
Көкшетау қаласының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Ақмола тергеу изоляторында болып қайтты. Полиция қызметкерлерін ҚАЖ мекемелерінде тыйым салынған заттардың тізімімен таныстырды, сондай-ақ тыйым салынған заттарды тергеу изоляторларының аумағына әкелгені үшін жауапкершілік туралы ескертті.
Алдымен мекеме бастығының орынбасары Жамбыл Мәдиев әріптестерін тергеу изоляторлары қызметінің ерекшеліктерімен таныстырып, бару ережелері бойынша нұсқаулық өткізді. Ерекше экскурсияға қатысушылар күдіктілер мен айыпталушыларды ұстауға арналған камераларға барып, қамауға алынған адамдарды ұстау жағдайымен және камералық ұстаудың материалдық-тұрмыстық жабдықталуымен танысты.
Полиция батальонының қызметкерлеріне тергеу қамауына алынғандарды камерадан шығару, азық-түлік тарату, сондай-ақ бейнебақылау жүйесі арқылы тергеу жүргізіліп жатқан орынды бақылау, бейнені мекеменің кезекші бөліміне шығару тәртібі көрсетілді.
– Қызметке жақында ғана келдім, тергеу изоляторында ешқашан болған емеспін, Мен үшін бұл іс-шара өте әсерлі болды деп айта аламын. Экскурсияларды жоғары сынып оқушылары мен жастар үшін де өткізу керек. Құлыптардың дауысы мен торлардың бейнесі ұзақ уақыт естерінде қалады деп ойлаймын, – деп бөлісті жас полиция қызметкерлерінің бірі.