Сотталған адам АХАЖ бөлімінде некесін қиды

Сотталған адам АХАЖ бөлімінде некесін қиды

Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің № 21 мекемесінде 100-ге жуық жазасын өтеуші бар. Олардың тоқсан пайызы ер азаматтар. Қауіпсіздігі төмен деп саналатын мекемеде жазасын өтеп жатқандар ерсі қылық танытпай, тәртіптері түзу болса белгіленген өздерінің тәртібімен сыртқа шығып, жұмыс істей алады. Тіпті сотталғандар АХАЖ бөліміне барып некесін де қия алады.
38 жастағы Максим Николаевич екі мәрте мас күйінде көлік жүргізіп ұсталған. Алдымен көлік жүргізу куәлігінен айырылған, кейін осы әрекетін қайталағаны үшін бас бостандығынан айырылған. Өз кінәсін толықтай сезінген азаматтың бостандыққа шығуына тура бір айдай уақыт қалған. Десекте, ол болашақ әйелімен келісе отырып осылайша некесін қидыруды шешкен.
Абай облысы бойынша ҚАЖД №21 мекемесіндегі жазасын өтеуші Максим Вороньконын айтуынша: - Мен ҚР ҚК-нің 346 бабы бойынша жазамды өтеп жатырмын. Сот жарты жылға бас бостандығынан айырды. Ал енді неліктен үйленуге дәл қазір шешім қабылдады десеңіз, біз бұны бұрыннан ойлап жүрген едік. Әйелім де мұнда келген болатын. Әзірге уақыт барда көп созбай некемізді қияғанымыз дұрыс деп шештік. Кәзір немесе бостандыққа шыққанда айырмашылық жоқ. ҚАЖ мекемеден шығып некемізді бостандықта қидыруға мүмкіндік болды, — деп бөлісті сотталған.
Абай облысы бойынша ҚАЖД №21 мекемесінің мамандарының айтуынша Максимның тәртібі жақсы, азық-түлік қоймасында жүк тасушы болып жұмыс атқарып жүр. Ал АХАЖ бөліміне барарда құжаттары бізде тіркелгендіктен некелерін қию салтанатына куәгер болдық дейді.
Бір ай бұрын мекеме әкімшілігіне келіп өзінің осылай неке қиғысы келетіндігі туралы өтініш білдірген. Ол өтініші уақытылы қарастырылып, белгіленген күніне мекеме қызметкерімен мекеме сыртына шығып, АХАЖ бөліміне некесін қиып келді. Бұндай шаралар таңғаларлық жағдай емес. Мұндай мүмкіндіктер жазасын өтеушілерге осыған дейінде мекемеде тіркелген. Сондықтан өмірдегі маңызды сәттерде біз оларға тек қолдау көрсетеміз дейді мекеме басшылығы.