Павлодар облысы бойынша ҚАЖ мекемелеріндегі сотталғандар зағип жандарға қолдау көрсетуде

Павлодар облысы бойынша ҚАЖ мекемелеріндегі сотталғандар зағип жандарға қолдау көрсетуде

Павлодарлық колонияларда жазасын өтеушілер зағиптар үшін бірегей заттар дайындайды. Бұл туралы Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаментінде айтылды.
Ведомствода хабарлағандай, зағип және нашар көретін павлодарлықтардың өтініші бойынша сотталғандар грифельдер, Брайль әліпбиін, купюраларды анықтаушылар, сондай-ақ шахмат пен дойбыларды жасап берді.
«Колония басшылығы облыстың көптеген ұйымдарымен ынтымақтасып, тұрақты көмек көрсетуде. Бізге қандай да бір өтінішпен жүгінген кезде біз бұл туралы жасақ бастықтарына айтамыз. Олар сотталғандарға өтініш жасайды. Ары қарай бұйымдарды жасағысы келген сотталғандар, бұйымдарды істеуге кіріседі. Осындай іс - шараларға қатысқаны үшін мекеме әкімшілігі сотталғандарға көтермелеу жасап, олар бостандыққа бір қадам жақын болады», - деп түсіндірді ҚАЖД бастығының орынбасары Мақсат Әшімов.
Оның айтуынша, қазақстандық зағиптар қоғамының өкілдері АП-162/3 мекемесінің қызметкерлеріне жүгініп, мүгедектер дүкендерде жиі алданып қалатынын айтты, себебі ақшаның номиналын ұстап анықтау мүмкін емес болғандықтан, олар ақшаның купюраларын анықтайтын бұйымды жасап беруін сұрады.
«Сотталғандар өз қолдарымен купюраларды анықтайтын бұйымды жасап берді. Сыртынан қарасаң көріністе бұл баспалдақ сияқты жасалған кішкентай ғана пластина, купюраның ені арқылы, оның номиналын анықтауға болады. Сондай - ақ, купюраларды анықтаушының көмегімен дүкенге барар алдында өз ақшаңыздың санын сұрыптап алуға болады», - деді ҚАЖ департаментінде.
Көзі көрмейтін және нашар көретін мектеп-интернат тәрбиеленушілерінің өтініштері де назардан тыс қалмайды. Павлодар қаласының №7 мектеп-интернатының және облыстық арнайы жалпы білім беретін мектеп-интернатының оқушыларына қауіпсіздігі барынша жоғары АП-162/4 мекемесінің сотталғандары дүкендерде табылмайтын грифельдермен ғажайып қаламдар және брайль әліпбиін сыйға тартты.
«Үйімде мені үш балам күтеді. Қазір олардың қалай өсіп жатқанын көрмейтініме өте өкінемін. Мен өзім мамандығым бойынша жүргізушімін, бірақ ағашпен жұмыс істеу-менің хоббиім. Жасақ бастығы зағип балалар үшін Әліппе жасау керектігін жариялаған кезде, мен бірден іске кірісіп кеттім», – дейді сотталған Арсен.
Алфавитке арналған ағаш мекеменің өндірістік аймағынан алынып, бояулар мен щеткалар қолданылды. Брайль алфавитінің суреттерін мекеме қызметкерлері мысал ретінде келтіріп, төрт толық алфавит шығарып берді. Орыс әліпбиінен басқа латын әліпбиі де жасалды.
«Біздің балаларымыз ерекше. Олар әлемді ашық бояулармен көрмеседе, өздеріне арнап жасалатын заттар арқылы қажетті жылулықты сезіне алады», - дейді Облыстық арнайы жалпы білім беретін мектеп-интернатының әлеуметтік педагогы Айжан Қайыр.
Сондай-ақ, сотталғандар зағип жандарға бірнеше рет дойбы мен шахматтарды жасап берді. Бір қарағанда, олар әдеттегіден ерекшелене қоймайды, дегенмен тақтадағы квадраттар шығарылған және фигуралар қозғалған кезде шығып тұрған жерлерді ұстау арқылы анықтауға болады.
Өңірлік мамандандырылған кітапхана қызметкерлерінің өтініші бойынша қатаң режимдегі колониясының сотталғандары зағип және нашар көретін адамдар үшін 3 ай ішінде Павлодар облысы картасының макетін дайындады.
«Материал ретінде ағаш, картон, сым, қарапайым гирляндалар қолданылды. Картада қала, аудан орталықтары, көлдер және Ертіс өзені көрсетілген. Барлық атаулары Брайль әліпбиімен жазылған. Осылайша, зағиптар туған жерін елестете алады»,-деп түсіндірді АП-162/4 бастығының орынбасары Сұлтан Бакин.
Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаментінде жергілікті колониялардағы сотталғандар әрдайым нашар көретіндердің өтініштеріне қуана жауап беретінін атап өтті. Осылайша, бас бостандығынан айыру орындарында бола отырып, олар бұл әлемді өз көздерімен көре алмайтындарға қолдау көрсетуде.