Заңды түсінудің алғашқы қадамы: Ақтаулық оқушылар тергеу изоляторында

Заңды түсінудің алғашқы қадамы: Ақтаулық оқушылар тергеу изоляторында

Ақтау қаласының мектеп оқушылары тәрбие мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ерекше сапарға шықты – олар тергеу изоляторын аралап, заң әлемімен танысу мүмкіндігіне ие болды. Бұл шара облыстық білім басқармасының қолдауымен ұйымдастырылып, оқушыларға тек теориялық білім емес, өмірде заңды сақтау қажеттілігі мен жауапкершілігін түсінуге мүмкіндік берді.

 

Экскурсия мекеменің жұмыс режимі мен қамаудағылардың ұстау ережелерімен танысудан басталды. Мұндағы басты мақсат – оқушыларға заңның маңызды екенін және оны бұзудың салдары ауыр болатынын түсіндіру болды.

 

Тергеу изоляторының қызметкерлері оқушыларға тек өз мамандықтары жайлы айтып қана қоймай, қылмыстық-атқару жүйесіндегі жұмыс тәжірибелерімен де бөлісті. Олар оқушылар мен мұғалімдердің сұрақтарына жауап беріп, осы саладағы жұмыс ерекшеліктерін түсіндірді.

 

Оқушылар тергеу жүйесінен бөлек, ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы академиясына түсу мүмкіндіктері туралы да ақпарат алды. Мамандық таңдау, оқу шарттары мен мансап жолындағы мүмкіндіктер туралы тың мәліметтер жас буынға үлкен мотивация берді.

 

Бұл сапар оқушылардың заңға деген көзқарасын өзгертіп, оларға жауапкершілікті сезінуге ықпал етті. Қызметкерлер заң бұзудың ауыр зардаптары туралы айтып, заңды құрметтеу әр адамның міндеті екенін ескертті.

 

Маңғыстау облысының Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, заңды сақтау мәдениетін қалыптастыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін түрлі шараларды жалғастыра береді.