
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №8 мекемесі әкімшілігінің хабарлауынша, некені заңдастыруға түзеу мекемесі кедергі емес. Ақтөбедегі ҚАЖ мекемелерінде неке қию рәсімінің өткізілуі таңғаларлық емес. АХАЖ мамандарының айтуынша, түзеу мекемелеріне кейде апта сайын неке қию рәсімі өтеді. Ал аталған неке биыл 20-шы болып тіркелген.
«Бұған дейін үйлену жоспарымызда болған еді. Осы қыста сүйіктіме ұсыныс жасағанмын. Тойымызды жазда жасаймыз деп келіскенбіз. Бірақ қыста істі болып, жоспарымыз болмай қалды. Соған қарамастан, бүгін міне, заңды некемізді қидырдық. Ендігі арманым – бостандыққа тезірек шығып, сүйіктім және отбасыммен бірге бақытты өмір сүріп, арман-тілектерімізді бірге жүзеге асыру», – деді сотталған.
ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) бойынша 5 жылға сотталған күйеу жігіттің бостандыққа шығуына 4 жыл бар.
«Некесін қидырып, отбасылы болған жазасын өтеуші жауапкершілікті сезініп, түзелу жолына түсіп, жаза өтеу барысында өзін жақсы жағынан көрсетуге және отбасына тезірек оралуға тырысады. Сол секілді бүгін некесін қидырған сотталғанның жаза өтеу барысында да тәртібі жақсы болып, отбасына тезірек оралатынына сенім артамыз», – деп атап өтті Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінде.