
Сотталғандар арасында коронавирус жұқпалы ауруының таралуына жол бермеу үшін қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде шектеу шаралары енгізіліп, жазасын өтеушілердің жақындарымен кездесулері уақытша тоқтатылды.
Алайда, Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің барлық мекемелерінде сотталғандардың жақындарын бейнебайланыс арқылы кездесулеріне мүмкіндіктер берілген.
Осындай мүмкіндікке ие болғандардың бірі- КА-168/2 түзеу мекемесінде жазасын өтеуші Павел есімді сотталған.
Павел тұтқынға алынғанға дейін жеке кәсіпорында жұмыс істеген. Әрине, ол, жасаған алаяқтық ісі үшін алысқа бармады: қазіргі уақытта жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеп жатыр.
Ол үшін дәл осы күн қызықты және барлық өмірінде есте қаларлықтай болды. Өйткені, сотталған Павел темір тордың ар жағында отырып, дүниеге енді келген ұлын көремін деп еш ойламаған болатын. Әрине, баласын алғаш көргендегі оның жүзі қуаныштан бал-бұл жанды, толқып көзіне жас алды.
- Дүниеге енді келген ұлымды бейнебайланыс арқылы алғаш рет көрдім. Әрине, балам дүниеге келгенде, жанында бола алмағаным- өкінішті... Оны құшақтап, күн сайын тәтті иісін іскеп, еркелеткім келеді...
Дегенмен, маған осындай керемет мүмкіндік сыйлағандары үшін мекеме әкімшілігіне алғыс айтамын. Жақындарымызбен болған сындай бейнебайланыстар бізді жігерлендіріп, «мотивация» береді. Отбасымның аман, жағдайлары жақсы екенін көрдім. Енді бейнебайланыс арқылы ата-анамды көріп, оларда бәрі жақсы екеніне көз жеткізсем деймін, - дейді сотталған.
Айта кету керек, еліміздегі төтенше жағдайға байланысты мекемелерде ұйымдастырылған бейнебайланыстар әдеттегі қысқа немесе ұзақ мерзімді кездесулерді ауыстыру болып саналмайды. Ол тек телефон қоңырауына теңестіріледі.
Ал, сотталғандардың телефон соғуы және сөйлесу тәртібі қылмыстық-атқару заңнамасымен реттеледі.