
«Мектепке жол» дәстүрлі қайырымдылық науқанына Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ЗК-169/5 мекемесінің ұжымы да өз үлестерін қосты.
Аталған іс-шараның мақсаты – аз қамтылған және көп балалы отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мектепке дайындығына қолдау көрсету.
ЗК-169/5 мекемесінің қызметкерлері көбалалы үш отбасының алты баласына жаңа оқу жылына мектепке қажетті оқу құралдары мен оқушыларға арналған сөмкелерін алып берді. Балалардың аналары мекеме ұжымына ризашылығын білдіріп, қызметтеріне сәттілік тіледі.
Балалардың жүздеріндегі күлкі мен көңілдеріндегі қуанышты көрген мекеме қызметкерлері жаңа оқу жылында оқуларыңда озат оқып, жақсы азамат болып өсіңдер деп тілектерін білдірді.