
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде (қоныс-колониясы) жазасын өтеп жатқан сотталған анасынан айырылып, оны жерлеу рәсіміне қатысқаны туралы хат жазды.
Қылмыстық-атқару заңнамасына сәйкес қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде жазасын өтеп жатқандарға жұбайының (зайыбының), жақын туысының қайтыс болуына мекеменің шегінен тыс жерге қысқа мерзімге шығуға мүмкіндік беріледі.
Ол хатта жақында қайтыс болған анасына деген сағыныш сезімін білдіріп, елімізде орын алған жағдайға қарамастан өміріндегі асыл адамын жерлеу рәсіміне жіберген мекеме әкімшілігіне алғысын білдірген.
ЗК-169/4 мекемесінің психологы Айнур Яхияееваның айтуынша, «сотталған анасының қайтыс болғанын естігеннен кейін қатты эмоционалды күйзеліске түскен. Мекеме қызметкерлері өз тарапынан мүмкіндігінше психологиялық қолдау көрсеткен. Кейіннен басшылықпен келісіп, оның анасын жерлеуге қатысып келуі туралы шешімге келген».
Әрі қарай сотталған азаматтың хатынан мәтін беріледі.
«Менің есімім Данияр. Қазір Қызылордада қоныс колониясында жазамды өтеп жатырмын. Жақында өзімнің өмірімде болған жағдаймен бөлісуді жөн көрдім.
1 шілде күні басыма күтпеген жерден қара бұлт төнді, өмірімдегі ең асыл қазынам – анашымның қайтыс болғаны туралы хабар келді. Өзім түрмеде отырып, мына дүниедегі ең қымбат адамымды ақтық сапарға шығарып сала алмайтынымды ойлап көңілім одан сайын құлазыды. Қарғыс атқыр мынау ауру меннен екі мың шақырым жерде жатқан анашыма жеткізбейтінін түсіндім. Сонда да мекеме әкімшілігіне өтініш білдіріп, сұранып көруге әрекет жасадым.
Күткенімдей маған жоқ деген жауап келді... Оған әрине қазір елімізде болып жатқан жағдайды кінәлаймын. Бірнеше айдан бері осы ауру таралмасын деп, жақындарымызбен кездесулерге тыйым салынды, тіпті қалаға жұмысқа да шықпай жүрміз. Көп дүние өзгерді. Туыстарымызбен тек телефонмен байланысып отырмыз.
Асылымнан айырылған мен үшін ешқандай ауру да, себеп те маңызды болмады. Үйімнің жалғыз ұлы бола тұра, осыдан бірнеше жыл бұрын өзім «соғып қалаған» мына биік қоршаудан ең болмағанда осындай қара жамылған күні шыға алмауым жаныма қатты батты. Өмірімдегі жаныма ең жақын адамды – АНАМДЫ ақтық сапарға шығарып салмау мен үшін кешірілмейтін нағыз күнә болды.
Бостандығымнан айырылып қана қоймай, анамды соңғы сапарға шығарып сала алмаймын ба деп қатты қайғырдым. Бұл өмірде анадан ыстық, анадан асқан асыл бар ма? Оның қадірін мен неге бұған дейін түсінбедім? Егер бұл менің қателігім үшін тағайындалған жаза болса, бұл жазаның ішіндегі ең ауыры!
Басыма небір жаман ойлар келді, бір сәтке мен анашымнан жырақ егіле жыладым... Мына өмірдің мәні кетті, өміріммен қоштасуды да ойлай бастадым.
Сенесіздер ме, келесі күні мен үшін күтпеген ғажап болды. Мені қоныс –колониясының бастығы өзіне шақырып (психологтар айтқан болса керек), бір қызмектермен ертіп, анамның жерлеуіне қатысып қайтуыма рұқсат берді. Сол күні Дәулет есімді қызметкермен таксилетіп жолға шықтық.
2 мың шақырымды біз бір жарым тәулікте бірнеше таксиге отырып жүріп өттік. Мен осы хабарды дереу үйдегілерге айттым. Анамды жерлеуді мен үшін 1 күнге шегерді.
Не деген қымбат уақыт...осы аралықта анаммен қоштасып үлгердім, әкеммен әңгімелесіп, өзімнің жұбайым және балаларымды көріп мен өмірге қайта келгендей болдым. Сол күні болашағыма көз жүгіртіп, бостандыққа шыққаннан кейінге өмірімді ойладым.
Осы күндері жол бойы қайғыма ортақтасып, көңілімді жұбата білген түрме қызметкеріне шексіз алғысымды білдірдім. Сырт келбеті қатаң көрінетін колония қызметкерінің өзгенің қайғысына түсіністікпен қарап, тәуекелге бел буып, менің соңғы тілегімді орындағандарына алғыстан басқа айтарым жоқ.
Дәулет мырзаға мен үшін отбасын тастап, қорықпай менімен еріп барғаны үшін рахмет айтқым келеді. Қазіргі кезде ол да мен сияқты карантинде. Барлығы жақсы болып кетер деп үміттенемін.
Осы болған оқиға менің түрме қызметкерлері туралы ойымды түгелдей өзгертіп жіберді. Оларға да оңай емес екендігін түсіндім. Бойымды алғыс сезімі бар кезде осы оқиғамен бөліскім келді, үміттеріңзді ешқашан сөндірмеңіздер, құрметті оқымандар».
Қызылордадағы
қоныс-колониясының
сотталушысы Данияр
10 шілде 2020 жыл