Ақтөбедегі тергеу изоляторына әйел адам телефон кіргізуге тырысқан

Ақтөбедегі тергеу изоляторына әйел адам телефон кіргізуге тырысқан

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты (КА-168/1 қауіпсіздігі аралас мекемесі) тергеу изоляторының тексеру бөлмесінде мекемеге ұялы телефонын кіргізуге тырысқан тергеу-қамауға алынған адамның анасы ұсталды.
Мекеме қызметкерлері «ұрлық» бабы бойынша күдікті ұлымен кездесуге келген азаматшаны тексеріп, тексеру барысында оның сөмкесінен зарядтау құрылғылары бар ұялы телефон мен ойын картасын тапты.
- Осылайша ұлына «көмектесуге» тырысқан Ақтөбе облысының тұрғыны өз кінәсін жазбаша түрде толық мойындады. Оқиғаға байланысты азаматшаға ҚР ӘҚБтК – нің 481-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, құжаттар Ақтөбе қаласының әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған сотына жолданды, - деді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Алмас Шамишев.
Департамент бастығының айтуынша, мекеме әкімшілігі тарапынан ескертулерге қарамастан, күдіктілер мен ұсталғандардың туыстарының мекемеге тыйым салынған заттарды алып кіру фактілері әлі күнге дейін тоқтатылмайды.
Мәселен, тоғыз ай ішінде Ақтөбе қаласының КА-168/1 мекемесінде тыйым салынған заттарды алып жүруге тырысқан тоғыз азамат анықталды: олардың бірі телефонды шампунь ыдысына, екіншісі аяқ киімге, ал үшіншісі телефонды іш киіміне тығып қойған.