ЖЫЛДЫҢ БАСЫНАН БЕРІ ҚАЖ МЕКЕМЕЛЕРІНДЕ 400 СОТТАЛҒАННЫҢ ЗАҢДЫ НЕКЕСІ ТІРКЕЛДІ

ЖЫЛДЫҢ БАСЫНАН БЕРІ ҚАЖ МЕКЕМЕЛЕРІНДЕ 400 СОТТАЛҒАННЫҢ ЗАҢДЫ НЕКЕСІ ТІРКЕЛДІ

Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері қызметкерлерінің сотталғандармен жүргізген тиімді тәрбиелік іс-шараларының нәтижесінде 2019 жылдың басынан бері бас бостандығынан айыру орындарында (түзеу мекемелері, тергеу изоляторлары) 400 сотталғанның некесі тіркелді, оның 19-ы әйелдер болса, қалғаны ер адамдар.

Отбасын құрғандардың жасы әр түрлі: 20 жастан 62 жасқа дейінгілер, ал негізгі бөлігін 24 жас пен 38 жас аралығындағы сотталған адамдар құрайды.    

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекске сәйкес неке қию (ерлі-зайыпты болу) үшін неке жасына толған  некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) еркек пен әйелдің ерікті әрі толық келісімі болған жағдайда сотталғандар мен тергеу-қамауындағылар ҚАЖ мекемесінің әкімшілігіне өтініші жазу арқылы некесін заңды түрде тіркеуге құқылы.  

Әдеттегідей, ҚАЖ мекемелерінде сотталғандардың некесін колония әкімшілігінің келісімімен Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу қызметкерлері жүргізеді. 

Атап айтарлығы, отбасын құру жазасын өтеп жатқан азаматтардың түзелуіне оң әсерін тигізеді, өйткені отбасы және туыстық қарым-қатынастар әлеуметтік-пайдалы байланыстарды қолдауда жетекші рөл атқарады, сондай-ақ сотталғандарда заңға бағынушылық мінез-құлық қалыптастырады.

Сотталғандардың қарым-қатынасын заңдастыруға түрлі себептер ықпал етеді. Тіпті, кейде түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғандар бір-біріне үйленіп жатады. Бұл көбіне қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде (қоныс-колония) орын алады, себебі қоныс-колониялары жабық емес мекеме болып табылады, ондағы сотталғандар заң аясында қалада және мекеме аумағында еркін-тұрып жүре алады.

Темір торда өтетін неке қию салтанатының бостандықтағы дәстүрлі шаралардан айырмашылығы шамалы, дегенмен өзіндік ерекшеліктері, бар: сотталғандардың қасында туған-туыстары мен жақындары болмайды, Мендельсонның маршы ойнатылмайды, алайда сотталғандар мұндай қадамға саналы түрде барады.