
Ағымдағы жылғы 2 маусымда Атырау қаласындағы тергеу изоляторында (қамаққа алынған сотталғандарды немесе бас бостандығынан айыруға сотталған ерекше ұстау жағдайындағы сотталғандарды ұстау мекемесі) кешкі тексерістен кейін бес сотталған ұстаудың белгіленген тәртібін бұзып, қалған сотталғандар мен тергеу-қамауындағыларды да жаппай тәртіпсіздікке шақырған.
Заңсыз әрекеттерді одан әрі қарай болдырмау мақсатында жоғарыда аталған адамдар тәртіп изоляторына орналастырылды.
Атап айтарлығы, тәртіпсіздік ұйымдастырған 5 сотталған адам өлтіру, денсаулыққа қасақана аса ауыр зиян келтіру, ауыр көлемде ұрлық жасау секілді ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандары үшін жазасын өтеп жатыр.
Оқиға орнына ҚАЖ департаментінің басшылығы, прокуратура, сондай-ақ ұлттық алдын алу тетігінің (азаптаулардың және өзгеде де адамгешілікке жатпайтын, ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы алдын алу жүйесі) өкілдері келіп, сотталғандармен кездесті және олардан жауап алды.
Аталған факті бойынша, ҚР ҚК 428-бабына (қылмыстық-атқару мекемесі әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбау) сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, тексеру жүргізілуде. Қазіргі уақытта мекемедегі жағдай тұрақты, ұстау тәртібін бұзуға жол берілген жоқ.