ҚАЖ комитетінің төрағасы құқыққорғаушылармен бірге БҚО-дағы мекемелерге барды

ҚАЖ комитетінің төрағасы құқыққорғаушылармен бірге БҚО-дағы мекемелерге барды

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов ішкі істер министрінің тапсырмасымен жұмыс сапарымен Орал қаласына келді.   

ҚАЖ комитетінің басшысы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Э.Азимовамен, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың және Ұлттық алдын алу тетігінің өкілдерімен, ІІМ Қоғамдық кеңесінің төрағасы М.Қоғампен, Халықаралық түрме реформасының Орталық Азиядағы өкілі Ж.Назаровамен бірлесіп, Орал қаласындағы ҚАЖ мекемелеріне барып, ондағы сотталғандар мен тергеу-қамауындағылар ұсталатын жасақтарды және камераларды аралады.

Мекемелерді аралау барысында сотталғандардың тұрмыстақ жағдайымен, медициналық көмек көрсету, олардың тамақтануы мен еңбегін ұйымдастыру мәселелерімен танысты. ҚАЖК төрағасы қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен бірге мекемелерде жазасын өтеп жатқан азаматтарды жеке мәселелері бойынша да қабылдады.

Қазіргі таңда батыс өңіріндегі үш ҚАЖ мекемесінде: РУ-170/1 (тергеу изоляторы), РУ-170/2 (орташа қауіпсіз), РУ-170/3 (қауіпсіздігі барынша жоғары) мыңнан аса сотталған жазасын өтеп жатыр. Мекемелерде 9 шағын және орта кәсіп өкілдері 300-ге жуық сотталғанды жұмыспен қамтып отыр. Олар жиһаз, пластикалық есік және терезе, тігін өнімдерін, т.б. шығарумен айналысады.

Ж.Ешмағамбетов ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіру бойынша нақты міндеттер қойғанын атап өтті. Сотталғандарға тиісті ұстау және тәртіп жағдайларын жасау, жұмысқа орналастыру, медициналық қамтамасыз ету және жазасын өтеушілердің құқықтарын мүлтіксіз сақтау сынды басты бағыттар анықталған. Бұл бойынша заңды шаралар да қабылданып үлгерген.

Ақпараттық технологиялардың көмегімен түрлі қызмет көрсетулер енгізілген. Мәселен, ҚАЖ мекемелерінде ұстауда отырған адамдардың туыстарымен әлеуметтік-пайдалы байланыстарын қолдау мақсатында «бейнесөйлесулер» енгізіліп, сотталғандардың өтініштерін электронды түрде тіркеу үшін терминалдар орнату мәселелері пысықталып жатыр.

ҚАЖ мекемелері қызметкерлерінің және сотталғандардың тарапынан заңбұзушылықтарды болдырмау үшін бейнекамералардың саны кезең-кезеңмен артуда.

Бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтейтін адамдарды жұмыспен қамту мәселесіне ерекше ден қойылып отыр. Осы мақсатта ҚАЖ мекемелерінде өнідіріс орындарын ашу үшін кәсіпкерлерлермен түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ пенитенциарлық жүйе үшін негізгі бағыттардың бірі сотталған азаматтарға медициналық көмек көрсетудің сапасын арттыру болып табылады.

 «Әрине, бұл бағытта шешімін таппай отырған бірқатар мәселелер бар. Ол – кәсіби медициниа мамандарының жоқтығы, тозығы жеткен құрал-жабдықтар мен ғимараттар. Жұртшылық өкілдері де медицина саласын мекеме әкімшілігіне тәуелсіз болу керек деген мәселені көтеріп жүр. Біздің ойымызша, ҚАЖ мекемелеріндегі медицинамен қамтамасыз ету қызметі Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретіне берілетін болса, сотталғандар заманға сай, жаңа медицина қызметтерін алады деп сенім білдіреміз», дейді ҚАЖ комитетінің төрағасы Ж.Ешмағамбетов.

 

Анықтама үшін:

2019 жылғы 1 сәуірден бастап Алматы және Қарағанды облыстарында сотталғандарды медициналық қамтамасыз етуді Денсаулық сақтау министрлігіне беру бойынша пилоттық жоба іске асырылуда. Осы жобаның аясында медициналық қызмет көрсету азаматтық денсаулық сақтау ұйымдарымен іске асырылып жатыр және ол оң нәтижелерін беруде.