
Енді Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне ұялы телефоннан хабарлама жіберуге болады. Азаматтар үшін WhatsApp мессенджерінде «жедел желі» ұйымдастырған.
«Біз осы уақытқа дейін жұмыс істеп тұрған, яғни сенім телефоны, электронды үкімет порталындағы төрағаның блогы секілді кері байланыс құралдарына азаматтармен байланысу үшін тағы бір коммуникация арнасын аштық. Хабарламаны ҚАЖ тарапынан бұзушылықтарға тап болған кез келген адам жібере алады. Бұндай байланыс бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың құқықтарын қорғау мен сақтауды жетілдіруге ықпал етеді», - дейді ҚАЖ комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов.
Ол үшін хабарламаны немесе медиа-файлдарды WhatsApp мессенджеріндегі 8-776-677-80-77 телефон номеріне жібереді. Оларға жауап осы номер арқылы жолданатын болады.
«Кері байланыстың бұл түрі азаматтардың өтініштері мен шағымдарын қарауды жеңілдетеді деп есептейміз. Бұл жұмыс үшін оператор бекітілген, ол онлайн түрінде түскен хабарламаларға талдау және мониторинг жүргізіп, Комитеттің тиісті қызметтеріне жолдайды. Бірде бір өтініш жауапсыз қалмайды. Азаматтардың өтініштері жан-жақты әрі объективті қаралу үшін мүдделі органдардың және бас бостандығынан айыру орындарында қоғамдық бақылау жүргізетін ұйымдардың өкілдері шақыртылатын болады», - деп қосты ҚАЖК төрағасы.