
Семей қаласының қалалық мәдениет үйінде мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдердің қатысуымен «Екі жұлдыз – 2022» облыстық шығармашылық фестивалінің гала-концерті өтті. Фестиваль Мүгедектер күні мен Балалар жылына орай ұйымдастырылды.
Семей қаласындағы №19 ҚАЖ мекемесінің қызметкерлері фестивальге қатысушыларды құттықтап, мекеменің өндірістік цехында 4 жылдан астам уақыт жұмыс істеп жүрген сотталған Айдардың (аты өзгертілді) өз қолымен арнайы жасаған, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған балансир тренажерін табыс етті.
«Жазасын өтеуші жаза басқан азаматтың сыйға тартқан балансир тренажері балалар мен жасөспірімдердің координациясын дамытуға және қозғалысын тұрақтандыруға көмектеседі. Тәрбиеленушілерімізге осы тренажерларды жасап берген Жазасын өтеуші жаза басқан азамат пен мекеме қызметкерлеріне алғысымызды айтамыз», - дейді Семей қаласының арнайы қызмет көрсету орталығының қызметкері Раушан Дайырбекова.
Фестиваль соңында қызметкерлер балаларды шын жүрекпен құттықтап, зор денсаулық, бақыт және өмірлеріне мол табыстар тіледі.
«Әрине, түрлі дертке шалдыққан балаларды көрген өте ауыр. Мақсатымыз балаларға жақсылық пен қуаныш сыйлау. Өйткені жай көңілдің өзі, кейде жай ғана жылы сөздің өзі ауруды емдеуге көмектеседі. Олармен кездесіп, әңгімелесіп, жүздерінен қуанышты көргенімізге қуаныштымыз. Болашақта өзара іс-әрекет жасау аясында балаларға арналған шахмат тақталарын жасауды жоспарлап отырмыз», - деп бөлісті мекеме бастығының орынбасары Тоқтыбаев Бауыржан.