ҚАЖ комитетінің төрағасы ТМД пенитенциарлық жүйе басшылары кеңесінің VI отырысына қатысты

ҚАЖ комитетінің төрағасы ТМД пенитенциарлық жүйе басшылары кеңесінің VI отырысына қатысты

Шара гибридтік (аралас) үлгіде, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының 7 елімен ынтымақтастықта өтті, оған ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы әділет генерал-майоры Жанат Ешмағамбетов те қатысты.
Сондай-ақ, отырысқа Ресей Федерациясынан Жазаларды орындау федералдық қызметі (ФСИН), Армения Республикасы Әділет министрлігінің Қылмыстық-атқару қызметінің, Беларусь Республикасы ІІМ Жазаларды орындау департаментінің, Қырғыз Республикасы Әділет Министрлігі жанындағы Жазаларды орындау мемлекеттік қызметінің төрағасы, Тәжікстан Республикасы Әділет министрлігінің Қылмыстық жазаларды орындау Бас басқармасы, Өзбекстан Республикасы ІІМ жанындағы Жазаны орындау департаментінің басшылары қатысты.
Кеңес барысында бұрын қабылданған шешімдер мен жоспарларды орындау және іске асыру мәселелері қаралды. Оның ішінде, сотталғандарды қайта әлеуметтендіру, қылмысқа, терроризмге және экстремизмге қарсы күрес саласындағы өзара іс-қимыл, коронавирустық инфекция пандемиясына ден қоюдың тиімді құралдары, сондай-ақ оның қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде таралуының алдын алу жөніндегі шаралар бөлігіндегі мәселелер сөз болды.
ҚАЖ комитетінің басшысы пенитенциарлық қызметтердің басшыларымен Қазақстанның ҚАЖ жаңғырту аясында жүргізіліп жатқан жұмыстардың оң нәтижелерімен бөлісті. Ол қатысушы тараптарға елдегі пенитенциарлық жүйе қызметінің тиімділігін жақсарту үшін ынтымақтастық пен тәжірибе алмасқаны үшін зор ризашылығы мен құрметін білдірді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында барлық мекемелерде жаппай бейнебақылау жүйесін енгізу жоспарланған, бұл барлық құқық бұзушылықтарды тіркеуге және олардың туындау себептерін анықтауға мүмкіндік береді. Осы мақсаттарға қажетті қаржы бөлінді, қазіргі кезде конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Сондай-ақ, мекемелерде ұсталатын адамдарды медициналық қамтамасыз ету функцияларын денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына беру бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде», - деп бөлісті Ешмағамбетов.
Ол пенитенциарлық жүйе реформасы шеңберінде қабылданған жаңалықтарға тоқталды: тамақтану нормасын 30% - ға (686-дан 1 018 теңгеге дейін) арттырудан бастап, электрондық құралдарды, оның ішінде пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандарды қадағалауға мүмкіндік беретін қашықтықтан бақылауды енгізуге арналған құралдар туралы хабардар етті.
Естеріңізге сала кетейік, ТМД-ға мүше мемлекеттердің пенитенциарлық қызметтері басшыларының кеңесі 2015 жылы құрылған болатын. Келісімге Тәуелсіз Мемлекеттер қызметіне қатысушы мемлекеттердің басшылары 2015 жылғы 16 қазанда Қазақстандағы Бурабай кентінде қол қойды. Кеңестің негізгі міндеті пенитенциарлық қызметтердің көпжақты өзара іс-қимылын қамтамасыз ету болды.
Бүгінгі таңда қатысушы мемлекеттердің пенитенциарлық қызметтері басшылары кеңесі отырысының құрамына Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан өкілдері кіреді.