
Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің алдына қойған басты міндеттерінің бірі – сотталғандарды жұмыспен қамту. Сотталғандарды еңбекпен тәрбиелеу арқылы олардың түзу жолға түсуіне барынша ықпал жасау. Бүгінгі таңда ЗК-169/5 мекемесінің өндірістік аймағында он екі кәсіпкер кәсібін ашып, сотталғандарды жұмыспен қамтып отыр. Сотталғандар газоблок, құм блоктарын өндіру, қолөнер, кірпіш өндірісі, ағаш өнімдерінен жұмсақ жиһаз даярлаумен және тігін цехында киім тігумен айналысады.
«Қайсар» жеке кәсіпкерлігінде сотталғандар гипстен кәдесыйлар, балалар ойыншықтарын жасауда. Көлемі бала ұстап ойнауға ыңғайлы әрі зиянсыз, жеңіл. Күніне гипспен жұмыс жасайтын 6 сотталған 30-ға жуық әр түрлі көлемде бұйымдар шығарады. Алмас есімді сотталған гипстен мүсіндерді, ойыншықтарды жасаудың қыр-сырын жақсы меңгерген. Бостандықта суретші болып жұмыс жасаған Алмасқа сурет салу еш қиынға соқпайды.
-Гипстен жасалатын ойыншықтарға көп заттың қажеті жоқ. Алдымен әр түрлі ойыншықтың қалыптарын дайындап аламыз. Толықтай қалып дайын болған соң ең қызықты жұмыс кезі – гипсті құйып, форма алу. Бұл үшін гипсті сумен араластырып, сұйық етіп аламыз да дайындаманың үстіне құямыз. Осы кезде есте сақтап қалатын бір жайт бар. Ол сумен араласқан гипсті 2-5 минут аралығында пайдаланбаса, 10 минут аралығында қоюланып, ал 20-30 минут аралығында толықтай кеуіп кетеді. Сумен араластырылған соң гипс тез арада қатады. Гипстен жасалған бұйымдар толық кепкен соң аппақ күйінде қалдырамыз, өйткені сатып алушылар өздері оларды акварельмен және гуашпен қажетінше бояп ала алады. Қазіргі таңда мешіттің суретін гипспен қатыру арқылы жасап жатырмын. Бұл жұмысым да аяқталуға жақын қалды. Жұмысқа қажеттің барлығын шеберіміз жеткізеді. Біз тек тапсырылған жұмысты орындаймыз. Мүмкіндігінше тез әрі сапалы жасап беруге тырысамыз. Осы жұмыс арқылы мемлекет алдындағы қарызымды да өтедім. Артылғанын анама, отбасыма жіберіп отырмын. Әр түрлі макеттерді дайындау арқылы ойлау қабілетіміз дамып, ой-өрісіміз кеңейді. Гипспен жұмыс жасау – өнері өте күрделі әрі шыдамдылықты талап ететін әдіс. Сондықтанда бұйым өте әдемі және қандай материалдан орындалғандығына карай бағаланады, – деп бөлісті сотталған Алмас.