
Алматы облысы бойынша ҚАЖД ЛА-155/16 мекемесінің басшылығы қаңтар оқиғасына қатысы бар тергеу-қамауға алынған адамдардың туыстары мен жақындарымен кездесу ұйымдастырды.
Тергеу изоляторының бастығы Арнай Әбдірахманов тергеу-қамаудағылардың туыстары мен жақындарымен кездесу өткізді. Кездесуде күзетпен ұстаудың, қысқа мерзімді кездесулер берудің жалпы қағидалары, сондай-ақ сәлемдемелер мен сауқаттарды қабылдау қағидалары түсіндірілді.
Күзетте ұсталатын тергеудегі адамдардың денсаулығына, сондай-ақ мекемеде медициналық қызмет көрсетуге қатысты бірқатар мәселелер егжей-тегжейлі талқыланды.
– Барлық сұрақтарға түсініктемелер беріліп, оларды шешу жолдары қабылданды. Тергеу-қамауындағылар ұсталатын мекемелерді жылумен, тамақпен, күнделікті тұрмыстық заттармен, дәрі – дәрмекпен қамтамасыз ету – қызметкерлердің негізгі міндеттерінің бірі, - деп атап өтті тергеу изоляторларының бастығы Арнай Әбдірахманов.
Тергеу-қамауға алынған адамдардың туыстары мен жақындары кездесуді ұйымдастырғаны үшін ҚАЖ департаменті мен тергеу изоляторының басшылығына алғыстарын білдірді.