
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ЕС-164/3 мекемесінде ұлттық тағам – құрт өндірісі жолға қойылды.
ЕС-164/3 мекемесі аумағында жеті кәсіпкер өз ісін ашқан. Бүгінде олар сотталғандарды жұмыспен қамтып отыр. Бір ай бұрын мұнда құрт өндірісі жолға қойылды. Ұлттық тағамды дайындауға 5 адам жұмылдырылған. Олар екі ауысымда тәулік бойы жұмыс істеп, сәйкесінше еңбекақы алады.
«Бізге күнделікті құрт жеткізеді. Біз оны ұсақтап, түрлі қоспаларды - май, сүт, тұзды қосамыз. Салмағы 8-10 гр болатындай етіп дөңгелетіп, қалыпқа келтіреміз. Кейін кептіріп, сатуға ыңғайлы етіп 30 гр бөліп саламыз. Күніне орта есеппен осындай 700 қаптама әзірлейміз. Бір күнде шамамен 40 келі ірімшік жұмсалады. Іске кіріспес бұрын бізге қалай істеу керектігін екі күн бойы технолог үйретті. Бұрын құртты қалай істейтінін әжелерімізден көретінмін. Ал жалпы мамандығым – агроном», - дейді құрт өндіру цехының жұмысшысы Арман Мөңкебаев.
Арман Қостанай облысының тумасы, ішімдік ішкен күйі үш мәрте көлік тізгіндегені үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылған. Соның тек 4 айын ғана өтеген екен.
«Сәуір айында бізге өз ұсынысымен жергілікті жеке кәсіпкер келді. Бос тұрған ғимаратты көрсеттік, оған ұнады. Бір айда өндірісті бастауға кірісіп, цехты дайындап, қажетті қондырғыларды кіргізді. Сотталғандарды оқытып, тамақ өндірісі болғандықтан оларды арнайы медициналық тексерістен өткізіп, құжаттарын әзірледі. Тек содан кейін ғана кәсібін бастап, іске кірісті», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД ЕС-164/3 мекемесі бөлімшесінің бастығы Бауыржан Рүстемов.
Жалпы СҚО-дағы түзету мекемелерінде қазіргі уақытта 1600 сотталған бар. Еңбекке жарамды жазасын өтеушілердің бүгінде 55 %-ы жұмыспен қамтылған.