
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Байғанин аудандық пробация бөлімінің қызметкерлері осы аудандағы жалғызбасты анаға қамқорлық жасап, көмір алып берді. Көмірді қаптарға салып-түсіру жұмыстарына пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандар көмектесті.
– Қазір ауылдық жердегі тұрғындар көгілдір отынды пайдаланатындықтан, көмір жағатын осындай көмекке мұқтаж қарияларымызға көмір алдырту қиынға соғады. Оның үстіне ауылдағы бір-екі адам үшін сонау алыстан көмір әкелінбейтіні тағы бар. Сондықтан мына қыстың суығында қарияларымыз жылы отырса екен деген мақсатта пробация қызметкерлері осылай ұйымдасқанды жөн көрдік. Алдағы уақытта да мұндай қайырымдылық іс- шараларын жалғастырып, көмекке мұқтаж жандарға барынша көмек беруге ниеттеніп отырмыз және барлық ізгі шараларға есепте тұрғандарды қатыстыратын боламыз, – дейді Байғанин аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Мейрамбек Бакес.
Жалпы, жалғызбасты анаға қамқорлық танытуға ниет білдірген Байғанин аудандық пробация қызметкерлері өткен жылы өз бастамаларымен осы аудандағы үш отбасыға көмір жеткізіп берген болатын. Қайырымдылыққа бөленгендер ішінде есепте тұрған сотталғандар мен көмекке мұқтаж отбасыларда бар.