
«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай рақымшылық жасау туралы» Заңының қолданылуына байланысты, Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты КА-168/2 мекемесі рақымшылыққа іліккен жазасын өтеушілер үшін «Қақпа алдында кездесу» жобасын ұйымдастырды. Кездесуге Ақтөбе қаласының Астана аудандық пробация қызметкерлері және қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары қатысты.
Аталған іс-шарада бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарға тұрмыстық жағдайы бойынша әлеуметтік-құқықтық көмектер ұсынылып, әлеуметтік және моральдық қолдау көрсету бойынша бағыт-бағдар берілді. Сонымен қатар, пробация есебіне алынған азаматтарды толық тануға арналған сұхбаттасулар жүргізіліп, жұмыспен қамту бөлімінің мамандары ҚАЖ мекемесінен босағандарға бос жұмыс орындарының тізімін ұсынып, барынша көмек көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді.
– Жалпы, «Қақпа алдындағы кездесу» жобасының мақсаты – сотталғандарды әлеуметтік және қоғамға бейімдей отырып, қылмыстың қайталануының алдын алу болып табылады, – деп бөлісті Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз хатшысы Гүлфайруз Төремұратова.