай көмек алды.

Зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеу жұмыстары жалғасуда. Өңірлік комиссиялар жалпы сомасы 7,9 млрд теңгеге ШОБ субъектілерінің 455 өтінімін қарап, мақұлдады. 

Суға кеткен мал үшін берілген мемлекеттік көмек көлемі 2,8 млрд теңгеден асты.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы