
Бүгін қазақтың рухани көсемі атанған Алаш ардақтысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай, Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты № 37 мекемесінде «Ахмет Байтұрсынов – қазақ халқының рухани көсемі» тақырыбында мәдени-шығармашылық іс-шара өтті. Шараны ҚАЖ департаментінің мемлекеттік тіл маманы Дана Достанова жүргізді. Шара барысында қызметкерлерге Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығы, кітаптары, сондай-ақ ұлт ұстазының елінің азаттығы мен жарқын болашағы жолында аманат етіп қалдырған тарихи, ғылыми еңбектері туралы мағлұматтар берілді.
Шараға белсене қатысқан мекеме қызметкерлері Кадр саясаты тобының аға инспекторы әділет капитаны Д.Оспанов ақынның «Анама хат», мекеменің заңгері Н.Әлиев «Жұртыма», өлеңдерін жатқа айтты.
«Ақын өлеңдерін оқи отырып, қазақ халқын кітап оқуға, кемел білімге деген құштарлықты арттыруға, рухани жаңғыруға, имандылыққа, мәдениеттілікке шақырғанын көруге болады. Бар ғұмырын қазақ ұлтының болашағы үшін қиған, бүкіл өмірі қуғын-сүргінмен өтсе де, ұлты үшін өлшеусіз еңбек еткен ұлттың ұлы ұстазы, халық жанашыры Ахмет Байтұрсынұлының мұралары біз үшін баға жетпес құнды қазына»,- деп бөлісті әділет капитаны Дінмұхаммед Оспанов.
Іс-шара қорытындысында қызметкерлерге Ахмет Байтұрсынұлы туралы арнайы дайындалған бейнеролик көрсетілді.